Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Парижде алтын алу – парыз

25.01.2024, 12:00 704

Жазылмаған заңдылық бар. Кез келген сала кейде бірден дамып, енді бірде бір орында тұралап қалады. Спорт саласы да сол сияқты. Мысалы, қазақстандық спортшылар бір жолы төртжылдықты түйіндейтін тартысты бәсекеде жоғары жетістікке жетсе, келесіде жалпыкомандалық есепте тым төменге сырғуы мүмкін. Әрине, спортшының бабы мен бағы қатар жүреді. Биыл әлем жұрты көз тіккен Париж Олимпиадасы өтеді. Жер-жаһаннан сайдың тасындай іріктелген мықтылар бақ сынасады. Сол спортшылардың ішінде сырбойылықтар да бар.

Бүгінгі күні ХХХІІІ жазғы Париж Олимпиадасына жолдама алған қызылордалық спортшылардың көшін Қамшыбек Қоңқабаев бастап тұр. Аса ауыр салмақта сынға түсетін боксшының Олимпиададан соң үлкен спортпен қош айтысатыны жиі айтылып жүр. Сондықтан, биыл Қамшыбек қамшыны басып, қалайда Олимп  шыңын  бағындыруға  ниетті.

Дүбірлі  дода  паралимпиадаға  жалғасатыны белгілі.  Отырып  ойнау волейболынан  3 спортшымыз Париж  ойындарына жолдама алып үлгерді. Олар – Эрик Қасқабаев, Шыңғыс Медеуов және Ерасыл Әбдібек.

ХХХІІІ жазғы Париж Олимпиадасына және паралимпиадаға жолдамаға үміткер спортшылар:

Аты-жөніСпорт түріОлимпиадалық рейтингӘлемдік рейтинг
1.Айдос СұлтанғалиГрек-рим күресі  
2.Мағжан ШамшадинДзюдо1512
3.Жұбаназар АбылайханДзюдо1216
4.Нұрлыхан ШарханДзюдо2016
5.Айжан ДосмағанбетоваСтенд ату  
6.Әлішер АйсалбаевСтенд ату  
7.Олжас ОразалыұлыПарадзюдо11

Әрине, бұл тізімді әлі де жалғастыруға әбден болады. Өйткені, алда лицензиялық турнирлер бар. Десе де, кестеден қызылордалық дзюдошылардың рейтингтегі реңі жақсы екенін байқаймыз. Мұны спорт журналисі  Айбек  Мұханов  та  растайды.

– «Қазақстан ұлттық құрамасынан Париж олимпиадасына қай облыстың дзюдошылары баруы мүмкін?» деген сауалға жауап іздеп көрген едім. Сондай-ақ, рейтингке де көз жүгірттім. Сырбойылық дзюдошылардың қарымы мықты көрінді. Мысалы, 60 келідегі рейтингте 12-орында Мағжан Шамшадин (Қызылорда), 19-орында Нұрқанат Серікбаев (Жамбыл) бар. 66 келіде 15-орын Ғұсман Қырғызбаевқа тиесілі (Алматы қ.), 73 келіде 16-орында Данияр Шамшаев (Жамбыл) тұр. 81 келіде Абылайхан Жұбаназар (Қызылорда), 100 келіде Нұрлыхан Шархан (Қызылорда) үздік жиырмалыққа кірген.

Айта кетейік, жазғы Париж олимпиадасында дзюдошы­лар 27 шілдеден бастап 3 тамызға дейін бақ сынайды, – дейді  ол.

Журналист рейтингтегі үздік 20-лыққа кірген дзюдошыл­арға басымдық бергенін айтады. Дей тұр­ғанымен, ол турнирде түрлі-түрлі сенсациялардың болаты­нын  жеткізді.

Жалпы, Қызылорда облысы спортшылары осы уақытқа  дейін Олимпиада ойындарынан 3 қола медаль  еншілеген. Марина Вольнова бокстан Лондон олимпиадасының (Англия-2012) қола жүлдегері атанса, Александр Зайчиков ауыр атлетикадан Рио-де-Жанейро олимпиадасында (Бразилия-2016) қоланы қанағат тұтқан. Сондай-ақ, Қамшыбек Қоңқабаев бокстан Токио олимпиадасының (Жапония-2020) қола жүлдесін мойынға  тақты.

Қалай десек те, миллиондар көз тіккен Олим­пиада ойындарына қатысатын қызылордалық спортшылардың саны әлі де арта түседі. Тек қана үздіктер бас қосатын жарыста тізімде болудың өзі – жеңіс. Бірақ, ел намысы сарапқа салынған уақытта әрбір жеңістің орны бөлек. Парижде алтын алу спортшыларымызға парыз  болуы  керек  секілді.

Рыскелді  ЖАХМАН

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: