Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қармақшы ауданында денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

21.03.2025, 19:45 42

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қармақшы ауданына жұмыс сапары барысында Ақай ауылындағы дене шынықтыру- сауықтыру кешенінің ашылуына қатысты.

Салтанатты шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары, аудан тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы жұртшылықты мерекемен құттықтап, мұндай кешендердің көбейгені халықты спортпен шұғылдануға ынталандыратынын атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз», – деген болатын. Тұрғындар спортты күнделікті өмір салтына айналдыру үшін осындай кешендердің саны артып келеді. Өткен жылы қазан айында Қызылорда қаласында «Үстел теннисі» орталығы пайдалануға берілді. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 11 мың орындық Орталық стадион мамыр айында ел игілігіне табысталады. Жақын күндері көпбейінді «Қызылорда Арена», дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталады. Жыл басынан бері Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал, Дүр Оңғар елді мекендерінде, Сырдария ауданының Бесарық ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Дәл осындай спорт кешені күні кеше Шиелі ауданының Жақаев ауылында пайдалануға берілсе, ертең Жалағаш ауданында іске қосылады. Бүгін Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Ақай ауылындағы жаңа спорт кешенін табыстауға жиналдық. Халқымызда «Дені саудың – жаны сау» деген жақсы сөз бар.
Ауыл жастарының спортпен шұғылданып, байрақты бәсекелерде, дүбірлі додаларда еліміздің, аймағымыздың атын асқақтатуына тілектеспіз. Жаңа спорт ғимараты құтты болсын! Баршаңызды жыл басы – Наурыз мейрамымен шын жүректен тағы да құттықтаймын!», -деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Рәсімде Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен ғимаратты салып, ел игілігіне табыстаған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов құттықтау сөз сөйледі.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: