HALYQLINE.KZ Қазақстанда салалық журналистиканың дамымай келе жатқанын салалық баспасөз бағытында қатты сезінеміз. Төрт жыл оқып дипломын алған кәсіби журналистердің көбі әр тақырыптың басын бір шалып жүретіні бар. Сөзге шешен, жазуға жүйрік болғанымен, білімі жетпегендіктен мамандардан естігені мен көргенін жеткізуден аса алмай жүргенін жасырмаймыз. Сондықтан жазу-сызуға қабілеті бар басқа саланың мамандарын журналистика курсын оқытып немесе редакцияларда тәжірибеден өткізе жүріп өз саласында жазуға баулысақ, тәуір-ақ тілші бола алатынына және осы әдіс тиімді екеніне әбден көзіміз жеткен.
Осы орайда Қазақ елінің сонау түбегіндегі Маңғыстау облысынан біздің редакциямызға материалдарын «жаудырып» жататын Айбек Мұханов атты азаматты үлгі қылғымыз келеді. Оның негізгі мамандығы – дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі. Қазіргі қызметі – Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылдық округінің балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері. 2017 жылдан бері Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Өзі де жастайынан спортқа бейім болыпты. Бала кезінде бокспен айналысқан. Қосымша мектеп оқушыларына арнап ашылған тоғызқұмалақ ұлттық ойын үйірмесінде жетекшілік еткен.
Әр жылдары түрлі салада еңбек еткен. «Отар» әскери базасында азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін ҰҚК-нің шекара қызметінде «Темір Баба» шекаралық бақылау бөлімшесінде келісім шарт бойынша әскери қызметкері болған. Жаңаөзен қаласындағы №1 жалпы білім беру орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып сабақ берген.
Өзінің айтуынша, осы жылдар ішінде аңсар-арманы спорт мектептеріне, кәсіби спортқа ауып, сол жерде жүріп спорт журналистикасына бейім екенін байқайды.
Оның еңбекқорлығын байқап, ынтасын арттыру үшін жазғандарын тұрақты жариялап жүрміз. Өзі де елгезек. Спорт тақырыбында жазатын алдыңғы буын қаламгерлердің кітаптары мен архивтегі газет тігінділерінен мақалаларын тауып алып оқып жүреді. Сондай ізденгіштігіне ризамыз.
Газетке сұхбат алғанда, сөзге шорқақ спортшылардың негізгі айтпақ ойын диктафонына жазып алады да, оны байытып, өзі спортшылардың «аузына сөз салып» беретіні бар. Ал шағын мақалаларының өзінен сараптау шеберлігін аңғаруға болады.
Чемпиондарды әуежайдан күтіп алған сәттегі эксклюзив интервьюлерінде немесе баспасөз конференцияларында Айбек Мұханов қойған кәсіби сұрақтарына берілген жауаптарды басқа әріптестері де эфирден ұсынып, баспасөзге жариялап жатады.
Ол да әр тақырыпта жазып көрген. Мемлекеттік тіл, әдебиет, мәдениет бағыттарында шағын репортаждар, сұхбаттар, мақалалар шығарыпты. Бірақ бәрібір спорт тақырыбындағыдай кең қамтып, көсіле жаза алмайтынын білген соң, қазір көңілі қалаған саласында ғана қолына қалам алып жүр.
Спорт журналистикасының тәжірибе мектебіне айналған қарашаңырағы – «Қазақ спорты» газетінің былтырғы мерейлі 60 жылдығында да белгілі спортшылардан, жан-жақтағы спорт мамандарынан, оқырмандардан құттықтау лебіздерін жазып алып, хатқа түсіріп, редакциямызға жолдап жүрді.
Тек «Қазақ спорты» газеті ғана емес, басқа газеттер мен сайттардағы материалдарымен де таныспын. Онда бокс тақырыбынан бөлек күрес, футбол, джиу-джитсу, таеквондо, армреслинг, ауыр атлетика, аралас жекпе-жек т.б. тақырыптарды да қамтыпты.
Айбек Мұхановқа осы қарқынын бәсеңдетпей, талабын арттырып, қаламын ұштай беруін, Сейдахмет Бердіқұлов, Несіп Жүнісбай, Қыдырбек Рысбек сияқты алдыңғы буын әріптестеріміздің журналистикадағы жұлдызды жолын тілеймін.
Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ,
«Қазақ спорты» газетінің бас редакторы
Күшті жарайсың
Айбек Мұханов Halyqline.kz сайтына да тұрақты түрде мақала, сұхбаттарын беріп отырады. Дүрәлі ағамыз айтқандай, салалық журналистиканы дамытуда Айекеңнің өз қолтаңбасы мен еңбегі бар. Айбек бауырым, жаза бар, жаза бер!
Айбек Мұқанов Вконтакт әлеуметтік желісінде өте белсенді. Соның ішінде Qazaq sporty тобында тұрақты түрде өз мақалаларын жариялап отырады. Сізге тек жақсылық, қызметте абыройлы болуыңызды және қаламыңыз ұштала берсін деймін.