Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шығармашылық инновациялық орталық құрылысымен танысты

16.02.2025, 18:55 123

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы Шығармашылық-инновациялық орталықтың құрылысымен танысты.

Орталықты «Bi Global» серіктестігі салуда. Жалпы ауданы 3820,43 шаршы метрлік ғимараттың бас жобалаушысы «TEHNIKALIQ BAQILAU» , техникалық қадағалаушысы «Алатау Сапа Құрылыс» серіктестіктері.

Орталықта балаларға спорттық сауықтыру, көркем – эстетикалық, ғылыми-техникалық, тарихи-өлкетану бағыттарында қызмет көрсетіледі. Бұдан бөлек, волейбол, баскетбол, футбол, воркаут алаңдары, соңғы үлгідегі бассейн қарастырылған. Сондай-ақ, мұнда оқушылардың білімін жетілдіріп, ғылыми жұмыстармен айналысуына мүмкіндік болады. Қаланың көлік қозғалысы қарқынды көшелерінің біріндегі құрылыс алаңында сәулетті ғимарат бой көтеретін күн жақын. Орталықты межелі мерзімде табыстау үшін жұмыс жүргізілуде.

Айта кетейік, өңірде құрылыс жұмыстары республикалық орта көрсеткіштен 41 пайызға жоғары. Аймақта жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Өткен жылы 69 жаңа ғимарат салынды, оның 25-і білім, 16-сы денсаулық сақтау, 11-і мәдениет, 17-сі спорт саласына тиесілі.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 21 мектеп салу жоспарланған. Бүгінде 5 білім ордасы пайдалануға берілді, 5 мектеп жаңа оқу жылына дейін табысталады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 28 нысан салынды.

Облыстың барлық ауылындағы денсаулық сақтау мекемелеріне 245 жаңа санитарлық көлік алынып, жедел жәрдем мәселесі толық шешілді. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға 4,8 млрд. теңге қаржы бөлді. Арал, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында «Қамқорлық» оңалту орталықтары ашылды.
Мұнан бөлек, 1 млрд. 100 млн. теңгеге скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешендер алынып, бүгінде ауыл тұрғындарына үздіксіз медициналық қызмет көрсетуде. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 50 млрд. теңгеге жуық қаржыға облыс орталығы мен аудандарда жаңа ғимараттар, парктер, ойын алаңдары салынып, мемлекет теңгеріміне өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: