Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев референдумнан кейінгі мәлімдемесінде Ұлытау жерінде Ұлттық Құрылтай өтетіндігін айтқан. Сол Құрылтайға қатысты кейбір ойларымды ортаға салмақпын.
Қазақ мемлекеттілігі мен қоғам үшін бүгінгі таңда ең қажеттісі ұлттық идеология болып отыр. Сондықтан түрлі ұлт диаспораларының мемлекет құраушы қазақ халқының (ресми дерек бойынша 70,18 пайыз) төңірегіне шоғырлануын, топтасуын қамтамасыз ететін, ортақ Отанымызды гүлдендіруге бағытталған, адами құндылықтарды нысана тұтқан Ұлттық идеология жасалып (ілкі жобасы менің парақшамда тұр), ел өмірінің басты қағидаларына айналуға тиіс.
Мемлекет тәуелсіздігінің отыз жылында мемлекеттің дамуы мен тежелуін, орын алған қателіктерді сараптау, Н.Назарбаев орнатқан авторитарлық жүйеге саяси баға берілуге тиіс.
Н.Назарбаевтың билігі тұсында өзі мен оның отбасының, сыбайластарының рейдерлік, қулық-сұмдық, алаяқтық жолымен тапқан байлығы тәуелсіз сот арқылы заңсыз деп танылып, дереу национализациялануға жатады.
Мемлекеттік тіл саясатында мемлекеттік тілді білмейтіндер мемлекеттік қызметке алынбайды. Мемлекеттік тілді білмейтіндер белгіленген екі жылдың ішінде мемлекеттік тілді үйренбесе мемлекеттік қызметтен шеттетіледі.
Қазақстан Президенті, Премьер-министр, министрлер, Парламент спикерлері, түрлі ресми құрылымдардың жетекшілері, облыс, аудан басшылары барлық жиындарды тек мемлекеттік тілде өткізуге міндетті. Басқа тілдерді қосарлап пайдалануға жол берілмейді.
Қазақстан Республикасы аумағында кешіктірілмей отарсыздандыру (деколонизация), советсіздендіру (десоветизация) және люстрациялық үдерістер жүргізілуге тиіс. Отаршылдық тұсынан және советтік кезеңнен қалған жер-су атаулары түгелдей өзгертіледі. Бұл ең алдымен тарих, оқулық, ономастика салаларын қамтиды.
Аумақтық және кешегі хандық билік тұрғысынан Қазақстан Алтын Орда мемлекетінің құқықтық мұрагері болып табылады. Осы ресми жария етілуге тиіс.
Қазақстанда отаршылдық кезең (1731-1917 жж) мен советтік кезеңнің (1917-1991жж) саясаты мен мұраларын насихаттауға, советтік символиканы пайдалануға тыйым салынады.
Желтоқсан көтерілісі. 1986 жылғы отаршылдық жүйеге қарсы бас көтерулер Желтоқсан көтерілісі деп танылады. Оған тарихи тұрғыдан ресми баға беріледі. Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға арнайы заңмен жеңілдіктер қарастырылады.
Жаңаөзен қырғыны өз алдына жеке тергеледі. Оқ атуға бұйрық бергендер мен оны орындағандар заң алдында жауап береді. Оларға қылмыстың мерзімі өткендік қағидасы қолданылмайды.
Қазақ халқының 2022 жылғы Қаңтардағы ұлт-азаттық көтерілісі ресми мойындалып, жазықсыз құрбан болғандардың бәріне өтемақы төленеді.
Сондай-ақ күні бүгінге дейін азаптауларға ұшырап түрмелерде жатқан азаматтар босатылуға тиіс!
Ұлытауда өтетін Ұлттық Құрылтайда қазақ халқының мүддесін басшылыққа алатын, құқықтық тұрғыдан Қазақстан халқы Ассамблеясымен теңестірілген, тұрақты түрде жұмыс істейтін Қазақ Ұлттық Кеңесі құрылсын!
Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев),
жазушы-публицист.
Facebook-тегі парақшасынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!