Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақтың тұңғыш олимпиада чемпионы неге ұмытылды?

29.10.2024, 9:55 803

HALYQLINE.KZ

Біз көпке дейін қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы 1980 жылғы Москва олимпиадасында жеңіске жеткен Жақсылық Үшкемпіров деп ойладық. Жақсылық ағамызға бар қошемет көрсетіліп, Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді, көзі тірісінде өзінің лайықты бағасын алып және халықтың қошеметіне бөленіп жүрді. Осындай атаққа лайық қазақ бар болатын. Ол 1972 жылы Мюнхен олимпиадасында АҚШ-тың құрама командасын ойсырата жеңген СССР-дың баскетбол командасындағы 12 ойыншымен бірге 7-ші нөмірлі ойыншысы Әлжан Жармұхамедов те алтыннан медаль таққан болатын. Американың бұқаралық ақпарат құралдары қазақ деген ұлтты білмегендіктен, бойы 207 сантиметр Әлжанды «түркістандық жылан» деп атап, тамсана жазды. Екі раундтан тұратын 40 минуттық ойында Әлжанға 2 минуттан 2 рет демалуға ғана рұқсат берді. Оның орнын басатындай ойыншы жоқ еді. Ойын кезінде еңкіш тартып доп ұстап ирелендеп кедергіден оңай құтылып жүгіретін Әлжанның бойының ұзындығы шығыршыққа доп тастар кезде барысша атылғанда ғана барынша білінетін және допты қиналмай тастайтын әдісіне қарай «түркістандық жылан» деп атады, қалай дәл тауып қойған. Келесі 1973 жылы АҚШ-тың NBA баскетбол клубы Әлжан Жармұхамедовты келісімшартпен бір жылға 1 млн 500000 доллармен шақырған болатын. Капиталистік ел болғасын, әрине бармайтын да, қауіпсіздік комитеті елден шығармайтын да еді.

Әлжан Мүсірбекұлы Жармұхамедов 1944 жылдың 2 қазанында Оңтүстік Қазақстан облысы, Бостандық ауданындағы Табақсай поселкесінде, Жаппас руының азаматы Мүсірбек пен 1932-1933 жылдардағы Украинадағы аштық кезінде «Ташкент город хлебный» деген сөзді естіп бара жатқанда жолдағы осы Бостандық ауданында тұрақтап қалған шаруа отбасының қызы Прасковья Жаронкинаның отбасында дүниеге келеді. Бұл Бостандық ауданын жүгеріні жақсы көретін СССР-дың Бас хатшысы Никита Хрущев 50-жылдары Өзбекстанға мақта егу үшін беріп жіберген болатын. Осылайша Әлжанды баспасөз беттерінде өзбек баскетболшысы деп жазғанымен, Әлжан ешуақытта өзбек емес қазақ екенін айтып жүрді. Қайтыс болған кездің өзінде Әлжанды ресейлік басылымдар сондықтан қазанамада Ә.Жармұханбетов этникалық қазақ деп жазды.

Орта мектепті 1961 жылы бітірген соң, Әлжан оқуға жағдайы келмей, Шыршық қаласындағы заводта «шлифовальщик» болып жұмыс істеп жүргенде, заводтың спорт нұсқаушысы Роман Салладинов оны баскетболмен айналысуына кеңес береді. Әлжан станокқа оң қолының екі саусағын зақымдап алғанын көрсетсе де, 2 метр 7 см бойына қызығып спорт залға шақырады. Осылайша ол 19 жасында алғаш рет қолына доп ұстайды. 1963-1967 жылдары Ташкент физкультура институтында оқып диплом алды. Бастапқыда Ташкенттегі Өзбек ССР-ның құрама командасымен өнер көрсеткенде ерекше көзге түскен соң 1967 жылы СССР-дың баскетболдан құрама командасына алынады. 1967 жылы Европа чемпионы болады. Сол кезде ЦСКА клубы мен құрама команданың аға жаттықтырушысы Александр Гомельский өзіне шақырғанда Әлжан ұлты қазақ болғандықтан Алматының «Буревестник» клубына ауысқысы келетінін айтады. Сөйтіп ашуға мінген бапкер оны 1968 жылғы Мехикодағы олимпиадаға және 1969 жылғы әлем чемпионатына қатыстырмайды. Нашар көрсеткіші үшін орнынан алып тастаған Гомельскийдің орнына келген Арменак Алачачян Әлжанды ЦСКА-ға шақырғанда, Брежневпен жақсы қарым-қатынастағы Өзбек ССР-ның бірінші хатшысы Шараф Рашидов жібермейді. Сол кезде 26 жастағы Ә.Жармұхамедовты совет армиясына отан алдындағы борышын өтеу үшін «повесткамен» шақыртып алады. СССР қорғаныс министрі маршал А.А.Гречконың бірінші орынбасары маршал Соколовскийдің өзі қол қойған бұйрықпен екі жылдан соң ЦСКА-ға қалдыртады. Рашидов та, Брежнев те әрбір совет азаматының отан алдындағы борышын өтеуі туралы Конституцияда жазылғандықтан ешнәрсе де істей алмай қалады.

Жоғарыда Мюнхен олимпиадасында чемпион болғанын жаздым, енді қалған көрсеткіштері мынадай: 1976 жылы Монреаль олимпиадасының қола жүлдегері, 1978 жылы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 1970 жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері, қатарынан үш рет Европа чемпионы (1967-1971-1979) ,1975 жылы Европаның күміс жүлдегері, 1970-1980 жылдары қатарынан он рет СССР чемпионы болды. 1972 жылы «Знак Почета», 2006 жылы РФ-нің «Құрмет» орденімен марапатталды. 1980 жылы Әлжан спортағы мансабын аяқтап, Алматыға қарап алаңдағанмен шақырту алған жоқ, амалсыз Ташкентте құрама команданың жаттықтырушысы болды. Бірақ қаны тамған қазақ жерінен үміті үзілген Әлжан һ1982 жылы ГДР-дегі совет әскерлерінің баскетболдан жаттықтырушысы болады. 1987 жылы Москваға келгесін ЦСКА Алматыдағы өзінің филиалы «Буревестник» клубына жолдамамен жіберіп, қуаныштан жарылып кетердей астанаға келгенде, қандай қызмет ұсынғанын білесіз бе? Нысана көздеуден жаттықтырушы қызметін ұсынады. Көңілі су сепкендей басылып, қазақ баскетболын жоғары деңгейге көтерсем деген арманы адыра қалады. Салы суға кетіп, Москваға келгесін Ресей құрама командасының екінші жатықтырушысы қылып орыстар қағып ала қояды, бірінші жатықтырушы өзінің құрама командада бірге ойнаған досы С.Белов еді. Осы екі достың шәкірттері 1994-1997-1998 жылдары Әлем мен Европа чемпионы болады. 2001 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Москвадағы экономикалық университет жанынан ашқан баскетбол командасының жатықтырушысы болады, қазір бұл команда Москва бойынша ең мықты команда болып есептеледі.

Қазақпын деп соққан Әлжан Жармұхамедовтың жүрегі 2022 жылдың 3 желтоқсанында кенеттен 78 жасында тоқтап қалды. ЦСКА ойыншысы әрі запастағы майор болғандықтан Москваның Мытищадағы Федеральдық әскери-мемориалға құрметпен жерленді. Орыстар қолдарынан келгенше қазақ Әлжанды құрметтеді. Москваның элиталы ауданынан кең пәтер берді, СССР спорт шебері, СССР-ге еңбегі сіңген спортшы атақтарын алды. 2017 жылы Ресейде «Движение вверх» атты көркем фильм түсірілді, фильмнің басты оқиғасы 1972 жылы Мюнхен олимпиадасындағы совет баскетболшыларының американдықтарды қалай жеңгені туралы көрсетіледі, № 7 ойыншы Әлжанның ролін актер Александр Ряполов жақсы сомдап шықты. Оқырмандарды қызықтыратыны осындай текті қазақтың отбасы туралы сұрайтынын біліп айтарым, әйелі Лариса орыс, екі ұлы Владимир (1969 жылғы) баскетбол ойыншысы болды, қазір жатықтырушы, екінші ұлы Сергей де (1976 жылғы) баскетболшы болып ойнаған ЦСКА-да жатықтырушы. Қазақта да, орыста да «Ештен кеш жақсы» деген мақал бар, Әлжан ағамызға қазақ елінде әлі де лайықты құрмет көрсетуге болады.

Ашық дереккөзінен алынған суретте: Әлжанның ЦСКА ойыншысы және жаттықтырушы кезі. 2022 жылы Мюнхен олимпиадасындағы жеңістің 50 жылдығына орай шығарылған маркада Әлжан өзінің атақты атылатындай «жылан» бейнесінде бірінші болып тұр.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: