Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңақорған: Ілкімді істе кідіріс жоқ

13.08.2024, 18:45 301

Әр өңірдің дамуында оң көрсеткіш болғаны игі. Атқарылған ілкімді іс сөздің жалаң, уәденің құрғақ болмағанын білдіреді. Бұл бағытта Жаңақорған ауданында жаңалық көп. Жоспар мен жоба жүйелі. Алты айда алға шыққан ауданның жылдық есебі де көңіл жықпайды деп сенеміз. Өйткені, өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында аудан әкімі Мәжит Самитовтің берген баяндамасы осыны меңзеді.

Салыстырмалы түрде артық не кем екенін таразыға салу, сан мен сапаны сараптау тағы бір меже бекітуге негіз. Ал, Жаңақорған ауданында бұл жағынан өсім байқалады. Бюджет өткен жылға қарағанда 5,5 млрд теңгеге өскен. Кіріс көзінің 17,5 пайызға артық орындалғанын айтқанымыз да жөн. Дағдарысқа ұшырамаудағы тиімді тетік – макроэкономикалық көрсеткіштің төмендемеуі. Жаңақорған ауданының артықшылығы да осында. Яғни, өнеркәсіп өнімдерін өндіру 48,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 71,3 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 56,1 пайызға артқан. Күнкөрістің өзі күшке түскен заманда несібесін жерден жиған диқан көп. Бұл ретте, ауданның ауылшаруашылығында ауыз толтырып айтарлық өзгеріс бар.

– Аудан экономикасының өркендеуіне зор үлес қосып отырған уран өндірісімен айналысатын кәсіпорындар мен қорғасын-мырыш кенін өндіретін – «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ. Бұл кәсіпорындар заман талабына сай жаңа технологияларды қолданудың арқасында үлкен табыс әкеліп отыр. Биыл аудан бойынша 36 026 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Айта кету керек, жерасты суларын тиімді пайдалану арқылы тау беткейіндегі шаруашылықтар бақша егісінің көлемін едәуір арттырды. Оның ішінде қарбыз дақылының көлемі 1 500 гектарға жуықтады. Жиналған өнімдер еліміздің солтүстік өңірлері мен Ресейге жеткізілуде. Су үнемдейтін, жаңбырлатып суару технологиясын пайдаланып Қожакент ауылдық окургіндегі «Береке» шаруа қожалығы 25 гектар жоңышқа, 18 гектар дәндік жүгері ексе, аудан бойынша 1 500 гектар күріш егілетін танап лазерлі тегістеуден өткізілді. Тағы бір жақсы жаңалық, биыл аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарына 36 техника сатып алынды, – деді аудан әкімі Мәжит Самитұлы.

Қыстың қамын жазда ойлаған дұрыс-ақ. Шығынның алдын алатын амал да – осы. Қысқы мал азығына қажетті сабан мен жем-шөбін дайындап, 48,5 %-ға орындаған. Биыл 1 шілдедегі статистикалық мәлімет бойынша мүйізді ірі қара 62 309 басқа жетіп, қой мен ешкі 322 538, жылқы 26 991, түйе 2 174 басты құрап отыр.

Ауылшаруашылығы саласына 36 техниканың сатып алынуы өнімді еңбектің жалғасатынын айғақтайды.
Келешекке негізгі кепілдік – жүйелі жұмыс пен нанымды нәтиже. Бұған аудан әкімдігі бейжай қарамаған. Мәселен, Жаңақорғанда 2024-2028 жылдар аралығында 7 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар толық іске асқан кезде 3 мыңнан аса жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл жайында да М.Самитұлы тілге тиек етті.

– Жеті жобаның үшеуі биыл іске қосылуа. Оның бірі – «Qaratau fruits» алма бағы. Жоба аясында 50 гектар жерге 65 мың түп алма ағашы классикалық әдіспен, 30 гектарға 75 мың түп алма ағашы интенсивті әдіспен егілген. Алма бақ толығымен тамшылатып суару технологиясымен жабдықталған және 28 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Осы жоба аясында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік жолы бойынан 5 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасын салу жоспарланған. Екінші жоба «Шалкия Минералс» ЖШС-нің минералды ұнтақтар өндірісі маусым айында іске қосылды. Бүгінгі таңда сынама өнімдер шығарылуда. Одан бөлек, «Абдуллаев Аманкелді атындағы зияткерлік мектебі» ЖШС-нің 400 орындық мектеп-интернатының құрылыс жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда қажетті қондырғы құралдармен жабдықталып, 1 қыркүйекте іске қосылып, 50 адамды жұмыспен қамтитын болады, – деді ол.

Тұрғындар үшін қашан да өзекті мәселе – ауыз су, электр энергиясымен қамту және газдандыру жұмыстары. Аудан халқына жайлы жағдай жасау мақсатында атқарылған іс біраз. 35 елді мекенге орталықтандырылған таза ауыз су желілері жүргізілгені – соның дәлелі. Өткен жылы жоба құны 1,7 млрд теңге болатын Келінтөбе, Қожамберді, Сүттіқұдық, Жайылма ауылдарының ауыз су жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Үш елді мекен бойынша жұмыстар аяқталып, нысандар пайдалануға берілсе, Келінтөбе ауылы бойынша жұмыстар таяу арада аяқталмақ.

– Аудандағы электр желілерін жаңғырту мәселесін шешу мақсатында жалпы құны 5,9 млрд теңге болатын 10 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы құны 3,4 млрд теңге болатын 2022 жылы басталған Жаңақорған кентіндегі электржелілік жүйені жаңғырту жобасы биылғы жылы толық аяқталып, кент тұрғындары игілігін көретін болады. Бұған қоса, жалпы құны 2,5 млрд теңге болатын 9 елді мекеннің электржелілік жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, тағы 7 елді мекеннің электр желілерін жаңғыртуға 2,2 млрд теңгеге жобалар әзірленіп, салалық министрліктерге ұсынылды. Келесі жылы бұл қаржы бөлінеді деп күтілуде. Аудан орталығы мен 19 елді мекеннің электр желілері толық жаңғыртудан өткен соң, электр тарату жүйесінің тозу көрсеткіші 75 пайыздан 25 пайызға дейін төмендейтін болады. Жоғарыда аталған елді мекендерден бөлек, демеушілер есебінен 5 елді мекеннің электржелілік жүйелерін жаңғыртуға жоба-сметалық құжаттары әзірленуде, – деді аудан әкімі.

Елді мекендерді газдандыру бойынша сүйінші хабар жыл басынан-ақ айтылды. Шалқия, Құттықожа, Кейден ауылдарындағы газдандыру жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Тіпті, газдандыру бойынша жалпы құны 5,1 млрд теңге болатын тағы 3 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта да халықты қамту деңгейін арттыру қолға алынған.

Жол мәселесі де жүйкені жүндей түтетіні жасырын емес. Бірақ, Жаңақорған ауданында бұл шешімін тапқан. Автомобиль жолдарын дамытуға биыл 5 млрд теңге қаржы бөлінді. Атап айтқанда, облыстық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлініп, «Жаңақорған–Түгіскен–Қандөз» облыстық маңызы бар автомобиль жолына күрделі жөндеу жүргізілуде. Таяу арада бұл жұмыстар да аяқталмақ. Ал, 30 көшеге күрделі және орташа жөндеу жүргізілді. 40 жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған теміржол үстінен өтетін көпірге де көңіл бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқын алуда.

Жұмыссыздықты жойып, тұрғындардың табысын арттыру да – басты мақсат. Жыл басынан бері мәселе бойынша 3050 адам хабарласып, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен 2468 азамат қамтылды. Сонымен қатар, тұрғын үй кезегінде 1677 адам тұр. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына берілетін 124 баспана сатып алу жоспарлануда. Демек, баспаналы болу бақыты бұйырмақ.

Білім беру және денсаулық, спорт пен мәдениет саласындағы байыпты байламдар оң өзгеріске бастаған. Білім бөліміне қарасты мемлекеттік 44 жалпы білім беру ұйымы, 8 жеке білім беру ұйымы, 4 қосымша білім беру ұйымы және 2 демалыс лагері жұмыс істейді. Инклюзивті білім беру де назардан тыс қалмаған. Биылғы мектеп бітіруші түлектердің көрсеткіші де жоғары. Сондай-ақ, ауданда 114 балабақша бар. Онда барлығы 5520 бала тәрбиеленуде.

– Білім саласында жалпы құны 10 млрд 582 млн теңге болатын құрылыстар мен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2 мектептің және облыстық бюджет есебінен Байкенже ауылында 150 орындық мектептің, Билібай ауылындағы №255 негізгі мектепке қосымша спорт залы мен 20 орындық асхананың, Бесарық ауылындағы мектеп жанынан 375 орындық бастауыш сынып оқу корпусының және Жаңақорған кентінде 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебінің құрылысы салынуда. Тамыз айында Байкенже ауылындағы 150 орындық мектепті пайдалануға беретін боламыз. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға №163 орта мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілуде, – деді аудан әкімі М.Самитұлы.

Халықтың саулығына салғырт қарамаған аудан медицинасында оң динамика байқалады. Биыл табиғи өсім сақталып, 6 айда 868 бала дүниеге келді. Ана өлімі тіркелмеген. Төменарық ауылында аурухана құрылысы қарқынды жүргізілуде, оны қазан айында пайдалануға беруді жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Бесарық, Әбдіғаппар ауылдарында дәрігерлік амбулатория құрылысы басталды.

Құрылысы қарқын алған спорт кешені де келесі жылы халық игілігіне берілмек. Ал, қазір ауданда бұқаралық спортты дамытуға 372 спорттық нысан қызмет көрсетуде. Жыл басынан бері аудан спортшылары әлемдік, халықаралық, республикалық деңгейдегі додаларда 24 алтын, 15 күміс, 29 қола иеленді.

Түйін. Назарға алып ғана қоймай, оны жүйелі жүргізу де – үлкен жауапкершілік. Әсіресе, істен ілік шықпауы – кедергі мен кідірістің болмауына байланысты. Ал, Жаңақорған ауданындағы жүйелі жұмыс пен жағымды жаңалық мұнымен шектеліп қалмайды деген ойдамыз.

Замира ҚОНЫСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: