Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТРАНЗИТ: ТІЗГІН КІМДЕ, ЖОЛАУШЫ КІМ?

17.01.2020, 9:55 1340

Шынын айту керек, біздің елде саяси науқаннан гөрі тарихи қадам көбірек болады. Өйткені науқанның осы түрін тым саяси бояуға малындырмас үшін тарихтың «атына» өңгере салған өзімізге де ұнайды һәм құлаққа да жағымды. Отыз жылға жуық уақыттан бері былтыр ғана «ат үстіндегі әбзел» ауысты. Тура тар көпірде. Неге дейсіз бе? Дәл осы уақытта елдегі ахуал жылан жүрістеніп, «атылуға» шақ тұрғандығын халық та білді, билік те құлағдар болды. Мәселе онда жатпаса да, Қазақстандағы осы бір саяси ауыс-түйістің астарын одақтас елдер мен алыс-жақын шетелдіктер іздеді.

Тіпті Ұлыбританияның «Chatham house» халықаралық қатынастар бойынш­а беделді сараптама орталығы «Қазақстан: транзит сынағы» тақырыбымен мақала жазды. Онда «Биліктің ауысуы әртүрлі жеке топтар үшін үстемдік пен бәсекелестіктің орын  алуына әкеп соқтырады. Ауыл-қалаларға жалғасып жатқан көші-қон да құбылысқа ықпал етпей қоймайды. Көптеген мигранттар әлеуметтік жағдайға қол жеткізе алмай, маргиналданған күйінде қалып отыр. Мемлекетке аз көңіл бөлетіндіктен, олар этникалық немесе рулық ұқсастықты басымдыққа алады. Орыс тілінің қолданылуы­ азайған сайын, осы бірегейлік формаларын қолдайтындардың саны артуы мүмкін. Рулық және кландық факторлар қоғамның белгілі бір салаларында азаматтық ұстанымнан гөрі топтық адалдық сақтайды» делінген. Бұл – қазақ жеріндегі бас­қару ұстынына шетелдіктердің көз­қарасы. Дегенмен, бұл жауыр атқа жіп құйысқандығының белгісі емес. Керісін­ше ықтималдылығы басым болуы… Жә, жарар, Тұңғыш Пре­зиденттің айтқанына көз жүгіртіп көрейікші.

 – Қазір билік транзиті – ең өзекті мәселе. Менің мандатым 2020 жылдың соңында аяқталуы тиіс еді, бірақ оны күтпестен шешім қабылдадым. Неге, оның себебі бар ма? Біріншіден, президент лауазымымнан атағым нағыз­ дүркіреп тұрған шақта бас тартты­м.  2015 жылы  сайлауда сай­лау­шылардың 96% дауысына ие болдым, әрине  менің  кетуімді халқым зор  өкінішпен  қабыл алғанын жақсы­ білемін. Бұл әлем тарихында орын алған елеулі жағдайдың алғашқысы емес. Бір кездері Де Голь да постын тастап кетті, Ли Куан Ю мырза, Махатхи­р мырза да өз таңдауын жасады,­ – деген  еді.

Жасырып қайтейік, жаңа бет­бұрыстың талқыға түсу уақыты біз ойлағанн­ан әлдеқайда ұзаққа созылуда. Ел халқына тұтас тұтқа ауыстыр­ғандай әсер қалдырса, сырт көз әлі де болса транзиттік бағыт деген баға беруде.­ Бұл сөз көліктік транзит бағытын­да айтылса құлаққа  түрпі­дей тимес еді. Мәселе билік транзитінің «дәлізін» сөз етіп, «қос қанатты басқару тетігі бар елге» теңеуінде жатыр. Отыз тістен шыққан сөз құлақтыға жетпей қоймайды. Елдегі саяси ахуалға­ қатысты мәселеден ел тізгінін ұстап отырған президент те хабардар. Және өзіндік ойын ашық жеткізуден жалтарған емес. «Билік транзитіне келетін болсақ, менің білуімше, билік­ке  қатысты  ешқандай  шағымдар  болған жоқ. «Транзит» деген сөзді қабылдауға болмайды, мен өзімді транзиттік жолаушы санамаймын, бағытты өзгерткім келмейді, ұшағым мен пойызымды ауыстыруға ниетім жоқ. Мен сайланған президентпін, сол үшін халыққа ерекше қызмет етемін, – деген еді «Euronews» ақпараттық порталына берген сұхбатында елдегі «транзиттік тақ» мәселесін там-тұмдап жеткізген президент Қ.Тоқаев.

Іргелес елдермен ісіміз бен сөзі­мізді жарастырып отырған ел еке­ні­мізді ескерсек, ортақ мәселе де, жоспар­ да, бағыт та көп, ұқсастық та табы­лады. Әсіресе теріскейлік көр­шімізбен саяси-дипломатиялық ынтымақ­тастығымыз нығайып, әлеуетім­із артып тұрғаны және бар. Бұл ретте әлемдік сарапшылар Қазақста­ндағы  жағдайдың Ресейде де  қайталануы мүмкін деген жора­мал­дарын жаһанға жария етіп келеді. Дегенме­н, жеделдетілген сценарий әзірге ол елде жазылып жатқан жоқ. Өйткені  әлі  төрт  жыл  уақыт  бар.

Ал, әзірге анығы қазақ елін «транзиттік жолаушы» басқарып отырған жоқ.

Н.ҚАРАСАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: