Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын орындау мәселесі қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелерге орай бағыт-бағдар белгіленіп, Қызылорда қаласы, аудан әкімдері мен жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
«Құрылтайда еліміздегі салық саясаты, нақты секторды дамыту, инвестиция тартумен қатар, қазіргі қоғамдағы уақыт белдеуі, ұрпақ тәрбиесі, ономастика саласы, үкіметтік емес ұйымдарды қолдау секілді өзекті мәселелер көтерілді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде «Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына және халқымызға «қазақ» атауының қайтарылғанына бір ғасыр толды. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуы тиіс» деп ерекше атап өтті. Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды.
Бұл бастама барша Сыр жұртшылығына артылған сенім және абыройлы міндет екенін түсінуіміз қажет. Құрылтайдың кезекті отырысын Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр өңірінде өткізудің тарихи тұрғыдан маңызы зор. Дайындыққа осы бастан кірісіп, құрылтайды жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз керек.
Облыстық қоғамдық даму басқармасына Ұлттық құрылтай отырысын ұйымдастыру жөніндегі жұмыс тобын құруды тапсырамын. Жұмыс тобының құрамына облыс әкімінің орынбасарларын, басқарма, департамент басшыларымен қатар зиялы қауым, азаматтық қоғам өкілдерін, тарихшы ғалымдарды қосу қажет. Топ жұмысын үйлестіру облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Баймановқа жүктеледі», – деді Н.Нәлібаев.
Жиында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды мерзімінде және сапалы орындау міндеттелді. Экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемін ұлғайтуға, салық реформасына, әлеуметтік осал топтағы азаматтардың баспанаға қолжетімділігін арттыруға қатысты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, әлеуметтік нысандар салынатын аумақтың инфрақұрылыммен қамтылуы бірінші кезекте ескерілуі тиіс.
Құрылтайда қаралған тағы бір маңызды мәселе – инвестиция тарту, инвестициялық жобаларды іске асыру. Мемлекет басшысы алдағы төрт жыл ішінде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске қосылатынын атап өтті. Бүгінде өңірге инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімі бастаған делегацияның Италия, Испания, Қытайға барған жұмыс сапарларының алғашқы нәтижесі көріне бастады. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпай, әрі қарай күшейту қажет.
Құрылтайда көтерілген өзекті мәселенің бірі – ономастика. Осы ретте тұрғындарға ономастика талаптарын кеңінен түсіндіру, тарихи жер-су атауларын және халық ішінде кең таралған дәстүрлі атауларды қою тәртібін берік ұстану керек. Аймақ басшысы көшелер мен елді мекендерге атау беру немесе атауларды өзгертуде құрылтайда айтылған ұстанымдарды қатаң басшылыққа алуды тапсырды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!