HALYQLINE.KZ Көктем есік қаққаннан Сырдарияны жағалай қонған жұрт буынып-түйініп үдере көшуге әзірленетін. Өзен бойына орныққан ағайын күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылатын. «Табиғат тосын мінез таныта ма?» деп ел елеңдейтін. Етжеңді еркектер ауық-ауық дамбаға барып, дария демін бақылайтын. Иә, мұның барлығын өткен шақта айтып отырмыз…
Қайбір жылы Сырдария кәдімгідей сес көрсетті. Төтеншеліктерді аяғынан тік тұрғызды, жарықтық. Абырой болғанда, асау өзен бір буырқанып барып басылды… Асау дейсіз-ау?! Қазір дарияда баяғыдай арын жоқ, дәрменсіз.
Бұл ретте Орталық Азия елдеріне ортақ проблеманың шеті шығып тұр. Олай дейтініміз, осындағы ірі өзендердің барлығы трансшекаралық болып саналады. Сондықтан іргелес елдер біршама жылдан бері ортақ мәмілеге келе алар емес. «Құлағында» отырғандар өздеріне артығымен алып қалуды ар көрмейді. Сарапшылар соның себебі ретінде кешегі Сардобаны мысалға келтіріп жүр. Осы ретте тіршілік нәріне сұранысты айта кетейік. Мәліметтерге сенсек, жыл сайын адамзат пайдаланатын тұщы судың көлемі 4,3 триллион шаршы метрді құрайтын көрінеді. Мұның 70 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі болса, 19 пайызы өнеркәсіпке, ал қалған 11 пайызы күнделікті тұрмысқа бағытталған. Ғалымдар «адамдар қара судың қадірін болашақта түсінеді» деп отыр. Қариялардың «Судың да сұрауы бар» деуі бекер емес екен.
Әңгіме Сырдариядан шығып еді. Енді соған оралсақ. Сырбойылық шаруалар Тянь-Шаньның сілемдерінен сұраусыз келіп жатқан суды күріштікке пайдаланып, кәдесіне жаратты. Соның арқасында ақ күрішіңіз Қызылорданың «паспортына» айналды. Диқандар жылда рекорд жаңартып, күзге салым Сыр бойында той-думанның болатыны бар. Рекорд та, рекорд. Биыл бұның барлығы сап тыйылатын тәрізді. Бұл диқандар дән сеппейді деген сөз емес. Тек бұрынғыдай «ауыздан ақ май ақпайтыны» ақиқат. Оның себебі – су тапшылығы.
Дәл қазір Сырдария сүтке жарымаған сәбидің күйін кешіп отыр. Өзен орнында құм төбелер пайда болып, дауыл тұрса қаланы шаң басады да қалады. Бұл аз десеңіз, күрішпен күнелтіп отырған диқандарға су жетпей қалуы мүмкін. Облыс экономикасының күретамыры күрішке байланғанын ескерсек, жағдайдың күн өткен сайын күрделеніп жатқанын аңғару қиын емес.
Ресми мәліметке сүйенсек, биыл Шардара мен Көксарайға жиналған судың қоры – небәрі 6,2 миллиард текше метр. Одан қалды, Сырдарияның суын біздің облыспен қатар түркістандық диқандар тел еміп отыр. Соның барлығын қорытындылай келе өңірге тиесілі судың үлесі шамамен 4,2 миллиардтан аспайды. Су шаруашылығының басы-қасында жүрген мамандардың жауабы осы. Олардың сөзінше, осы уақытта өңірге 400 текше метр су келу керек болса, биыл бұл 100 текше метрден әрі аспаған.
Жалпы, Сыр салысы – суды көп қажет ететін дақылдың бірі. 2018 жылы 87 мың гектар жерге күріш отырғызылып, оған 7,2 млрд текше метр су кеткен. Сол жылы 700 гектар алқапқа су жетпей қалып, шаруалар бақандай 200 млн теңге шығынға батты. Ал былтыр егілген 88 мың гектар жерге 9,5 млрд текше метр жұмсалған. Соның арқасында шаруалар шығынсыз шықты. Ал биыл Сырдариядан түсетін судың мөлшері 7 млрд текше метрден аспайды деп болжануда. Оған қоса, 64 мың гектар жерге егіс еккен түркістандық диқандар да дария суын тұтынады. Әу баста сырбойылық шаруалар жыл басында биыл 88 мың гектарға күріш отырғызуды жоспарлап қойған. Ал оны суғаруға Сырдарияның қазіргі қауқары жетпейді. Әсіресе, дарияның төменгі ағысында орналасқан Қармақшы, Қазалы ауданындағы шаруаларға оңайға түспейтін түрі бар. Су шаруашылығы мамандары облыста маусым айының соңына таман су тапшылығы туындайтынын ескерткен. Қайтпек керек?
– Су тапшылығының алдын алу үшін егіс көлемін оңтайландырып, оның орнына суды аз қажет ететін ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру көзделген. Сонымен қатар, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы барлығы 200 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Облыста егіс көлемдерін әртараптандыру бағытында биылғы жылы 290 гектар соя дақылын, 200 гектар қант құмайын, 60 гектар жеміс-жидек, жүзім отырғызу және малазықтық дақылдар бойынша 18,8 мың гектар жаңа жоңышқа, 807 гектар сүрлемдік жүгері, 106 гектар малазықтық асқабақ егу межеленген. Қазіргі таңда қала және барлық аудандарда жаппай негізгі дақыл күріш себу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 51425 гектарға (58,3%) дән себіліп, 40287 гектары (45,7% ) суға бастырылды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.
Сала басшысының айтуынша, бүгінге дейін облыста 7 мың гектар күріш алқабы қысқартылмақ. Мәселен, Қазалы ауданындағы «Сыр Маржаны» серіктестігінің төрағасы Мінәжадин Өтеев «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатында:
– Былтырғы жылы 2400 гектар жерге күріш отырғызсақ, биыл егіс алқабын 2000 гектарға қысқартамыз. Өйткені 2018 жылы су тапшылығын көрдік, – деп отыр.
Енді кезекті мәселеге көшсек. Тянь-Шаньнан бастау алған Сырдария Арал теңізіне барып тіреледі. Арал теңізінің тағдыры жалпақ жұртқа мәлім. Табиғатқа қолдан жасалған қиянаттың кесірінен Арал өңірі экологиялық апат аймағына айналды. Үлкен Аралдан айырылдық, ендігіде Кіші Аралды сақтау – күн тәртібіндегі негізі тақырып. Бірақ, Тянь-Шаньнан нәр алған дария суы Кіші Аралға жетпей отыр. Белгілі эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатыров:
– Теңіз туралы бірауыз сөз айтылмайды. Мұндай біржақты шала саясатты қою қажет. Арал – өзінің үлесін талап ететін табиғаттың төл перзенті. Ең алдымен біз сонымен (теңізбен) санасуымыз керек. Неге біз тек егін шаруашылығын ойлай беруіміз қажет? – дейді.
Ғалымдар дерегінше, 2030 жылы әлемдегі өзен бассейндерінің көлемі 10 пайызға, 2050 жылы 25 пайызға тартылуы мүмкін. Сондықтан сырбойылық шаруалар ауыл шаруашылығын әртараптандырып, жаңа өндіріске көшкені дұрыс па дейміз…
Қозы Көрпеш ЖАСАРАЛҰЛЫ,
Б.Есжанов (сурет)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!