Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жасыл желек – жан дауасы

09.02.2021, 10:30 459

HALYQLINE.KZ Жер-Анаға көрік беріп, тыныс алып жүрген ауамызды жақсартып, тазартып тұратын тіршіліктің сәні ол жасыл желек екені баршамызға аян. Сондықтан бұл мәселені ешқашан күн тәртібінен түсірмеген жөн.

Қыстың соңғы айы келіп, көктем мезгілі де жақындап қалды. Дәл қазіргі уақытта атқарылған жұмыстарды көзбен көріп, алдағы жоспарларды бір пысықтап алған артықтық етпейді. Өйткені кеткен кемшіліктерден сабақ алып, жемісті жұмыстарды одан әрі жалғастыра білуіміз қажет. Осыған орай кеше аудан әкімі Мұрат Ергешбаев аудан орталығын аралап, жасыл белдеулердің қазіргі жағдайымен танысты.

Алдымен аудан басшысы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының Әйтеке би кентінің тұсына егілген жасыл белдеуге ат басын бұрып, қазіргі жағдайын көзбен көрді.

– Жасыл белдеудің бұл бетіндегі (Қарақұм беткейінде орналасқан тұсы) ағаштардың шығымы жақсы. Қазіргі таңда мұнда егілген сыр талының 90 пайыздан астамы шығып тұр. Бізге тек қиындық тудырып тұрғаны мына тұстағы (аудан орталығы жағын көрсетіп) ағаштардың жайы болатын. Енді «Ақкиіз» каналының арнасы тазаланғаннан кейін аяқ судан проблема болмау керек, – деді Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің бөлім басшысы Бурабай Оразғалиев.

Сала маманын мұқият тыңдаған аудан басшысы жасыл белдеудегі жұмыстарды одан әрі жандандырып, жасыл желектің жайқалып кетуіне көп көңіл бөлуді тапсырды.

Мұнан соң Әйтеке би кентіне кіре беріс жолдың қос қапталында орналасқан жасыл белдеу маңында атқарылған жұмыстармен танысты. Мұнда да халықаралық автожолдың бойындағы жағдайға ұқсас. Жолдың бір жағкына егілген көшеттердің шығымы жақсы болса, екінші бетіндегі жағдай мүлде бөлек. Оның жайын сала маманы былайша түсіндірді.

– Бұл жерге егілген талдардың дұрыс шықпауының себебі біреу ғана. Ол – көшеттерді суарған судың ешқайда ағып кетпеуі. Басқалай себеп көріп тұрғаным жоқ, – деді Бурабай Оразғалиев.

Бұл мәселені шешу үшін аудан басшысы Мұрат Ергешбаев кент әкімі Қайрақбай Орынбасаровқа кешенді жоспар дайындауды тапсырды.

– Әйтеке би кентіндегі жасыл желектерді суару үшін кешенді жоспар дайындау қажет. Оның ішінде әрбір мәселеге аса қатты мән берілу керек. Жобаны жасағанда осы арадағы жасыл белдеудің суы ағып кететін арық қазуды да енгізуді ұмытпа, – деді.

Осы маңда Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаров өзінің жоспарларымен де бөлісті. Кент әкімі аудан орталығындағы жасыл желектің санын көбейту мақсатында тағы бір жасыл белдеу ашуға жоба дайындаған. Бұл жасыл белдеу Әйтеке би кентінің «Мектепбай» учаскесі жағында орналасады. Аумағы – 5,6 гектар. Жоба құны да қомақты. Оның ішінде жерді дайындау жұмыстарынан бастап талдарды күтіп ұстау шығындары да қарастырылған екен.

Аудан басшысы бұл жобаны қолдап, Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына ұсыныс беруді тапсырды.

Сондай-ақ, Қайрақбай Жақсыбайұлы, «Басықара» каналының екі жағына жас талдардың қаламшалары егілетінін айтты. Аудан басшысы алдымен каналдың арнасын тазалап, содан кейін барып көшет отырғызу қажеттігін айтты.

Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Әйтеке би кентін аяқ сумен қамтамасыз етіп отырған «Қараарық» каналын да көзбен көрді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: