Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан әкімі футбол федерациясы өкілдерімен кездесті

18.03.2026, 11:05 48

Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев Қызылорда облыстық футбол федерациясының президенті Болат Көшербаев пен атқарушы директоры Жақсылық Оспановты қабылдап, футбол спортын дамытуға қатысты жұмыс кездесуін өткізді.

Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.


Кездесу барысында аудан аумағындағы футбол инфрақұрылымын жетілдіру, жасөспірімдер спортына қолдау көрсету және бұқаралық спортты дамыту бағытындағы негізгі мәселелер кеңінен талқыланды.


Аудан әкімі өз сөзінде спорт саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтіп, футболды дамытуға бағытталған бастамаларға аудан әкімдігі тарапынан әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.


Өз кезегінде федерация президенті Болат Көшербаев өңірде футболды дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, ауданмен бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру, жас ойыншыларды іріктеу жүйесін жетілдіру және жарыстардың деңгейін көтеру мәселелері қозғалды.


Бүгінде аудандағы екі спорт мектебінде футбол үйірмелері тұрақты жұмыс істеп, 5 жаттықтырушы жас спортшыларды тәрбиелеуде. Жыл сайын аудан көлемінде мектеп лигасы, «Былғары доп» жарысы, мерейтойлық турнирлер, сондай-ақ ауданға еңбегі сіңген азаматтарды еске алуға арналған дәстүрлі жарыстар ұйымдастырылып келеді.


Жасөспірімдер арасындағы жетістіктер де көңіл қуантады. Республикалық Ұлттық мектеп лигасының 9–11 сынып оқушылары арасында өткен футзалдан «Теңбіл доп» жарысында Сексеуіл кентіндегі №177 орта мектебінің командасы чемпион атанып, аудан абыройын асқақтатты. Бұл – өңірде футболдың жүйелі дамып келе жатқанының айқын көрінісі.


2025 жылы аудан көлемінде футбол спортын кеңінен насихаттау және дамыту мақсатында 19 ірі спорттық іс-шара ұйымдастырылып, бұқаралық спортқа тартылған жастардың қатары арта түсті.
Жалпы, ауданда футбол спортына деген қызығушылық жыл сайын артып, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде салада оң динамика қалыптасып отыр. Алдағы уақытта да аталған бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, аудан футболының әлеуеті одан әрі нығая түсетініне сенім мол.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: