Бүгін Қызылорда қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өткен жылы салада атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша баспасөз конференциясын өткізді. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы, қалалық қоғамдық даму бөлімі қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, діни, этносаралық қарым-қатынасты нығайту, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарын дамыту және қолдау, мемлекеттік ақпараттық, жастар саясатын жүргізу бағытында жауапты мемлекеттік органдармен, мекемелермен, қоғамдық бірлестіктермен бірлесе отырып, тиісті шаралар жүргізіп келеді.
– Жыл көлемінде қаладағы азаматтық қоғам институттарымен бірқатар жұмыс атқарылды. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс арқылы азаматтық қоғам құрылымдарына қаржылай қолдау көрсету көлемі де ұлғайып келеді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдар арқылы 2023 жылы 6 әлеуметтік жоба жүзеге асырылса, 2024 жылы 8 әлеуметтік жоба бойынша жұмыстар жасалды. Осы жобалар негізінде «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңі, «Үздік аула», «Ұшқыр қалам» сынды тағы да басқа ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Бүгінде Қызылорда қаласы бойынша облыстық әділет департаментінде 461 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Осы ретте, «ҮЕҰ дерекқор базасына» есептік ақпарат ұсыну мерзімі өзгеріссіз 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 31 наурызға дейін жалғасатынын естеріңізге саламыз, – деді бөлім басшысы Айдын Бөкенбайұлы.
Саланың негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік жастар саясаты. Қызылорда қаласында статистикалық мәліметке сәйкес, 2024 жылға 358 235 халық болса, оның ішінде 101 020-сы – жастар. «Qosyl» қалалық жастар ресурстық орталығы тарапынан жастардың барлық санатын қамти отырып, түрлі форматтағы және ірі көлемді іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, базар және NEET санатты жастар арасында кіші футболдан «Достық кубогі» турнирі, «Qyzylorda open Fest», «Бала психологиясы» тақырыбындағы психолог мамандардың оқытуы, жұмысшы мамандықтар арасында «Жас дәнекерлеушілер», «Жас тігіншілер», «Жас электриктер», «Жас аспаздар» «Жас құрылысшы» байқаулары, жұмыссыз жастар үшін оқытулар мен тренингтер ұйымдастырылды. Жылдың қорытынды «Qosyl Премия» іс-шарасында үздік 7 жасқа қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығы табысталды. Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында қала әкімдігі жанынан құрылған жедел топ, ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен бірге жыл басынан бері 33 рет түнгі рейд жұмыстары жүргізілді. Жалпы, орталық қызметін 2024 жылы 8130 жас пайдаланып, 4015 жас мамандардан кеңес алған.
– 2025 жылға арналған қалалық қоғамдық-саяси маңызды іс-шаралардың күнтізбелік жоспары әзірленіп, бекітілді. Жоспарда қоғамдық-саяси маңызды оқиғалар, республика көлемінде аталып өтілетін атаулы даталар, ұлттық және мемлекеттік мерекелік күндер, белгілі тұлғалардың мерейтойлары мен өңірдің тарихи-мәдени және идеологиялық мазмұнын айшықтайтын іс-шаралар қамтылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында жастарға кәсіби бағдар беру, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастыру, жұмысшы мамандықтарды дәріптеу бойынша бірқатар іс-шара атқару жоспарлануда, – деп қорытындылады бөлім басшысы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!