Қоңырау шалғанымда Евгенийді қазақшаға мұншалықты жетік деп ойламаған едім. Аты-жөніне қарап өзге ұлт өкілі екен демесеңіз, сөйлеуге келгенде мемлекеттік тілде төгіліп тұр. Дауысын созып «Ассалаумағалайкүм!» деп нақышына келтіріп сәлемдескенде ішім жылыды. Аузын ашса, жүрегі көрінетін қазақы қалыппен хал-жағдайымды, отбасымның амандығын сұрағанда бұрын-соңды жүздеспеген осы азаматты жақын тартып қалғандаймын.
Евгений Курбатов Жақсықылыш кентінде дүниеге келген екен. Қамал алар жастағы кейіпкеріміз алдымен осы елді мекендегі № 19 қазақ орта мектебінің орыс класында, кейін Арал қаласындағы №14 орыс мектебінде білім нәрімен сусындаған. Анасы Татьяна Дмитриевна – тура 40 жыл оқушыларға орыс тілінен дәріс берген зейнеткер ұстаз. Бүгінгі таңда ұзақ жылғы еңбегінің жемісін татып отырған асыл ана, немерелерінің сүйікті әжесі. Өзге құрдастарындай асық ойнап, ләңгі теуіп ержеткен Евгений ауыл баласына тән кеңпейіл дағды, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді бойына сіңірген.
Өмірден асқан мектеп болмасы белгілі. Көк тіреген ақ басты шыңдай жал-жал үйілген тұз жотасына көзі қанығып өскен Евгений еңбектің наны тәтті екенін жастайынан түйсінді. Алғашқы еңбек жолын «Аралтұз» АҚ-да қарапайым жұмысшы болып бастап, еңбек қазанында шарболаттай шыңдалды. Алайда сонау бала кезінен арманына айналған спортқа деген құштарлық ақыры өз дегенін жасатты. К.Жұбанов атындағы мемлекеттік университеттің дене шынықтыру және спорт факультетін ойдағыдай аяқтаған Евгений Курбатов енді өзі де өрендерді спортқа баулуға білек сыбана кірісті. Мәңгілік жары қазақ қызы Гүлмира Сәрсенбаевамен сезімі жарасып, шаңырақ көтерді. Өмірге алтын асықтай перзенттері келді. Айтпақшы, ерлі-зайыпты Евгений мен Гүлмира екеуі де №20 Арал аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде волейболдан жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Шәкірттерінің бағындырған белестері де бөтен емес. Кезінде облыстың құрама командасының мүшесі атанған Евгений қазіргі күні волейболдан ерлер арасында Арал аудандық құрама командасының аға жаттықтырушысы қызметін атқарады.
Бір сәт әріптестерінің Евгений туралы пікіріне құлақ түрсек.
– Мен Евгенийді біршама уақыттан бері танимын. Кезінде менің қол астымда жаттыққан шәкіртімнің бірі. Бой-сойы келіскен, тағылымы мол адам. Жұмысына да мығым. Өзі де, келіншегі Гүлмира да аудан спортында орны бар, бұқаралық спортты дамытуға, саламатты өмір салтын насихаттауға үлкен үлес қосып жүрген, білікті бапкерлер. Ұжымына, көпшілікке де сыйлы. Евгений қазақ тілін өте еркін меңгерген азамат, – дейді Арал аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Толыбай Әлжанов.
Қоштасарда Евгенийден жұбайы Гүлмира қарындасымыздың ауыз бекіткенін естідім. Ниеттеріңіз қабыл, бақтарыңыз баянды болсын!
Жұмабек Табынбаев,
Арал ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!