Ғалым Смағұлұлының карикатурасы
Transparency International (TI) халықаралық ұйымының 2019 жылғы Жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 113-орында тұр. 2018 жылмен салыстырғанда Қазақстан 2019 жылы 11 сатыға жоғарылаған. Биылғы жылдың алғашқы 7 айындағы жағдай да көңіл көншітпейді. Ақпараттарға сүйенсек, сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдардың саны (қылмысты саралау туралы қаулы шығарылған адамдар) 912-ні құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11%-ға көп. Олардың ішінде 2 облыс әкімі бар. Өзекті мәселені шешудің жолы қайсы?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 19 тамыз күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңес өткізді.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі. Бұл – менің берік ұстанымым және сайлауалды бағдарламада халыққа берген уәдем. Осы жұмыста ешқандай көзбояушылыққа, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол берілмеуге тиіс. Талап қатаң болады. Өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамдардың саны 11 пайызға артқан. Ашығын айтқанда, қазір күнделікті жаңалықтардан түрлі деңгейдегі шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа байланысты заңбұзушылықтары үшін ұсталып жатқаны туралы оқитын болдық.
Бөлініп жатқан қаражат мұқият әрі тиімді жұмсалуға тиіс. Бұл – әр теңге өзінің мақсатына сай жұмсалуы керек деген сөз. Әсіресе, қазіргі жағдайда еш пайдасы жоқ және қажетсіз іс-шараларға қаражаттың шығындалуына қоғамның қалай қарайтынын көріп отырмыз. Сондықтан, мұндай мәселелерге болары болып, бояуы сіңгеннен кейін емес, алдын ала мән беру – өте маңызды, – деді президент.
Жиында мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлық бойынша сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға заң жүзінде тыйым салуды тапсырды. Демек, бұдан былай жемқорлықпен шатылған ақжағалылар бұрынғыдай амнистияға «іліне» алмайды. Сот бекіткен жазаны толық өтеп шығуы тиіс. Осыған дейін ірі көлемде ақша жымқырып, жылға жетпей бостандыққа шыққан шенеуніктер жетерлік.
Апта басында Ranking.kz жобасының сарапшылары Қазақстанның қай аймағында параға байланысты қылмыстар көп болғанын айтты. Өткен айларда параның көп бөлігі алынған Батыс Қазақстан облысында 100 жағдай анықталды. Алматы мен Шығыс Қазақстан облысы алғашқы үштікке енді: әр облыста 75 қылмыстан тіркелген.
Президенттің тапсырмасынан кейін жемқорлар аяқ тарта ма? Ақ-қарасын уақыт еншісіне қалдырдық...
Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!