ҚР президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев:
СПОРТ САЛАСЫНА ШҰҒЫЛ РЕФОРМА ҚАЖЕТ
Токиода өткен Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 93 спортшы қатысты. Жеңіске жету жолында бар күш-жігері мен шеберлігін көрсеткен атлеттерге алғысымды білдіремін. Олимпиаданың қола жүлдегерлерін құттықтаймын. Бұл ұзақ уақыт бойы жүргізілген табанды жаттығулардың жақсы нәтижесі. Алайда 8 қола медаль алып, жалпы командалық есепте 83-орынға табан тіреген Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді. Ұлттық құраманың Олимпиададағы көрсеткіші спорт секілді аса маңызды салада шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажет екенін көрсетті. Бұқаралық және балалар спортын дамытуға көңіл бөліп, сол арқылы әлемдік аренада үлкен табыстарға қол жеткізуге ұмтылу қажет. Токио Олимпиадасынан сабақ алып, Парижде өтетін келесі ойындарда халық үмітін ақтайтындай нәтижеге қол жеткізу керек.
Олимптен құладық. Қоржында – сегіз қола, кестеде – 83-орын. Бұл – ел тарихындағы ең нашар көрсеткіш. Токиода өткен төртжылдықтың басты бәйгесі өз мәресіне жетті. Спорттың 27 түрінен жүзге жуық спортшысын жіберген Қазақстан құрамасы бар-жоғы 8 қолаға місе тұтты. Тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық құрама алғашқы рет алтын, күміссіз қайтты. Алғашқы рет спорт ордасының шыңында әнұранымыз шырқалмады…
Бұл жолғы Олимпиаданың ең басты жетістігі – пандемиялық қиындықтар мен шектеулерге қарамастан у-шусыз, жоғарғы деңгейде өтуі. Бұл өз кезегінде спортшыларға жақсы өнер көрсетуге мүмкіндік берді. Бәсеке бастапқыда 2020 жылы өтеді деп жоспарланған. Десе де, коронавирус індеті өршіп тұрған соң ойын кейінге шегеріліп, доданы биыл өткізуге мүмкіндік туды. Ұйымдастырушылар «2020» санын өзгертпей, Олимпиада атауын сақтап қалуды жөн көрді. Токио төріне біздің өңірден 3 спортшы қатысты. Қызылордалық спортшылар «күншығыс елінде» көк туымызды желбірету үшін барын салды. Бірақ…
Олимпиада дегенді естігеннен-ақ, халық есіне былғары қолғап шеберлері түседі. Кезіндегі Бекзат, Ермахан, Бахтияр және т.б. боксшыларымыздың жеңісі жылдар бойы ел мерейін үстем еткен еді. Дегенмен, бұл жолы барлығы басқаша. Боксшылар жанкүйер көңіліне кірбің түсірді десек қателеспейіз. Шыны керек, біздікілер Олимпиаданы бокс үшін күтеді. Шаршы алаңда қазақстандық бой көрсетсе делебесі қозатын жанкүйерлер биыл жеңілістен көз ашпады. Үкілеп қосқан үміттеріміз бірінен соң бірі жарыстан шеттетіліп, шарасыздық танытты. Тіпті, өз салмағының фавориттері болған қос боксшымыз бірінші кезеңнен ары аса алмады. Василий Левит нокаут алса, Бекзат Нұрдаулетов ресейлік қарсыласына жол берді. Жартылай финалға екі ғана боксшы шыға алды. Оның бірі қызылордалық – Қамшыбек Қоңқабаев. Ұлттық құрама капитанының ақтық сынға өтетініне көпшілік сенімді еді. Десе де, американдық қарсыласы Ричард Торрес отандасымызға тегеурінді қарсылық көрсетіп, үшінші раундта дәрігерлер Қамшыбекке ойынды жалғастыруға рұқсат бермеді. Осылайша, уақытынан бұрын ойсырай жеңілген Қамшыбек қолаға қанағат етті. Екінші болып шаршы алаңға Сәкен Бибосынов шықты. Үш раундтың қорытындысы бойынша, Сәкен алға шыққандай көрінген. Алайда төрешілер шешуші сәтте ұлыбританиялықтың қолын көтерді. Шыны керек, Галаль Яфай жеңгенін естігенде өзі де таңғалып қалды. Кейіннен бапкерлері біздің жаттықтырушыларға келіп кешірім де сұраған екен. Дегенмен, төрешілер шешіміне айып таға алмайсың, тәртіп солай.
Дзюдошылардың да бабы жақсы болған. Биік тұғырына балуандар көтеріледі деп үміттендік. Елдос Сметов қола медаль иегері атанды. Ал қалған дзюдошыларымыз жарыс жолынан ерте шығып қалды. Грек-рим, еркін һәм әйелдер күресі де жанкүйерлерді қуанта алмады. Бұл жақта да балуандарымыз алғашқы кезеңдерден ары аса алмады. Тек Нұрислам Санаев ғана жігерлік көрсетіп, қола медальға ие болды. Еркін күрестен жарыс жолына шыққан қызылордалық Дәулет Ниязбеков ширек финалда Әзірбайжан балуанына жол берген. Әзірбайжандық өз кезегінде финалға шығып, Дәулетке қола медальға таласу мүмкіндігін сыйлады. Бірақ, бұл мүмкіндіктен де қағылған жерлесіміз үндістандық балуаннан айласын асыра алмады.
Өткен Олимпиадада алтын алған Дмитрий Баландин де, Ольга Рыпакова да финалдық ойындарға жолдама ала алмады. Велоспортшылардың да нәтижесі тым төмен. Соңғы Олимпиада ойындарында алтынмен аптап, күміспен қаптайтын спорт түрлерінің бірі ауыр атлетика болатын. Алайда бәсеке басында допинг дауынан арыла алмаған ұлттық құрамаға екі ғана лицензия берді. Тиісінше, ел намысын қорғауға Игорь Сон мен Зульфия Чиншалло барды. Допинг даулары мен сырттан келген басқа да мәселелерге қарамастан қос атлетшіміз де қола медальдан алды. Бұл көрсеткішті жақсы нәтиже деп есептейміз. Сонымен қатар, теннисші Елена Рыбакинаның төртінші орнын да айта кету керек. Көптеген спортшыларымыз күннің ыстығынан жарыс жолынан шығып жатты. Тәжірибелі теннисшілердің бұл шешімі көптеген жанкүйердің ашуын келтіргені рас. Тек жас спортшымыз Елена Рыбакина ғана соңына дейін барды. Жартылай финалда Белинда Бенчичтен айласын асыра алмады. Қола үшін талас кезінде Элина Свитолинадан жеңіліп, төртінші орынды қанағат тұтты. Спортшымызға тәжірибе жетіспеді. Еліміздің бірінші ракеткасы алдағы уақытта талай жеңістермен қуантатынына сенімдіміз.
Одан бөлек, гимнастшы Милад Каримидің де өнерін атап өткен жөн. Спорттық гимнастиканың үш түрінен финалдық ойынға жолдама алды. Десе де, үшеуінен де сүрініп, орын алуға мүмкіндігі болмады. Бұл Олимпиадада каратешілер жақсы нәтиже көрсетті. Олимпиада тізіміне жаңадан қосылған карате спорт түрінен екі қола медальға ие болдық. Бұл сында жерлесіміз Мөлдір Жаңбырбай да бақ сынады. Қызылордалық ару жарыс барысында жақсы өнер көрсетті. Алғашқы кездесуінде қарсыласына мүмкіндік қалдырмай жеңіп, екінші кездесуінде тең нәтижеге қол жеткізді. Соңғы екі кездесуінде сәттілік жолдас болмай, қарсыластарына жол беруге мәжбүр болды. Ал өз салмағындағы үздік спортшылардың бірі болып танылған Дархан Асаділов қола медаль жеңіп алды, сондай-ақ жиырма жастағы Софья Берульцева да үшінші орынға ие болды. Жалпы, каратеден өнер көрсеткен ұлттық құрама спортшыларының көбісі – жастар. Келесі Олимпиада 3 жылдан соң болады. Сол уақытта каратешілеріміз нағыз бабында болмақ. Осы жолдан таймаса олардың Парижде атой салуға мүмкіндігі мол.
Осылайша, 8 қоламен сексен үшінші орынға табан тіредік. Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Моңғолия, Сан Марино, Бермуд аралдары секілді елдер біздің алдымызға шығып кетті. Төртжылдық бәсекені бес жыл күткен жанкүйерлерге бұл нәтиже ауыр соққы болып тигені рас. Оның үстіне Олимпиадаға бөлінген қаражаттың көлемі де үлкен. Әрине, жауаптылар бір ауыздан барлығы барын салғанын айтатын болады. Иә, бұл – рас. Бірақ, барын салып, терін төккен отандық спорт шенеуніктері емес, тек спортшылар ғана. Ал қалғандары жай ғана Токионың кереметін көріп қайтты. 8 қола үшін едәуір қаражат бөлу – ақымақтық. Косово мемлекеті Токиоға 11 ғана спортшы әкеліп, екі алтынды қанжығаға байлаған екен. Міне, көрсеткіш, нәтиже. Кез келген сәтсіздік үшін жауаптылар жауап беруі керек. Ел спорты түбегейлі өзгерісті қажет етіп отыр. Үш жылдан соң, Парижде кезекті Олимпиада ойындары өтеді. Бұл додада Токиода кеткен есені қайтару керек. Ол үшін спорт басына білікті, өз ісінің мамандары барған жөн.
Бұған дейінгі Жазғы олимпиада ойындарындағы көрсеткішіміз былай болған еді:
Атланта Олимпиадасы – 24-орын (3 алтын, 4 күміс, 4 қола)
Сидней Олимпиадасы – 22-орын (3 алтын, 4 күміс)
Афина Олимпиадасы – 40-орын (1алтын, 4 күміс, 3 қола)
Бейжің Олимпиадасы – 29-орын (2 алтын, 4 күміс, 7 қола)
Лондон Олимпиадасы – 24-орын (3 алтын, 1 күміс, 6 қола)
Рио Олимпиадасы – 22-орын (3 алтын, 5 күміс, 10 қола)
Токио Олимпиадасы – 83-орын (8 қола)
Бекзат АМАНОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!