Бокс дегенде қазақтың құлағы елең ете қалады. Әсіресе, қыздар арасындағы бокс туралы сөз болса, Қазалы қаласының тумасы Марина Вольнова Лондон Олимпиадасының қола жүлдесіне ие болғанда қуанбаған қазақ қалмады, әрі қыздар арасында тұңғыш олимпиада жүлдегері киелі де қазыналы Қазалыдан шықты. Бұл, ең алдымен, оның алғашқы жаттықтырушысы Бақытбек Құлыбаевтың еңбегі, Маринадан кейінгі шәкірттері Ақерке Бақытжан мен Аида Оңдаш – қазіргі уақытта Қазақстанның намысын шетелде қорғап жүрген талантты боксшы қыздар.
Бүгінгі әңгіме ҚР-на еңбегі сіңген жаттықтырушы Бақытбек Жұмабекұлының тағы бір талантты әрі тегеурінді шәкірті, жас боксшы Гүлсая Ержан туралы болмақ.
Гүлсая 2001 жылдың 1 сәуірінде Ержан мен Рыскүлдің шаңырағында алғашқы немересі болып дүниеге келген соң, өздері кенже қызымыз деп бауырына басты. Ержан Смайлов кезінде «Құмжиек» совхозының озат жылқышысы болды, кейін заман ағымына сай жеке қожалық ашып, қазір ауданға белгілі кәсіпкер. Зейнетке шыққасын кәсібін ұлы Ғалымжан мен келіні Құралайға тапсырып, өздері аудан орталығына көшіп келді.
Гүлсая Сарыбұлақ ауылындағы №78 негізгі мектептің табалдырығын 5 жасында аттады. Мектепте оқып жүргенде нысана көздеу мен қыздар арасындағы қол күресінен аудандық жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүрді. Туғаннан жаратылысы бөлек Гүлсая гір мен штанга көтерумен айналысып, қол күресінен ер балалардың өзін жеңіп тастайтын. Шамасы бұл жағынан атасы Ержанға тартып туған-ау, кезінде Ержан да талай асауға бас үйреткен қара күш иесі болды. Асау демекші, Гүлсаяның өзі де жаңадан бас үйретілген асау аттарға мініп шауып, асауды жуасытып алатын жүрек жұтқан батырлығы да бар.
2016 жылдың 1 қыркүйегінде аудан орталығыдағы №170 орта мектепте 10-сыныбын жалғастырды. Осы қыркүйек айында мектеп оқушыларының аудандық күзгі спартакиадасында қол күресінен ешкімге дес бермей, тез жеңіп шыққанын көрген мектеп директоры Нұрлан Имашев №17 Қазалы аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы Бақытбек Құлыбаевқа хабарласып, Гүлсаяның бокс секциясына қабылдануына ықпал етті.
Белгілі бокс бапкері Бақытбек Жұмабекұлы Гүлсаядан мықты боксшы шығатынын байқап, жаттығуды бірден бастап кетті. Бұл 2016 жылдың 16 қыркүйегі еді, арада шамалы уақыт өткенде 4 қарашада Қызылорда қаласында өткен Жалаңтөс баһадүрді еске түсіруге арналған турнирге қатысты. Бапкердің үміті ақталып, Гүлсая қыздар арасында 81 келі салмақ бойынша 1-орынды жеңіп алды. 2017 жылы Тараз қаласында және 2018 жылы Алматы қаласында мектеп және колледж оқушылары арасында өткен республикалық турнирдің екеуінде де 1-орынды иеленді. 2017 жылы мен 2018 жылы Алматы қаласында өткен ҚР еңбегі сіңген жатықтырушы М.М.Хайрутдиновты еске түсіруге арналған ХV-ХVІ халықаралық турнирде топ жарды. Астана қаласының 20 жылдығына арналған республикалық ІХ жазғы спартакиадада қыздар арасындағы турнирде жеңімпаз атанды. 2018 жылы Алматыда және 2019 жылы Арыс қаласында бокстан 2001-2002 жылы туған қыздар арасындағы Қазақстан чемпионатында 81 келі салмақ бойынша чемпион атанды. Шебер бокс өнерін көрсеткені үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің «Ең үздік боксшы» бағамына ие болды. Гүлсаяға бұл марапатты бокстан «Олимпиадалық орталық» директоры, олимпиада чемпионы Ермұхан Ибрайымов тапсырды.
2018 жылдың қыркүйек айында Гүлсая Ержан Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Денешынықтыру және спорт» факультетіне оқуға түсті. Студент атанған Гүлсая 2019 жылдың 20-21 қаңтарында Сербияның Сомбер қаласында өткен 8-ші Ұлттық Кубогының «А» категориясы бойынша әйелдер арасындағы турнирде 3-орын алды. Тәжірбиесі мен айласы көп кәріқұрлықта жүлделі орынға ие болу үлкен жетістік болып табылады. Украинадағы жастар және спорт жөніндегі министрлік ұйымдастырған турнирде де 3-орын бұйырды. Содан бері Қазақстанда әйелдер арасында өткен чемпионатта екі рет күміс, бір рет қола медальды жеңіп алды.
2022 жылы күзде Иордания астанасы Амман қаласында өткен Азия чемпионатында күміс медаль алып, бір қуантқан болатын. Қуаныштың үлкені алда болды, 2023 жылдың 18-27 қаңтар аралығында Тайландтың астанасы Бангкокте 19-22 жастағы қыздар арасында өткен Азия чемпионатында өзінің 81 килоға дейінгі салмақ дәрежесі бойынша көптен күткен алтынды жеңіп алды. Бокспен айналысқанына жеті жылға жуық уақыт өтсе де, Гүлсая осы салмақ дәрежесін өзгертпеуінің өзі мықтылыққа жатады, кей боксшылар толып кетіп, басқа салмақ дәрежесіне өтіп жатады.
Айтуға оңай, Гүлсаяның жартылай финалдағы қарсыласы Непал елінің чемпионы, мықты боксшысы Тришей Джебелу болды. Қанша жерден мықты болса да, біздің Гүлсаяның гүрзі жұдырығына төтеп бере алмады, Гүлсая оны екі рет нокдаунға жіберді. Финалда шаршы алаң иесі Тайланд елінің боксшысымен жұдырық түйістіретінін білгенде, біз қобалжып қалғанымыз рас. Тайландта бокс өте ертеден дамыған, тіпті «Муай Тай (еркін жекпе-жек) – ұлттық бокс күні» деген арнайы мереке күні де бар. 1934 жылдан бастап елдің атымен «Тайланд боксы» деп аталады. Міне, осы шаршы алаң иесі, елінің чемпионы Чути Порннила Гүлсая Ержанмен финалда кездесті, оны тікелей түсірілім арқылы барлығымыз көрдік. Гүлсаяға ата-баба аруағы жар болып, 3:4 есебімен жеңіп шықты. Шаршы алаң иесі болғандықтан, олардан барлығын күтуге болатын еді, әйтеуір әуелі жаратушы мен ата-бабасы жар болды.
Гүлсаяның ата-бабасы жар болды деп айтуым, арғы бабасы Шөмекейдің Тоқа аталығының батыры Сәмет батыр болып табылады. Тоқа Сәмет батыр Кіші жүз ханы Әбілқайыр ханды Петербордағы орыс патшасымен кездесуге баратында жеке күзетін басқарып апарған болатын. Себебі, Кіші жүздің тақтан үміткер Барақ сұлтан бұл кездесуге қарсы болып, Әбілқайыр ханды өлтірмекші болғаны тарихтан белгілі. Кейін Тоқа Сәмет батыр Кіші жүзді Жайық орыс-казактарынан қорғап, аты шыққан болатын.
Тайландқа барар сапар алдында, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қабылдауында болғанда: «Гүлсая, осы жолы алтын медаль алып келетін бол» деген тапсырмасын орындап, Сыр бойының мәртебесін көтеріп тастады.
Мен де Нұржан құдамның үйінде болғанда Гүлсаяға берген батамның соңында: «Айналайын Гүлсая, сен тек ата-анаңның қызы емессің, бүкіл қазақ халқынның қызысың. Спортта да, өмірде де бағың ашыла берсін» деген болатынмын.
Бапкері, інім Бақытбек Құлыбаевпен сөйлескенде: «Гүлсая бокстан ҚР-ның спорт шебері, енді осындай атақты халықаралық дәрежеде қорғауы керек» деген болатын. Алда әлем чемпионаты мен олимпиада сияқты асулар күтіп тұр. Ақжол тілейді саған бүкіл қазақ, Гүлсая Ғалымжанқызы Ержан!
Бақытжан Абдул-Түменбай,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!