Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы Грузия мемлекетінде пара дзюдодан өткен Әлем Кубогында +70 кг салмақта чемпион атанған спортшымыз Айдана Ғазизқызын және оның жаттықтырушысы Жанарбек Біртайұлын арнайы қабылдады.
Басқарма басшысы әлемдік додада ел мерейін асқақтатқан спортшымыздың теңдессіз жетістігіне шын ризашылығын білдіріп, ақжолтай хабарды қуанышпен қабылдағанын жеткізді. Сондай-ақ, Айдана Ғазизқызына арнайы алғыс хат пен қаржылай сыйақы табыстады.
Басқарма басшысы өз сөзінде байрақты бәсекелерде ел мерейін үстем еткен спортшыларға басқарма тарапынан әрдайым қолдау болатынын және алда өтетін жарыстарға қатысуына бар мүмкіндік қарастырылатынын жеткізіп, спортшыға сәттілік тіледі.
Айдана Ғазизқызы – 2023 жылы Әзірбайжанда пара дзюдодан өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы, Токиода өткен халықаралық турнирдің қола жүлдегері атанды. Ал, 2024 жылы Алматы облысында пара дзюдодан өткен ҚР чемпионатында І орын иегері атанса, дәл сол жылы Грузияда өткен халықаралық турнирде аймақ қоржынына алтыннан олжа салды. Биыл Германияда өткен халықаралық турнирдің және Грузияда өткен Әлем Кубогының жеңімпазы атанды.
Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!