Дос Көшімнің мазасыз сұрақтары
Міне, мереке де бітті. Сиам егіздері сияқты жабыса біткен екі күнде қуаныш пен қайғыны, мереке мен азалы күнді қатар атап өттік. Әрбір топ өзінің мақсат-мүддесін жүзеге асырды. Нұр-Сұлтанда Тәуелсіздікке ешқандай қатысы жоқ билік иелері жиналып, бір-бірін марапаттап, бір жетісіп қалса (астанамызда құран оқылып, гүл қойылды ма, білмеймін), желтоқсанда алаңға шыққан, тәуелсіздік үшін топтасып, ұран тастап, ту көтерген азаматтар алаңнан қайтпай қалған боздақтарға құран оқып, гүл шоқтарын қойып, сол бір ызғарлы күндерді еске алды. «Еститін» үкімет пен «ренішті» халық тағы да екіге жарылды. Мүмкін, үкімет «желтоқсандықтарға статус берілуі керек», «сол көтерілістен зардап шеккендерді тегін емдеу керек» деген сияқты сөздерді естіген де болуы керек, бірақ жылда қайталанып айтылған талап естілсе де, есте қалмайтын сияқты. Ең қызығы, әлеуметтік желі де (сынықтан басқаның бәрі жұғады) екіге бөлініп, біреулері Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарға «қаңылтыр салпыншақ үлестіріп құтылды» десе, екіншілері «бұл жолы арнайы төсбелгі шығарды, Алматының көшелеріне желтоқсаншылардың бейнесі бар билбордтар қойылды, қысқасы, олардың беттері бері қарады» деп, құлағы бар үкіметті мақтап та жатты. Ал маған осы екі күннің оқиғасы, іс-әрекеттері басқаша ой салып, біршама мазасыз сұрақтар тудырды…
БИЛБОРД
Биыл көшелерге (басқа қалаларды білмеймін, әйтеуір Алматы көшелеріне ілінді) Желтоқсан көтерілісіне қатысқан, сол көтеріліске қатысқандары үшін жазаланған жастардың суреттері іліне бастады. Әрине, құптарлық мәселе. Бірақ мені осы жаңалықтың отыз төрт жылдан кейін келгені таң қалдырып отыр. Мені Желтоқсан десе, тілдері байланып қалатын, осы отыз төрт жылда Желтоқсан көтерілісін бірде-бір рет атап өтпеген, Желтоқсан көтерілісіне арнап, бірде-бір марапат шығармаған билік биыл неліктен өзгере қалды деген сұрақ мазалайды. Әлде «отыз бес жылдық» біздің мемлекеттің айрықша атап өтетін айтулы мерекесі ме? Білмеймін. Егер Желтоқсан көтерілісін бағалай білсе, неліктен жиырма жылдықта, отыз жылдықта көшелерге Қайрат Рысқұлбековтердің бейнелері ілінбеді? Кім бөгет болды? Тарихи шындықты мойындасақ, жастарға Желтоқсан көтерілісі арқылы, соған қатысқан жандарды құрметтеу арқылы тәрбие бергіміз келсе, 1992 жылдан бастап, көшелерге Желтоқсан ерлерінің бейнелері ілінер еді ғой. Ең қызығы, билік өзгерген жоқ, сол уақыттағы идеологиялық бағытта анықтап отырған жандар да өзгерген жоқ (Мысалы, бес жыл «Нұр Отанның» хатшысы болған, сол партияның идеологиясына тікелей қатысы бар Ерлан Қарин әлі де биліктің бір пұшпағын ұстап отыр). Бірақ, отыз төрт жыл жасалмаған құрметтің 2021 жылы жасалуының себебі неде? Әлде биыл желтоқсаншылар өзгеріп, барлығы «Нұр Отанға» мүше болды ма? Жоқ. Ондай жаңалықты естіген жоқпын. Мүмкін, желтоқсандықтар «осы қанды қылмыстың шындығын ашу керек» деген ойларынан айнып қалды ма? Жоқ. Желтоқсан көтерілісінің шындығын ашу – желтосандықтардың ғана емес, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір қазақтың талабы. Шындықтың ашылуы – осы көтерілісте қаза болған боздақтардың да үнсіз талабы!
Тағы қайталаймын, маған көшедегі ілінген Желтоқсан ерлерінің бейнелері қуат береді. Бақытжанға рақмет! Бірақ бұл құрметтің отыз бес жылдан кейін келгені, шынымды айтсам, қатты алаңдатады. Бұл маған кеше былай сөйлеп, ертең басқаша сайрайтын екіжүзділікті есіме түсіреді. Әлде бұл Тоқаевтың Назарбаев жасай алмаған не жасағысы келмеген мәселесіне қадам баса отырып, сол арқылы «халыққа жақсы көрінуге» тырысуы ма? Меніңше, Назарбаев та Алматының төріне желтоқсандықтарға ескерткіш қойып, Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағын берді емес пе? (Бірақ осыдан үлгі алып, басқа облыс орталықтарына Желтоқсанға ескерткіштер қойылды ма). Мүмкін, Қазақ елінің бас идеологының аяғы тайып кетіп, басын ұрып алып, кенеттен желтоқсаншыларға билборд қою керек екендігі есіне түскен болар. Білмеймін. Тек ұзағынан болсын дейік.
АҚТАЛУ
…Менің бір досым Ақталу куәлігін алыпты. Қуана отырып, маған көрсетті. Құтты болсын айтқым келіп еді, ыңғайсыз сияқты көрінді, ал көрімдік берейін десем, жөні келмейтін сияқты болды. Марапат емес, Ақталу қағазы ғой…
Сіздерді қайдам, осы бір «Ақталу» деген сөз, …қалай айтсам екен, мағынасы жағынан да, берері жағынан да не сый-құрметке, немесе моралдық ризашылыққа лайық емес секілді. Біріншіден, Желтоқсан көтерілісіне қатысып, жазаға тартылғандар кімнің алдында ақталу қажет? Меніңше, олар өздерінің істеген істеріне – алаңға барып, ұран салғандарына, сойылға қарсы жұдырық сілтеп, сапер күрегіне қарсы тас алғандарына халықтың алдында да, өздерінің арларының алдында ақталмауы керек деп ойлаймын. Қайта, керісінше, бұған мақтануы керек сияқты. Екіншіден, не үшін ақталулары керек, егер олардың барлығы дерлік осындай оқиға болса, тағы да алаңға шығуға дайын болса? Ерлік жасағандары үшін ақталу ақымақтың шыңы емес пе?
Енді мемлекетке келейік. Олар кезінде бұларды «бұзақылар» деп атағаны белгілі. Мүмкін, сол жаман атақты алып тастау үшін Ақталу қағазы қажет шығар. Алайда, халық оларды ешқашан «басбұзар», «бұзақы», «нашақор» деп айтқан емес, демек олар қоғам алдында батыр, қайсар күйлерінде қалады ғой. Ондай болса, ақталудың мүлдем қажеті жоқ. Меніңше, бірдеңе бүлдіріп қойған жандар ақталады, ал ерлік жасағандар ақталмайды.
Біз жаманатты болғанды жек көретін халықпыз. Естеріңізде болса, 1986 жылдан бастап көпшілігіміз «Партияның орталық комитеті берген «Қазақ ұлтшылыдығы» деген бағаны өзгертуіміз керек деп жар салдық. Қазір ойланып қарасам, бұл бағаны өзгертудің ешқандай да қажеті жоқ екен. Иә, бұл – қазақ ұлтшылдығы! Бұл бағамен толық келісемін!
Менің ойымша, желтоқсаншыларды жұмыстан қуған, оқудан шығарған адамдардың Ақталулары, Кешірім сұраулары керек сияқты. Мүмкін, соларға Ақталу деген куәлік берген дұрыс болар еді. Әрине, халықтан кешірім сұрағандарына ғана. Олар оны өздерінің қалталарына салып, достарына көрсетіп, «Міне, мен ақталдым! Отыз бес жыл бойы ел-жұртқа не бетіммен қарайтынымды білмей жүр едім, ақыры кешірім сұрап, сол қателігімді жуып, Ақталу қағазын алдым» десін. Ал желтоқсаншыларға Сабыр ағамыз айтқандай «Ақталу куәлігін» емес, «Бостандық үшін күрескендер» деген куәлік беру керек!
ГҮЛ ҚОЮ
Жыл сайын, желтоқсанның он жетісіне алаңға барамын. Боздақтарға құран оқуға қатысып, ескерткіштің табанына гүл шоғын қоямыз. Қай жылдар екенін білмеймін, кейіннен бұл іс-шараға атқарушы билік те қатыса бастады. Әскери оркестр алып келіп қоятын болды. Рақмет, әрине… Бірақ, неге екенін білмеймін, гүл шоқтарын қоюды солардың бастағаны маған ұнамайды. (Мүмкін, алаңда өмірін берген боздақтарға да ұнамайтын болар…). Кеше де, барлық желтоқсандықтарды ығыстырып қойып, атқарушы биліктің өкілдері гүл шоқтарын қойды. Бізді итеріп, ығыстырып, оларды алға шығарып жүрген азаматтар (сол биліктің өкілдері болар деп ойлаймын), қашан билік өкілдері гүлдерін қойып болғанша топты ұстап тұрды да, олар кеткеннен соң, «бірің өліп, бірің қал» деген сыңаймен желтоқсаншыларға «полный свобода» берді. Менің ойымша, бұл саяси мәдениетсіздік ғана емес, аруақтарды қорлау болып табылады. Неліктен гүл шоғын қою процесін осы алаңда сол билікке қарсы шыққан желтоқсаншылар емес, сол биліктің «сабақтастығы» болып отырған атқарушы билік бастауы керек?
Әрине, іс-шараның басталу уақытын бақылап, гүл қою процесінің кезекпен өтуіне қолқабыс жасап, реттеп отыру шарт. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Бірақ сол реттеушілердің билік өкілдерімен қоса «жоғалып кеткеніне» қарағанда, олар реттеуші емес, желтоқсандықтарды екінші қатарға ысырып, билікке жол ашушы сияқты.
Құрметті Бақытжан мырза, 365 күннің ішіндегі Желтоқсаншыларға көрсететін жалғыз құрметті дұрыстап өткізейік. Гүл қою рәсімінде бірінші кезекті Қазақ елінің тәуелсіздік туын көтеріп, алаңға шыққан, сол үшін зорлық-зомбылық көрген, оқудан, жұмыстан шығарылған жандарға берейік. Егер менің ұсынысым Протоколға жатпайтын болса, оны айтыңыздар.
Дос КӨШІМ,
қоғам қайраткері
Карикатураны салған Ғалым Смағұлұлы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!