Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаев: «Намысымыз қайда?»

16.07.2020, 13:45 541

Елдегі қай саланы алсақ та, тіректі әрекеттерінен жаңылып тұр. Эпидемиологиялық ахуал әлі де түзелген жоқ. Президент пәрменімен індеп кеткен індетке  қарсы  күрес  шараларына  қосымша 150 миллиард теңге бөлінеді. Коронавирус инфекциясының таралуын тоқтату және науқастарды емдеу ісінде нақты нәтижелерге қол жеткізу – басты мақсат. Полиция және санитарлық дәрігерлер карантин режимінің қатаң сақталуын бақылап, толыққанды медициналық көмек көрсету және қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуі – маңызды міндет. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев бейнебайланыс режимінде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.

«Әп» дегеннен елдегі жартыжылдық жұмысты қорытындылаған президент күрделі экономикалық ахуалға тоқталды. Себебі жаһан жұртының басына нәубет боп келген пандемия алпауыттарды да алған белесінен тайдырып, дамушы елдердің дегбірін қашырды. Ұлттық экономика сын тезінде тұр, 1,8 пайызға төмендеген. Қалай десек те, мемлекеттік капитал құндылықтарын сақтап қала алмау – үлкен сын, қаперден кетпес қателік.

– Денсаулық сақтау министрлігі басқару ісінде бірқатар өрескел қателіктер жіберді. Әкімдердің көпшілігі жұмысын тиісті деңгейде атқарған жоқ. Үкімет те бақыламады. Жіберілген қателіктер мен олқылықтарды анықтайтын арнайы комиссия құру қажет, – деді мемлекет басшысы.

Айта кететін  жайт  бар. Ол – Қазақстанның дәрілік препараттардың 80 пайызын шетелден импорттауы. Ал дәрі-дәрмек өндірісі неге жолға қойылмаған? Бұл сауал күллі қазақстандықтарды мазалайтыны анық. Президент те айналып өтпеді.

– Қазақстанда дәрі мен медициналық бұйымдардың көптеген түрін өндіруді жолға қоятын кез келді. Қашанға дейін импорттық дәрілерге тәуелді боламыз? Намысымыз  қайда? – деді.

Намыстың қайда екенін әркім өзі білер-ау, бізге белгілісі, көпірде ат ауыстыруға бейімділігіміз. Қалыптасқан ахуалды шыр айналған қалпымен қайта орнына әкелу әсте мүмкін емес. Десек те, президент министрлер кабинеті мен әкімдерге екі аптада жағдайды тұрақтандырмаса, жасақталған құрамның жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселенің туындайтынын қаперлеріне салды. Пандемия салдарынан халықтың табысы азайғандығына қарамастан елдегі азық-түлік, дәрі-дәрмек қымбаттаған. Жаһан елдеріне төнген қатер елдегі реформалануы тиіс салаларды бағыттап көрсеткендей. Қатарында денсаулық, білім, әлеуметтік қорғау, цифрландыру мәселелері бар. Бір айдан соң оқу орындарында сабақ басталады.

– Мұғалімдердің 20 пайыздан астамы үйінде толыққанды интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қашықтан тиімді оқыта алмады. Мектептердің балансындағы 400 мыңнан астам компьютердің тек 40 пайызы ғана іске жарады. Бұл – әкімдіктер мен министрліктің жұмысының нәтижесі, – деді президент.

– Біздің жаңа бағыт өз міндеттерін адал атқаратын білімді, батыл, бастамашыл, іскер орындаушыларды қажет етеді. Бізде осындай азаматтар жеткілікті ме? Ал, енді ойланып көріңіздер, осында отырған тұтас команда аталған талаптарға толық сай келе ме? Үкімет мүшелері мен әкімдер өздерінің мүмкіндіктерін шынайы бағалайды деп ойлаймын. Бізде өзіне сыни көзбен қарау қашанда қиындық тудырған, дегенмен, мемлекеттің пайдасына қарай шешім қабылдайды деп сенемін, – деп сөзін қорытындылады президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дағдарыс жағдайындағы экономика бұрынғыдай «бастырылған цифрмен» көмкерілмей тұр. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қаржыландырылуы 1 триллион теңгеге дейін жеткен. Ал, жалпы бөлінген  200 миллиард теңгеден сәл ғана асатын қаржының тек бестен бірі ғана игерілген. Бұл тұста да шикілік бар. азаматтардың жұмыспен қамтылуы толыққанды жоспарға енбеген. «Ары қарай не істейміз?» деп президенттің өзі ойланып отыр.

Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: