21-30 қараша аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Даби қаласында ересектер арасында әлем чемпионаты өтті, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі kazinform сайтына сілтеме жасап.
Дүниежүзілік додада кикбоксингтен Қазақстан құрамасының мүшесі, қызылордалық Нұрасыл Тілектесов 51 килограмм салмақ дәрежесінде төрт кездесу өткізіп, барлығында қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Сөйтіп, екі жылда бір рет ұйымдастырылатын кикбоксинг спортынан тұңғыш рет екі дүркін әлем чемпионы атанды. Бұл – Қызылорда облысының тарихында жерлесіміз қол жеткізген тұңғыш тарихи жетістік.
- Жарысқа 85 елден мыңға жуық өкіл қатысты. Мен Түркіменстан, Украина, Венгрия және Әзірбайжаннан келген қарсыластармен сынға түстім. Қай-қайсысы да өте мықты болды. Дегенмен, бәрін айқын басымдықпен жеңдім, — деді Нұрасыл Тілектесов.
21 жастағы чемпион Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде оқып жүр. Ол бұған дейін Азия және әлем кубоктарының, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы және халықаралық турнирлердің жүлдегері атанған. Талантты спортшы осылайша ел мерейін талай мәрте асқақтатып үлгерді.
Бұл жолғы жаһандық жарысқа онымен бірге Қызылорда облысынан тағы бір кикбоксшы Диас Қарманов қатысып, 2-орынды еншіледі.
Айта кетейік, Нұрасылдың алғашқы жаттықтырушысы Нұрбек Жармаханов болса, қазіргі жеке бапкері – Қайрат Байқуатов.
Фото Нұрасыл Тілектесовтің архивінен
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!