Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күрестен Азия чемпионаты: Отандастарымыз 4-орынды олжалады

18.04.2024, 9:40 166

Бішкекте еркін күрестен өткен біріншілікте отандастарымыз 1 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде еншілеп, жалпыкомандалық есепте чемпионатты 4-орынмен тамамдады. Дәлірек айтсақ, 57 келі салмақта Мейрамбек  Қартбай қола жүлде, 61 келі салмақта сынға түскен Асыл Айтақын мен 97 келі салмақта белдескен Ризабек Айтмұхан күміс, ал жалғыз алтын медальді 86 келіде сынға түскен Азамат Дәулетбеков еншіледі. Әрине, нәтиже былтыр­ғыға қарағанда нашар. Дегенмен, Бішкектегі чемпионатқа еліміздің 2-3-ші нөмірлі балуандардың қатысқанын ескерсек, ұлттық құрамаға  аса  реніш  жоқ.

57 келі салмақта күш сынасқан Мейрамбек Қартбайдың бұл – құрлықаралық турнирдегі алғашқы медалі.  Ақтөбе  күрес мектебінің түлегі өзбекстандық балуанды жеңіп, жартылай финалда жапо­ниялық спортшыдан айласын асыра алмаған еді. Кіші финалда қытайлық балуанмен бозкілемде белдесіп, қола  жүлдені  еншіледі.

Ал 61 келіде күміс жүлде иеленген Асыл Айтақын финалда қыр­ғызстандық спортшы Тайырбек Жумабекуулымен белдесті. Тар­тысты бәсеке 3:1 есебімен аяқталып, Асыл Айтақын екінші орынды қанағат етті. Келесі күмісті Белградта өткен әлем чемпионатында алтын алып, тәуелсіз Қазақстаннан шыққан алғашқы және әзірге жалғыз әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан қанжығалады. Финалдағы қарсыласы – Бахрейннің намысын қорғап жүрген дағыс­тандық Ахмед Тажудинов. Әлем чемпионатында олимпиаданың қос чемпионы ресейлік Абдулрашид Садулаев пен американдық Кайл Снайдерден басым түскені күрессүйер қауымға белгілі. Еркін күрестің 97 келі салмағының потен­циалы жоғары саналатын екі жас балуанның жекпе-жегінде Тажуди­нов басымырақ болды. Есеп – 4:2.

Алтын медаль иеленген Азамат Дәулетбековтың 3 жыл қатарынан бағы жанып келеді. 86 келі салмақта Азияның үздік балуаны саналатын отандасымыздан Париждегі олимпиадада күтер үміт көп. Ол аталған турнирдің финалында өзбек спортшысы Жабраил Шапиев­пен белдесіп, 5:2 есебімен жеңіске жетті. Чемпионның жеңісі жөнінде ұлттық құраманың бас бапкері Қарыс­бек  Махамбетов  былай деді.

– 86 келіде Азамат Дәулет­беков қатарынан үшінші рет Азия чемпио­ны атанды. Шыны керек, Азамат әлемдік деңгейде өнер көрсетті. Өзінің әккі қарсыласы, Өзбек­стан атынан күресетін дағыс­тандық Жаб­раил Шапиевтен есе қайтарды. Соңғы екі жарыста Шапиев Азаматтан  айласын  асырған  еді.  Одан бөлек, Дәулетбеков Иран балуаны­ның да кілтін тапты. Азия чем­пионаты  Азамат  үшін Олимпиадаға дайындықтың  бір  бөлшегі  болады, – дейді  бапкер.

Еліміздегі күрес спортының әл-ауқаты жақсы, жасөспірімдерді дайындайтын орталықтар мен мектептер де жоқ емес. Тіпті қанымызға біткен спорт түрі сана­латын бокспен бірдей көңіл бөлініп, жаттықтырылады. Десе де, жалпы генетикамыз бен менталитетіміз дағыстандықтар мен кавказдықтарға ұқсас болғанымен, олармен еркін, грек-рим күресі бойынша текетіресе алмай жүрміз. Бірақ, аталған спорт бұрынғыға қарағанда сәл қарқын алғандай. Бұған былтыр Астанада өткен Азия чемпионатында, Белградтағы Әлем чемпионатында куә болдық. Балуан­дық өнер бізге таңсық емес. Сол себепті алдағы Парижде өтетін олмпиадада отандық спортшыларымыздан  мол  үміт  күтеміз.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: