Қызылорданың «Қайсар» футбол клубының үздік футболшылары Жалағаш ауданына келіп, жаңадан ашылған «Спорт кешенінде» жас футболшылармен кездесті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Жасөспірімдер арасындағы футбол ойынында топ жарып жүрген спортшыларға «Қайсар» футбол командасының ойыншылары допты тебуде шеберлік сағатын өткізіп, жас жеткіншектерге өз тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу соңында ала доп шаршы алаңында облыс абыройын, ел намысын асқақтатып жүрген спортшылар мен команда мүшелері оқушыларға «Қайсар» футбол клубының атынан арнайы сыйлықтар табыстады.

Айта кетейік, «Қайсар» футбол командасы Премьер-лигада легионерсіз ойнайтын команда ретінде өздерінің мықтылығын дәлелдеп келеді.
Қайсарлықтармен кездескен жалағаштық спортшылар түрлі облыстық және республикалық деңгейде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Әсіресе, жас спортшыларымыз түрлі жарыста үздік атанып, ауданымыздың даңқын шығарып жүр. Өткен жылы аудан спортшылары барлық спорт түрінен әлемдік және Азия чемпионаттары мен облыстық жарыстарда 224 медаль иеленіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізді.
Бүгінгі таңда 14 мыңнан аса аудан тұрғыны бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысады. Бұл жалпы тұрғындардың 40,5 пайызын құрайды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!