Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр өңіріндегі нәубет жылдар шежіресі

01.06.2022, 12:00 1028

HALYQLINE.KZ Соңғы түйенің жүгі – қашан да ауыр. Мамырдың мезгілі таяп, бітер күннің ел үшін, тұтас мемлекет үшін маңызы аса зор. 31 мамыр – саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және ашаршылық азабын шеккен жандарды аза тұту күні. 1997 жылдан бастап бекітілген қаралы күнді жадымызда мықтап бекітуіміз шарт. Өзекті өртейтін өткенге оралсақ…

Сталиндік репрессия салдарынан қазақтың 70 мыңға жуық көзі ашық, зиялы қауымы жазықсыз атылып кетті. Бұдан бөлек 100 мыңдаған адам қамалып, айдауға түсіп, Сібірге жер аударылды. Кеңес Одағының солақай саясаты бойынша, отарланған ұлттың бас көтере алмай, құлақкесті құл болуы үшін, көзі ашық, саналы азаматтарының барлығы да қуғынға түскен. Жалпы, бұл уақыт ел басына туған ең қиын-қыстау кезең болып тарихта жазылған. Халық жауы, ұлтшыл деп айыпталғандардың бәрін түгел лагерьлерге жіберген, тіпті олардың әйелдері де сыбайластары саналып, Ақмола лагерьінде қамауда болған. Елде тәуелсіздік алғаннан кейін сол саяси қуғын-сүргіндерінің атын ақтау үшін көптеген жұмыстар жүргізілді. Біздің өскелең жас ұрпақ сол бір тар замандағы қуғын сүргін салдарынан жазықсыз жапа шеккен қайраткерлерді ешқашан ұмытпайды.

Осы орайда кеше Достық үйінде «Қазақстандағы саяси-қуғын сүргін: Сыр өңіріндегі нәубет жылдар шежіресі» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті. Конференцияны  облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова: «1997 жылы 31 мамыр саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Биыл атаулы датаға 25 жыл толды. Тоталитарлық жүйе жүргізген саясат салдарынан облыс бойынша 4038 отбасы қуғынға ұшырап, 1153 адам атылған.1931-1933 жылдары болған ашаршылықтан қырылған қазақтардың саны 2 млн 300 адамды құраған. Президент басшылығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрды», – деп, конференция жұмысын ашып берді.

Аталған ғылыми-конференцияға тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Айтжан Оразбақов, тарих ғылымдарының кандидаты Сағат Тайман және де басқа да өңірге белгілі азаматтар қатысты.

Қазақ даласының етегіне сор боп жабысқан ашаршылық нәубет жылдары халқымызды қоғадай қырып кетті. Ұрпақ санасына өткен дәуір тарихын жаңғырту, ұлт зиялыларын жадымыздан бір сәт те шығармау – баршамыздың ұлт алдындағы азаматтық парызымыз!

Мұхаммедшах КАЮП,

студент

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: