Бүгінгі бағдар һәм болашақ қадамымыз туралы айту үшін еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалына тоқталу керек. Қазіргі жағдай тек Қазақстанды емес, жалпы әлем жұртын толғандырып отыр. Басты экономикалық табыстың негізі – біздің басты құндылық ретінде қала беретін бейбітшілік, адам капиталы, мемлекет бюджеті. Алайда жаһандық пандемия салдарынан біз осы үшеуін бір-бірінен және үшеуінен де қол үзіп бара жатырмыз. Бұрынғыдай «көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Елімізге дамудың жаңа сипаты қажет. Жаһандық трендтер көрсетіп отырғандай, ол, бірінші кезекте, экономикаға негізделуі тиіс. Өйткені мұның өзіндік сын-қатерлері де, мүмкіндіктері де бар. Мақсат пен міндет межесіне талпынып, төбесі көкке жеткелі тұрған мықты ел атану үшін өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеміз. Ол үшін біз алға қойылған міндеттен жаңылмауға тиіспіз. Атқарылған жұмысты бағалау, алдағы мақсатқа жоспар – жартыжылдықты қорытындылаған Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралған басты тақырыптар.
АЙМАҚТАРДЫҢ АХУАЛЫ ҚАНДАЙ?
Үкімет басшысы әлем елдеріндегі ортақ ахуал салдарынан жыл басынан бері елдегі жалпы ішкі өнім көлемінің 1,8%-ға төмендегенін айтты. Десек те, экономиканың нақты секторындағы тауар өндірісі 4,1%-ға өскен. Негізгі драйверлер ретінде құрылыс және өңдеу өнеркәсібі, автомобиль жасау, фармацевтика, дайын металл өнімдерін өндіру, жеңіл өнеркәсіп, резина және пластмасса бұйымдары және қағаз өндірісін айтуға болады. Тау-кен өндірісі өнеркәсібі мен тұрғын үйлерді пайдалануға беру де өз деңгейінде қалған. Дегенмен, төтенше жағдай режимі мен карантиндік шектеу шараларын енгізу аясында жарты жыл ішінде қызмет көрсету секторында 5,6%-ға төмендеу байқалған.
Республика бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша орташадан жоғары деңгейдегі өсім Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалған. Қостанай, Алматы, Жамбыл, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында барлық негізгі көрсеткіштер оң нәтиже көрсетсе, Батыс Қазақстан, Түркістан және Ақтөбе облыстарында, Шымкент қаласында жекелеген көрсеткіштердің теріс екені анықталған. Қызылорда, Атырау, Павлодар және Маңғыстау облыстары көптеген көрсеткіштер бойынша орташа республикалық деңгейден де төмен көрсеткішке ие. Айтпақшы, Қызылорда аймағына мұндай төмен баға жылдың алғашқы тоқсанында да берілген еді. Екінші тоқсанда да «екілік» алдық. Үкімет жақтан Қызылорданың бұрынғыдай қарқыны жоқ екені жиі айтылуда. Дәл қазіргідей уақытта экономикада жұмыспен қамту, халықтың экономикалық белсенділігін сақтау, инфрақұрылымды жақсартуға басымдық берілуде. Біршама уақыт бұрын Үкіметбасы А.Мамин табысты жобаларды іске қосу жөнінен Қызылорданың артта келе жатқанын қадап айтқан еді. Сірә, жығылған жерден тұруымыз оңайға соқпай тұр. ҚР Ұлттық экономика министрлігі де республика бойынша өнеркәсіп өндірісінің ұлғаюына Қызылорданың жеткілікті үлес қоса алмай отырғанын айтып әлек. Әр істің өз қайыры болар…
Жұмыспен қамтудың жол картасы мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында жұмыспен қамтуды қалыптастыру шараларымен 1,2 миллионнан астам азамат қамтылды. Жұмыспен қамтудың жаңа жол картасы бойынша 6,5 мың жобаның 6,1 мыңнан астамы басталып, 146 мың адам жұмысқа орналастырылды. 5,5 мың шақырым республикалық және 4 мың шақырым жергілікті жолдардың құрылысы мен қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бергі алты айда 800 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері қайта жөндеуден өткен, 13,7 млрд теңге сомасына өңірлерді газдандыру бойынша 21 жоба іске асырылып жатыр.
МҰНАЙ БАҒАСЫ «МЕНМҰНДАЛАП» ТҰРҒАН ЖОҚ
Өнеркәсіпте өндіріс процестерін цифрландыру мен заманауи бизнес-модельдерді игеру арқылы еңбек өндірісінің деңгейін көтеруге мүдделіміз. Рас, осы күннің өзінде технологияның даму үрдісі адамдардың рухани дамуына кедергі келтіріп отыр. Сол секілді экономиканы да цифрландыру толағай табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің серпіні босап қалу қаупін тудырады. Бұл ретте білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажеттілігі алдыңғы орынға ие. Индустрияландыру картасы аясында биыл отын-энергетика және агроөнеркәсіптік кешендерде, металлургия, химия және жеңіл өнеркәсіпте, құрылыс индустриясында, машина жасау және фармацевтика салаларында 1,1 трлн теңге сомасына 160 жоба жүзеге асырылады.
– Үкімет экономиканы тұрақтандыру, жұмыспен қамту деңгейінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және халықтың табысын қолдау жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдайды, – деді Үкіметбасы жиын соңында.
Алғашқы жартыжылдық есеп бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 232 млрд теңгеге, қайта өңдеуге 40 млрд теңгеге дейін өскен. Қазақстанның жаһандық дата-хаб ретінде дамуы аясында 110 млрд теңгеден астам тартылған инвестициялармен 32 дәстүрлі және 17 ірі тау-кен деректерді өңдеу орталығы салынды. 2024 жылға дейін 633 млрд теңгеге қосымша инвестиция тарту және 2000 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Ал қазіргі ахуал экономиканы балақтан шалып, әлеуметтік ахуалды алқымнан қысып тұр. Тіпті елге инвестиция құйғалы отырған ірі алпауыттардың өзі алдағы жоспарға алаңдап отырған көрінеді. Мұнай бағасы бұрынғыдай «менмұндалап» тұрған жоқ. Жер астының ахуалын жер үстіне шыққанда «жайып» салып тұрған бұл шикізаттың көзі де түгесілуге таяу екенін айттық. Осыдан екі жыл бұрын ҚР Ұлттық экономика министрлігі 2023 жылы жалпы ішкі өнім 86,5 трлн теңгеге дейін жетеді деп болжаған еді. Болжам да жоспар мен тапсырманың шегінде жасалатынын ескерсек, тұрақты қарқынның сақталуы екіталай. Экономиканың қорапта тұрған сала емес екендігі тағы бар.
Н.ҚАЗИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!