Ескі үкімет есіркеді ме?
Жаңа үкімет жарылқай ма?
Сонымен, бір-екі күн ішінде үкімет те ауысып үлгерді. Ескісі кетіп, жаңасы келіп жатыр.
Әрине, бүгінгі саяси жүйеде үкіметтің толық дербестігі жоқ болғандықтан жұртшылық ең басты әлеуметтік-экономикалық шешімдерді президентпен байланыстырады. Конституциялық өзгерістер аясында үкіметтің өкілеттігі күшейетін болды. Әйтпесе, не болса да, «бұл – президенттің тапсырмасы!» деп, жауапкершілікті жоғары жаққа ысыра салатын шенділерді әлі де ұмыта қойған жоқпыз ғой. Саяси үдеріс пен нақты шенеуніктердің жеке жауапкершілігін арттыру үшін мұндай өзгерістер, сөзсіз, өте-мөте қажет қадам.
Ескі үкімет несімен есте қалды?
Министрдің бәрін бет-жүзіне қарамай сыпыра жамандау жарамас, ол құрамда да лайықты азаматтар болды. Бірақ сол үкімет өзін бір мақсатқа бір жұдырықтай жұмылған команда ретінде көрсете алмады. Оның себебі де жоқ емес: бізде үкімет секілді аса маңызды мемлекетті орган әртүрлі клан мен ықпалды топтардың өкілдерінен құралған құрақ-құрақ көрпе секілді құрылым боп келеді.
Оған кейбір министрлердің біліксіздігі мен жауапкершіліктен басын ала қашатын әдетін қоссақ, ел экономикасы алдында тұрған іргелі мақсаттардың орындалмай қалуының себептерін түсіне берерсіз.
Кез келген үкіметтің ең басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, қалғанының бәрі – сол мақсатқа жетудің жолдары, әдіс-тәсілдері ғана. Соны түсінетін уақыт келді!
Өкінішке қарай, ескі үкімет осы сенім үдесінен шыға алмады… Соны президент те сезген болса керек, ың-шыңсыз отставкаға жөнелтті.
Жаңа үкіметке келсек, оның алдында тұрған міндеттер аса қиын болып тұр.
Экономикаға реформа қажет екенін бәрі айтады. Ал кез келген реформа (әрине, егер де ол шынымен де реформа болса) көпшілікке жаға бермейтін, даулы да қиын, әлеуметтік салмағы ауыр шешімдерді қажет етеді. Популизм, яғни баршаға жағамын деп, орындалмайтын уәде беру бұл жерде жүрмей қалады.
Ал, тарих көрсетіп отырғандай, ондай батыл қадамдарға баратын реформаторларды көпшілік жақтыра бермейді (рас, ештен кеш жақсы, ол тұлғалардың қадірін кейін түсініп жатады).
Бір көңілге қонғаны, жаңа премьер өзінің алғашқы сөзінде батыл қадамдар жасау керектігіне баса назар аударыпты. Әрине, бұл сөзді ол президентпен келісіп алып, айтып отыр. Олай болса, бізді экономика мен әлеуметтік салада жаңа, тіпті күтпеген, тосын бастамалар күтіп отыр.
Өз басым жаңа үкімет жаңа саяси дәстүр қалыптастырса деймін: Жаңа Қазақстанның демократиялық талаптарына әбден сәйкес нақты уақытқа арналған нақты көрсеткіштермен көмкерілген сол үшін нақты жауапты шенділермен рәсімделген нақты бағдарламасын әзірлеп, парламентте бекітіп, жұмысқа кіріссе. Халық сол жоспарларының орындалуы (не орындалмауына) қарап, оның жұмысына өз бағасын берер еді. Өз сөзі мен істеріне жауапкершілік дегеннің не екенін сол кезде көрер едік!
Бәлкім, үкіметтің нәтижелі жұмыс атқаруына дәл осындай жаңашылдық өзінің оң әсерін тигізер.
Бір «әттеген-айы» сол: премьер ауысқанымен, үкімет құрамы толықтай жаңартылмады. 21 министрдің 4-еуі ғана ауысты. Қоғам тарапынан қатты сынға ұшырап жүрген біраз министр өз орнында қалды. Құрамына қарап бұл үкіметті «жаңа да ескі» үкімет деп те атауға болатын шығар.
Соның ішінде баса айтар бір жайт бар. Бізде елдің ішіне барып, қарапайым халықпен етене араласып, өзінің позициясын немесе нақты шешімін қорғай алатын тұлғалар некен-саяқ. Халық бәрін түсінеді, шенділер реформалардың түпкі мақсаты – ел Тәуелсіздігін, мемлекетіміз бен ұлтымызды сақтап қалу, қиын шешімдер арқылы жаңа мүмкіншіліктерге қол жеткізу екенін ұғынықты түрде жеткізе алса, оны қолдайды. Бірақ солай, шіренбей, көкірегін кермей, халықпен халықтың тілімен сөйлесіп жатқандар қайда?!
Шынайы жаңғыру, сонымен бірге, көнені көксеген, ескінің шинелінен шыға алмай келе жатқан кландар мен ықпалды топтардың жасырын да, ашық та қарсылығын тудырары хақ. Ол – бәсекелес күштер бір-біріне қарсы ақпараттық соғыс жариялауы мүмкін деген сөз. Жаңа премьер ол жағын да ескеруі тиіс. Әйтпесе, бізде көп адам интернет пен мессенджерлерде аноним аккаунттар жарияланған небір сұмдық ақпаратқа әлі де сеніп келеді емес пе? Қоғамдық санаға ықпалы орасан зор осы гибридтік құралдарды ертеңгі күні реформаларға қарсы күштер қолданса ше?
Мұның бәрі – жаңа да ескі үкіметтің… ескі де жаңа міндеттері.
Қазаққа соның бәрін еңсере алатын үкімет бергей!
Әміржан ҚОСАН,
арнайы «Халық» газеті үшін
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!