HALYQLINE.KZ –| «Суреттер сөйлейді» деген тіркестің пайда болғанына да біраз уақыт өтті ме екен? Рас, кәдуілгі суретті сөйлету кәнігі фототілшінің, фотографтың ғана қолынан келеді. Ол үшін сол қас қағым сәтті сезіне білуі шарт. Және бір рет емес, екі рет түсіруі керек. Әуелгісі – таласып-тармасып не жата-жастана жайбарақат болсын қолмен, сосынғысын жүрекпен…
Иә, сырын ішіне бүккен тарихи қалалар секілді фотошежіреге бай белгілі фототілші Болат Омарәлиевтің шығармашылығынан сыр шертетін «Қас қағым сәт қалам ұшымен…» атты айдарды Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арнап отырмыз.
«Мына суретті (бірінші сурет – ред.) 1979 жылы Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылында түсірдім. Ескерткішке бір әйел тесіле қарап жылап тұр екен. Екі кадр түсіруге зорға үлгердім» деп еске алады ол.
Қасіретті жылдардың жарасы енді ғана жазылып келеді. Тәуелсіздік таңында туғандардың маңдайдағы бағы бес елі болар. Үлкендердің «Еліміз аман болсын, бейбітшілік заман болсын» деп бата қайыратыны сондықтан. Олар үшін тыныштықтан асқан байлық жоқ. Түптеп келгенде біз үшін де солай…
Фотоға түсірудің де өз қиындығы бар. Уақыттың көптігі сапалы кадр үшін жақсы шығар, ал сәтті кадр үшін олай емес. Өйткені, көзді ашып-жұмғанша сәтті кадр ұстатпай кетеді. «Суретке түсіруге зорға үлгердім» деген фототілші сөзін ары қарай былай деп жалғайды.
– Бір жағынан біреу жылап тұрса, мен оны суретке түсірсем, сырт көзге ыңғайсыз, ұят көрінеді екен. Мына көріністен толқымау мүмкін емес. Ол кезде соғыс жесірлерінің көбі тірі еді. Осы фото бастама болды ма, білмедім, «соғыс жесірлері» деген атпен екі жылдай жесірлер өмірінен көп сурет алдым.
Көруге қанша ауыр болса да, бұл – біздің тарихымыз. Ал, тарихымызды бүркемелей алмаймыз. Күнді қолмен жабуға қанша тырыссақ та болмайды ғой, міне сол секілді.
«Жесірлер жыласа, менің де қосыла жылаған сәттерім болды. Ондай жерде шыдау мүмкін емес. 1983 жылы Мәскеуде Қазақстан фотоөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Осы сурет сол көрмеге қатысты», – дейді Болат Омарәлиев.
Суреттің жанды екені, жүректі жылататындай әсері бар екенін мойындауға тиіспіз. Соғыс жесірлері жылайды. Олар жыласа, хат-хабарсыз, хабар-ошарсыз кеткен жолдастарын есіне алады, елі үшін, жері үшін от кешкен отағасыларын ойына алады. Ол кездің жетімдері бүгінде «Менің әкем соғыста өлген!» деп мақтанады. Жесірлеріне де жұбайларының ерлігі пен өрлігі дем болғандай.
«Бір суреттің арқасында «Соғыс жесірлері» сериясын екі жылдай жалғастырдым» деген соң, фототілшіден тағы бір сурет сұрағанбыз. Архивін ақтарып, кезекті туындысын демде ұсынды. Сурет Қызылорда қаласындағы «Мәңгілік алау» мемориалында (екінші сурет – ред.) түсіріліпті. Ол уақыттағы фотоаппараттардың қазіргідей шапшаңдығы жоқ болғандықтан, жата қалып жылаған соғыс жесірін түсіруге зорға үлгергенін айтады. Фотоаппараттың жарықтық, арақашықтық мөлшерін жөнге келтіріп, айқындауышты бұрап, барынша шалт қимылдағанының нәтижесі екен.
Жалпы, қас қағым сәтті сөйлетуші Болат Омарәлиев оқиғалы суреттерімен есте қалады. Әрі танымал тұлғаларды тосыннан түсірудегі табандылығы бізді ерекше сүйсінтеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!