Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Суда сақтық керек

18.05.2022, 16:00 699

HALYQLINE.KZ

Өткен жылы Қызылорда облысында рекордтық көрсеткішпен 49 адам суға кеткен. Оның 24-і – бала. Тілсіз жаудан құтқарушылар тек 16 адамды ғана құтқарыпты. Биыл да жағдай мәз емес. Жаз басталмай жатып, 4 адам (оның 2-еуі – бала) суға кетіпті. Өкінішке қарай, әзірге аман қалған ешкім жоқ. Десе де жауапты мамандар тыңғылықты дайындық үстінде. Өз функциясын меңгерген мамандардың жұмысымен өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде таныс болдық. Ендеше, жаз мезгіліне жарты ай қалды. Демек, суға түсу маусымы қызатын шақ. Ал қауіпсіздік жағы қалай болады?

Күннің аптап ыстығында бір серпіліп алу үшін көбі тіс сырқыратар салқын суға түседі. Алайда барлығы суға түсудің ережелерін қатаң сақтамайды. Нәтижесінде осындай қайғылы оқиғалар болатыны анық. Тіпті жүзуді білмейтін жандарда «суға батып кетемін» дейтін үрей жоқ. Сол себепті жедел құтқарушылар ауадай қажет. Ал олардың өңірімізде саны қанша? Бүкіл қайық сынды керек заттары техникалық талаптарға сай ма?

Суға шомылуға байланысты төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері бірсыпыра жұмыстар атқарып жатыр. Айта кететін болсақ, біз де құзырлы мекемелердің қызметкерлерін жинап, төтенше жағдайдың ғимаратында дөңгелек үстел өткіздік. Оның мақсаты – суға түсу маусымында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Балық инспекциясы, көлік инспекциясы, полиция мен білім басқармасының қызметкерлерімен бірігіп, рейдтік іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар облыс тұрғындарына қауіпсіздік ережелерін қамтамасыз ету мақсатында полиция департаментімен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осы жылы жалпы саны 510 рейд өткізілді. Қазіргі таңда 4 адам суға кетті. Енді бұл жиілеп кетпесі үшін жүйелі жұмыстар атқарылатын болады, – деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Саид Молдақараев.

Жедел құтқару жасағының суға түсу маусымындағы дайындығы «Көксу» аймағында тексерістен өткізіліпті. Тексеріс барысында 49 сүңгуір барлық ережені толық меңгергені анықталған. Сондай-ақ 21 қайық (катерлер – 5 бірлік, темір қайық – 6 бірлік, пластикалық қайық – 2 бірлік, үрлемелі қайық – 8 бірлік), 18 бірлік техника, ілмелі моторлардың 16 данасы талапқа сай. «Кез келген уақытта облыс көлеміндегі жерге құтқарушылар төтенше жағдай болған сәтте жедел жетуге сақадай сай» дейді жауапты мамандар.

Соңғы 3 жылдағы облыс су айдындарында адам қаза болған жағдайлардың статистикасына назар аударсақ. 2020 жылы 39 адам суға кеткен (оның 11-і – бала). Тек Қызылорда қаласынан 4 адам құтқарылған. Басқа аудандардан ешбір адамды құтқарушы мамандар аман алып қала алмағаны жөнінде дерек бар. 2021 жылы тілсіз жаудан қанша адам қайтыс болғаны жөніндегі мәліметті жоғарыда айттық. Еске салатын болсақ, 49 адам суда қаза болса, құтқарушы мамандар 16 адамды құтқарған. Алайда Қызылорда қаласы мен Арал ауданында ғана суда құтқару станциясы бар болғасын жедел жетіп, көмектесе алуда. Және Шиелі ауданының 4 тұрғынын да құтқаруға шамасы жеткен. Статистикаға қарап, өзге өңірдің азаматтарын құтқаруға жергілікті биліктегілер әзірге құлықсыз екенін аңғаруға болады. Сондықтан қайғылы жағдайдың жиілеуіне әкеліп соғуда. Негізі әрбір ауданда құтқарушы мамандар қажет. Бұл кадр тапшылығы мәселесін жауаптылар өткен жылғы біршама адамның суға кеткенінен байқап, сабақ алу керек еді. Бірақ әлі күнге дейін 2 станцияның құтқарушы мамандары өзге өңірге де қызмет көрсетеді. Оперативтілік жоқ. Себебі жетемін дегенше келеңсіз жайтқа тап болған адамның жүрек соғысы үзіліп кетуі ғажап емес. Міне, мәселе қайда жатыр…

Қазақ бұл айдың да құдіретін, болмысын ежелден-ақ қаттап, қағазға түсіріп, «өлмеген құлға да келді жаз» деген. Демек жазбен бірге жақсылық келсін деп сенейік…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: