Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дәстүрлі дода дүбірі

11.04.2024, 11:35 233

HALYQLINE.KZ

Бүгін Сыр елінің бас қаласында халық балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлын еске алуға арналған қазақ күресінен 2004-2006 жылы туған жастар арасында өтетін дәстүрлі республикалық турнир 12-ші мәрте байрағын көтерді. Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жарыстың ашылу салтанатында қала әкімі Серік Қожаниязов сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

– Бұл турнир 12 жыл бұрын Сырдың бас шаһары – Қызылорда қаласында байрағын көтеріп, бүгінде еліміздегі бірегей жарыстардың қатарына қосылды. Осы жылдар ішінде бабы келісіп, қанат қаққан темірқанат түлектер Азия мен Әлемді мойындатты. Турнир жеңімпаздары Руслан Теміржан жастар арасында әлем чемпионы атанса, Шәріп Серікболсын, Бекзат Шакизаевтар ел чемпионы болды. Демек, дүбірлі доданың келешегі кемел екендігі даусыз.

Қазақ күресінің Сыр өңірінде шеберлік мектебі қалыптасқан. Осы үлкен мектептен талай барыстар шықты. Олар – «Қазақстан барысы» турнирінің алғашқы жеңімпазы Ұлан Рысқұлов, одан кейін жеңісті жолды жалғаған Мақсат Исағабылов. Қос батырдың ізінен ерген Еламан Ерғалиев пен Нұрым Сәлімгереев – бүгінгі барыстар бәсекесінің беделділері.

Абыройлы ағаларына қарап бой түзеген «Бала барыстарымыз» да жетерлік. Олай дейтініміз, жасөспірімдер арасындағы «Бала барысы» турнирі еліміз бойынша алғаш болып Қызылорда қаласында өтті. Жас балуандар осындай жарыстар арқылы шыңдалып, жасын ойнатады.

Бүгінгі жарысқа қатысушыларға шынайы бәсекелестік, спорт алаңында жеңіс пен сәттілік тілеймін, – деді шаһар басшысы.

Турнирге еліміздің әр өңірінен келген 14 команда, 250-ге жуық спортшы қатыуда. Жеңімпаздарға ҚР-ның спорт шеберіне кандидат атағы беріледі. Сондай ақ, қала әкімінің арнайы дипломдары мен медальдары және қаржылай сыйақылары табысталады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: