Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмысын «бағалайтын» президент Досаевқа ескерту жасады

18.08.2023, 18:25 343

HALYQLINE.KZ 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, қала әкімі Ерболат Досавты сынға алды.

Мемлекет басшысы таяуда «Ақкент» ықшам ауданындағы көпқабатты тұрғын үйде болған өртті мысалға келтіріп, өрт қауіпсіздігі саласындағы ахуалды сынға алды. Президент Төтенше жағдайлар министрлігіне өрт кезінде сақталуға тиіс қауіпсіздік шаралары жөнінде халықтың сауатын арттыру үшін жаппай оқу-жаттығу шараларын ұйымдастыруды тапсырды.  Ал қала әкімдігіне өртке қарсы күрес қызметінің материалдық-техникалық базасын күшейту үшін пәрменді шаралар қабылдау міндеті жүктелді. Сондай-ақ, ол соңғы кезде сел жүріп, өзен суларының лайлануы жиілеп кеткені алаңдаушылық туғызатынына тоқталды.

– Соның салдарынан шілде айының соңында коммуналдық қызметтер қаланың жоғарғы бөлігіндегі аудан тұрғындарына су беруді шектеуге мәжбүр болды. Медеу ауданындағы 50 көппәтерлі үй мен 4 мыңнан астам жеке тұрғын үй сусыз қалды. Бұл тұрғындардың  орынды наразылығын  туғызды, – деп атап өтті Тоқаев.

Алматы қаласы әкімінің тізгінін ұстағалы бері тұрғындардың наразылығына ұшырап келе жатқан әкім жұрт сөзіне құлақ аспай, «менің жұмысыма президент баға береді» деп келген еді. Мысалы, 26 ​​шілдеде Алматы әкімі Ерболат Досаев қала тұрғындарының «әкім отставкаға кетсін» деген өтініші туралы сұраққа жауап берді. Алатау ауданының тұрғыны әкімге отставкаға кетуі туралы сұрақ қойды. Оның айтуынша, тиісті петицияға 57 мыңнан астам адам қол қойған.

– «Сіз » тыңдайтын мемлекет, әділ Қазақстан» туралы жиі айтасыз. Қаладағы көп келеңсіз оқиғалар сіздің атыңызбен байланысты. Қазір 57 мың азамат, оның ішінде Алатау өңірінің тұрғындары да бар, отставкаға кетуіңізді талап етіп, қол қойды. Неге олардың сөзін тыңдамасқа? Неге отставкаға кетпейсіз? » – деп сұраған еді Алматы тұрғыны.

Әкім Алматыда 2 миллионнан астам адам тұратынын, бұл 57 мыңның қаншасы «тірі» соны анықтау керек екенін айтты. «Бәлкім олардың кейбірінің тегі, аты, ЖСН-і жоқ шығар?» деп жауап берді.

– Біз көп нәрсе істедік және жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз. Қала дегеніміз – тірі организм. Күнде бірдеңе болып тұрады. Сіздің пікіріңіз мен үшін маңызды, бірақ мені мемлекет басшысы тағайындады, сондықтан ол менің жұмысымды бағалайды, – деді әкім.

Көріп отырғанымыздай, Досаевты тағайындаған президент оны «бағалаудың» орнына жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмағаны үшін сынның астына алды. Әкім осы сыннан кейін отставка кету туралы ойланып қалар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: