Биыл облыста 183,1 мың гектарға егіс егу межеленіп отыр. Көктем ерте шығатын оңтүстік аудандар қазірдің өзінде кейбір дақылдарды себуге кірісіп кетті. Ал өңірдің бренді күріш сәуірдің соңғы онкүндігінде егіле бастайды. Аймақта күріш егудің оңтайлы мерзімін Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты жасап шықты.
Осы жылы жергілікті диқандар 88,2 мың гектар алқапқа күріш сеппек. Сондай-ақ 97,8 мың гектар дәнді, 6 гектар майлы, 61,6 мың малазықтық, 17,7 мың гектар картоп, көкөніс-бақша егеді.
Егіске қажетті тұқым дайындау мәселесі толық шешімін тапқан. Қолда 22948 тонна жоғары репродукциялы күріш тұқымы бар, бұл көлем қажетті мөлшерден асып түседі. Оған қоса 683 тонна жаздық бидай, 94 тонна арпа, 17,6 тонна сұлы, 32,7 тонна жүгері, 10,1 тонна тары, 274,4 тонна жоңышқа, 95, 2 тонна мақсары және 37,7 тонна соя тұқымы қамбада тұр.
– Былтыр Қаратау бөктеріне аквагель арқылы жаздық бидай мен мақсары ектік. «Пазылбек» шаруа қожалығы аумағына 80 гектар күздік бидай себілді. Қазір сол бидайдың шығымы жақсы. Ал биыл мамандардың зерттеуінше, облыс аумағында су тапшы болады. Былтырғымен салыстырғанда бізге 1 млн текшеметр су аз түсуі мүмкін. Осыған байланысты әртараптандыруға көңіл бөліп, топырақтағы тұзды азайтып, мал азығына жарайтын дақылдарды еккен жөн, – дейді Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ҒЗИ директоры Бақытжан Дүйсембеков.
Облыста өткен жылы шаруа қожалықтары мен ҒЗИ мамандары тәжірибе ретінде 40 гектарға соя егіпті. Бастама өзінің тиімділігін көрсетті. Осы жылы көрші мемлекеттерден сұраныс мол болатын дақыл көлемін 290 гектарға жеткізу жоспарланып отыр.
– Мамандар біздің өңірде кездеспейтін қант құмайын да өндірістік сынақтан өткізген болатын. Суармалы жердің тұздылығын төмендетіп, құнарлы маз азығы саналатын осы дақыл көлемін биыл 200 гектарға арттырамыз деген жоспар бар. Келешекте
3 мың гектарға жеткізу ойластырылуда, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сейілбек Нұрымбетов.
Сортаң жердің құнарын арттыратын қант құмайы 1 гектар алқаптан 5-6 тонна тұзды бойына тартып алады. Әрі құнарлы мал азығы болып есептеледі. Сонымен қатар осы жылы облыста алма, жүзім алқаптарының да көлемі артады.
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!