Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаев Бұхарада жүр

11.04.2026, 19:25 23

HALYQLINE.KZ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Ақорда.

Бұхара қаласының әуежайында мәртебелі мейманды Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қарсы алды.

Салтанатты қарсы алу рәсімінде Қазақстан Президентінің құрметіне ұлттық ән мен би орындалды.

Мемлекеттер басшылары бейресми кездесу өткізіп, шаһардағы бірқатар тарихи және өнеркәсіп нысанын аралады.

***

Қазақстан Президентінің Өзбекстанға жұмыс сапары Бұхарадағы Бахауддин Нақышбанди кесенесіне зиярат етуден басталды.

Мемлекеттер басшылары медресе, екі мешіт пен мұнарадан тұратын мемориалдық кешенді аралап көрді. Зиярат барысында Құран оқылып, бауырлас халықтарға бейбіт өмір мен бақ-береке тілеп, дұға жасалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев мемориалдық кешенге келушілермен жылы рәуіште әңгімелесіп, суретке түсті.

Нақышбандия тариқатының негізін салушы Бахауддиин Нақышбандидің кесенесі XVI ғасырда салынған.

Ескерткіш жанындағы музейде XIX ғасырдағы Құран қолжазбасы, тарихи құжаттар, кітаптар мен басқа да құнды жәдігерлер сақталған.

***

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Шавкат Мирзиёевке қонақжайлықпен қарсы алып, бүгінгі бейресми кездесуді ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.

– Шын мәнінде, қазіргі геосаяси құбылмалы жағдайды ескерсек, бұл сапарымды өте маңызды деп айтсақ, қате болмас. Өзбек елі – Қазақстан үшін сенімді стратегиялық серіктес. Біз осы сапар барысында өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасамыз. Күн тәртібінде екіжақты қарым-қатынасымыз бойынша бірқатар аса маңызды мәселе бар. Алайда біздің арамызда ешқандай түсінбеушілік, иә болмаса кедергі жоқ. Қол қойылған жобалар, жоспарлар бірте-бірте орындалуда. Біздің Үкімет барлық келісімдерді бұлжытпай іске асыру міндетін жақсы түсініп отыр. Менің бақылауыммен тиісті жұмысты атқарып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президент 2,5 мың жылдан аса тарихы бар киелі Бұхара шаһары әлемдік тарихи-мәдени мұраның ажырамас бөлігі саналатынын атап өтті.

– Бұхара – Шығыстың орта ғасырлардағы рухани әрі зияткерлік орталықтарының бірі. Бұл көне шаһар мен қазақ халқының арасында белгілі-белгісіз байланыстар көп. Қазақтың әйгілі ойшылы Мәшһүр Жүсіп Бұхарада ілім жиған. Ғасырлар бойы қазақтың көптеген зиялылары Бұхарада білім алып, жергілікті медреселерде оқыған. Мұнда адамзаттың өркендеуіне айрықша әсер еткен кезеңдер мен ұлы өркениеттің тынысын сезінесіз. Бүгінде Бұхара өзінің мыңжылдық дәстүрі мен Жаңа Өзбекстанның қарқынды дамуын үйлестіріп отыр. Қазіргі Бұхараны тамашалап, барлық ғимаратқа жаппай ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілгеніне куә болдық. Бұл – өте үлкен істің нәтижесі, ең бастысы, ұлы тарихи мұраға мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтың көрінісі, – деді Мемлекет басшысы.

Өзбекстан Президенті Бұхарадағы бүгінгі жүздесудің екі ел арасындағы сан қырлы байланыстарды кеңейтуде маңызы зор деп пайымдайды

– Сіздің бұл сапарыңыз ғасырлардан тамыр тартатын қос халық арасындағы достықты, тығыз бауырластықты көрсетеді, сондай-ақ стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастың ұдайы нығайып келе жатқанына дәлел. Ашық әрі риясыз келіссөздер ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыта түсіп, нақты нәтижелерге қол жеткізуге, өңірдегі өзара ықпалдастық аясын одан әрі кеңейтуге негіз болатынына сенімдімін, – деді Шавкат Мирзиёев.

Ол өзбек халқының ең жақын көрші және одақтас ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру жолындағы тиімді реформаларына шынайы қолдау білдіретінін жеткізді.

– Әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, еліңіздің экономика көлемі 300 миллиард доллардан асты. Шикізаттық емес сектор жанданып, ішкі жалпы өнімде шағын және орта кәсіпкерліктің үлес салмағы 40 пайызға жуықтады. Сіз мемлекетті цифрландыру ісіне ерекше мән бересіз. Биыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладыңыз. Еліңіздің жаһандық кеңістіктегі абыройы артып келеді. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халқының мүддесіне негізделген көпвекторлы сыртқы саясат табысты жүзеге асырылып жатыр. Сіз көтерген халықаралық бастамалар кеңінен қолдау тауып отыр. Бұл Сіздің аймақтық және әлемдік проблемаларды шешу ісіндегі көрнекті саяси қайраткер екеніңізді көрсетеді. National Interest басылымына жарияланған мақалаңызды ерекше ықыласпен оқыдым. Қазіргі халықаралық ахуалда прагматизмнің, ашықтықтың және шынайылықтың рөлі артты деген ойыңызбен толық келісемін. Экономикалық жаңғыру мәселесіне терең үңілетініңізді атап өткім келеді. Инвестиция мен орнықты даму реформаларын ұштастыруды жекелеген бастама ретінде қарастырмай, тұтас стратегияға айналдырдыңыз. Мұны ерекше бағалаймын. Біз Сіздің бауырлас халықтар арасындағы тату көршілік қарым-қатынасты, стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтуға қосқан үлесіңізді айрықша қадірлейміз, – деді Өзбекстан Президенті.

Кездесуде тараптар экономикалық серіктестікті кеңейту жөніндегі стратегиялық бағытты ұстанатынын растады.

Сауда мен өндіріс салаларында нақты көрсеткіштерге қол жеткізу үшін екі ел үкіметтерінің ықпалдастығын арттыру туралы келісім жасалды. Іскер ортаны жүйелі түрде қолдау мен ынталандырудың маңызы атап өтілді.

Мемлекеттер басшылары сирек кездесетін металдарды өндіру мен өңдеу, көлік-транзит, су-энергетика салалары және ІТ секторындағы ықпалдастық мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.

Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мен туризмді дамыту ісіне айрықша мән берілді.

Келіссөз қорытындысы бойынша президенттер екі ел үкіметтері арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі жол картасын қабылдауға уағдаласты.

Фото: Ақорда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: