Бірнеше жыл бұрын Қазалыда бокстан КСРО спорт шеберлігіне кандидат, қамшының сабындай қысқа ғұмырында тамаша боксшы, білікті бапкер атанған марқұм Тарғын Нұралиевті еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасында облыстық турнир ұйымдастырған болатынбыз. Турнирге Тарғынның шәкірттері, бауырлары, достары, сыныптастары мен ауылдастары, кезінде сыйласқан азаматтар, ел-жұрты демеушілік жасады. Былғары қолғап шеберлері бақ сынаған байрақты бәсеке аты облыстық турнир демесеңіз, республикалық деңгейді қамтыды. Жарыстың өтуіне сол тұстағы Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев пен орынбасары Әлімжан Жарылқағановтың жанашырлық танытқанын атап өткен жөн.
Кез келген шаруаның басы-қасында ортасына беделді адамдар жүретіні белгілі. Аталмыш шараның көпшілік көңілен шығуына Тарғынның досы әрі шәкірті болған, бокстан спорт шеберлігіне кандидат Бақытбек Қазыбаев та үлкен үлесін қосты. Мұны естігенде көз көргендер аман болсын деп тебіренгенбіз.
Арада жылдар жылжыды. Жақында Бақытбекті көшеде жолықтырдым. Мені көріп қашанғы дағдысымен «ағалап» қос қолын ұсынып, сәлемдесіп жатыр. Көпшілік арасында «боксер Баха» атауымен танымал, анау-мынау менмін деген жігіттер бетіне тіке қарауға тайсалатын Бақытбектің кішілік танытқанына риза болдым. Көптен жүздеспеген екеуміз мәре-сәреміз.
Баханың тұрақты жұмысы жоқтығын, жеке тіршілігімен жүргенін естігенде көңілім құлазыды. Өзіңіз ойлап көріңізші?! Үш бірдей жоғары оқу орнын бітірген, бокстан спорт шеберлігіне кандидат нормасын орындап, көптеген жарыстардың жеңімпазы, Мәскеу қаласында бокстан ересектер арасында өткен Халықаралық турнирдің чемпионы, шаршы алаңның хас шебері, бокстың нағыз маманы жұмыс таба алмаса, қынжылмай қайтесің?! Қазалылық басшылардың құлағына алтын сырға, осы мақаланы оқыған соң мүмкін, құзыреттілер ойланар, Бақытбек Қазыбаевқа жұмыс табылар деген үміт те бар.
Сонымен… Бақытбектің аузынан шыққан төмендегі әңгімені оқырман назарына ұсынып отырмын.
– Мен спорттың бокс аталатын күрделі түріне бала жасымнан құштар болдым. Белгілі бапкер Марат Мамаев ағайдан бокс әліппесіне машықтандық. Біршама шыңдалған соң білген-түйгендерімізді тереңдете түстік. Осындай күндердің бірінде Қарағанды физкультура институының түлегі, білікті бапкер Тарғын Нұралиевпен аудан орталығындағы бұрынғы спорт мектебінде кездейсоқ жолығып қалдым. Алғашқыда шымыр да сом тұлғасына, қақпақтай жауырыны, мойнымен тұтасқан кескін-келбетіне, білегі қысқалау келгенімен, шойындай жұдырығына қарап «дәуде болсаң балуан шығарсың» деп топшылаған едім. Бейтаныс жанның бокс үйірмесінің бапкері, сол тұста есімі дүрілдеп тұрған «Тарғын танк» екенін білгенде қатты таңдандым. Десе де, жорамалым шындықтан жырақ емес екен. Тәкең бокспен қоса, күрес тәсілдеріне де өте жетік болып шықты. Әсіресе, жамбасқа салып лақтыруға аса шебер екен. «Балуанға оң-терісі бірдей» демекші, күрестің осы тәсілін екі қапталға бірдей керемет жасайтындығына кейін куә болдық. Облыс орталығында жұмыс істеп жүргенде бір мықтысынған, бойы сырықтай немені сол жамбасқа салып тартып жібергенде, әлгі сабаз шай қайнатым уақыт талып жатты.
Дайындық барысында өзге тұрмақ, өзін де аямайтын бапкеріміз бізді қайралған қылыштай шыңдады. Кейде ішімізден «өзі неткен, шаршап-шалдықпайтын жан» деп тамсанып қоямыз. Жаттығу, жүгіру, қол күшін дамыту, спаринг, қойшы әйтеуір бір тыным таптырмайды. Соққылар тізбегі, жалтарудың түр-түрі, қарсыласқа қарсы жоспар құру баршасы «Тарғын танктың» назарынан қалыс қалмайды. Біз де шаршағанымызды ұмытып, жаттығуға құлшына кірісеміз. Осындай қызықты күндердің бірінде әскер қатарына шақырылдым. Борышымды өтеп елге келсем, Тарғын бапкерім облыс орталығына қызмет ауыстырыпты. Көп ұзамай мен де Байқоңыр қаласына барып, танымал бапкер Серік Сәндібеков ағайдан тәлім алуды жалғастырдым. Серік ағайдың баптауымен Байқоңыр қаласының атынан шаршы алаңға шығып, талай жарыстарда топ жардым. Мәскеудегі Халықаралық турнирде чемпиондық тұғырға көтерілдім. Бокстан спорт шеберлігіне кандидат нормасын орындадым, – дейді Бақытбек Қазыбаев.
Жұлдызың жоғары болсын, чемпион!
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!