1956 жылы Алматының «Урожай» футбол командасы қызылордалық командамен жолдастық кездесу өткізді.
Қайтар сапарында команда мүшелері келісе отырып, Шиеліге соғып, даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың батасын алуды көздейді. Сақырлаған сайдың тасындай сақа жігіттердің бұл құрметін ыстық ықыласпен қарсы алып, ақ күріштің атасы дастархан көтеріп, шәй-су ұсынады. Оларды жақсылап күтеді. Кетер сәті келгенде футболшылар қол жауып, киелі кісіден бата сұрайды.
— Айналайындарым, допты қууға да қуат қажет, ол — дені сау, шыныққан, шираған адамның қолынан келетін шаруа. «Сен тұр, мен атайын» дейтін әбжіл қарсыласқа мықты қауқар керек. Сендердің жеңістеріңді күтіп, қаншама мыңдаған жанкүйер қолдайды. Демек, Қазақ елінің бас командасына «Урожай» деген ат сәйкес емес, есімнің де ерекшелігі бар. «Қайрат» деген қандай жарасымды. Жеңіске жетелейтін, ықыласқа ынта қосатын, намысты оятатын орайы бар. Реті келсе, осы жағын ойластырсаңыздар, — депті даңғайыр диқан батасында.
Осы жылы Бүкілодақтық кәсіподақшылар орталық кеңесінің президиумы (ВЦСПС) «Урожай» ерікті спортшылар қоғамын «Колхозшы» республикалық спорт қоғамымен біріктіру туралы қаулы шықты. Ол кезде КСРО кәсіподақшылар кеңесінің төрағасы В.Гришин болатын. Осыған орай Республика Министрлер Кеңесінің төрағасы Д.Қонаевтың да қаулысы шығып, 18 маусым 1956 жылы бірлескен пленум өтті. Пленумның алдына ерікті селолық спорт қоғамынан «Егінші», «Тұлпар», «Өнім», «Алтын дән», «Күресші», «Дала бүркіті», «Жастар» секілді аттар ұсыныс етіп қойылған еді. Бір қызығы, күн тәртібіне іліккен әлгі аттар назарға алынбады.
Жиынның соңғы минуттарында «Қайрат» атын қою туралы ұсыныс құпталып кетті. Мұны әліге дейін ешкім кесіп айта алмайды, біреу Д.Қонаевтан түскен ұсыныс деп болжайды. Бірақ мұның түпкі ұсынысы Ы.Жақаевтан болғанын, ол Қонаевқа сөзсіз жеткені анық болатын.
Бүгінгі «Кайрат» футбол командасы да, спорт сүйер қауым бұл жөнінде бейхабар болар, бір белгілісі, «Қайраттың» қайратын қанаттандырған Сырдың қолдауы, Ыбырай атаның киесі екенін ескеру керек.
Қаныбек ӘБДУОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!