Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сенатқа Әлназарова барады

12.08.2020, 17:30 1307

HALYQLINE.KZ Кешегі күн саяси мансабындағы кезекті ер-тоқымын ауыстырушылар үшін сәтті өтті. Бұл – жоғарғы палатадағы жыл басынан бергі екінші өзгеріс. Алғашқысы – Сенат спикері Дариға Назарбаеваның Мәулен Әшімбаевқа жол ашып бергені. Ал екінші өзгеріс одан ерек. Өйткені, бұл – саясатты «символ» санайтындар үшін дүбірлі дода. Сонымен, 12 тамызда республика бойынша ҚР Парламенті Сенатының сайлауы өтті. Аймақтық сайлау комиссиясының деректерін алға тартсақ, Шығыс Қазақстаннан – 4, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан – 3, қалған өңірлерден 2 кандидат сайлауда бақ сынады. Алайда әр өңірден бір ғана кандидат Сенат жолдамасын иеленеді. Қызылорда облысындағы Сенат сайлауының ақтық сынына үш кандидат шықты. Олар – Ақмарал Әлназарова, Айдын Қайруллаев және Мұрат Сәрсенбаев.

ҚР Парламенті – заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган. Жоғарғы палата депутаттарының тең жартысы әр үш жыл сайын қайта сайланады. Сондықтан әр облыстан, астанадан, республикалық маңызы бар қалаларынан 17 сенаторды жергілікті мәслихат депутаттары сайласа, 15 депутат ел президентінің жарлығымен тағайындалады.

 – Заң шығарушы билік жүйесіне сәйкес Сенат еліміздің барлық өңірінің Парламенттегі өкілдігін, Мәжіліс құрамы жаңарған кезде заңнамалық саясаттың сабақтастығын және заң жобаларының сапалы қаралуын қамтамасыз етеді. Мәжіліс депутаттарының партиялық тізімдер бойынша және Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатының ескерсек, Сенатта өңірлер мүдделерінің білдірілуі аса маңызды. Қаралатын мәселе жан-жақты әрі терең зерттеліп, заң қабылдау жұмыстары кезең-кезеңмен және қисынды жүргізілуге тиіс. Аталған жұмыстың сапасы мемлекеттік органдардың нормаларына, яғни, тұтас елдің тыныс-тіршілігіне ықпал етеді. … Бүгін сайланған сенаторлар тиісті өкілеттіктерін алған сәттен бастап аталған стратегиялық міндеттерді орындауға өз үлестерін қосып, белсенді жұмыс істейді деп сенемін, – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Хош. Сыр еліндегі саяси дода қалай өтті? Елдегі эпидахуалға байланысты барлық санитарлық талаптар сақталған түрде өткен Сенат сайлауына дауыс беруші ретінде тіркелген 138 депутаттың 131-і қатысты. Нәтижесінде Ақмарал Шәріпбайқызын сайлаушылардың басым бөлігі қолдап, 102 дауыс жинады. Мұрат Сәрсенбаев – 25, Айдын Бөкенбайұлы 4 дауысқа ие болды. Бұл – ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәлімдеген алдын ала нәтижесі. Нақты қорытынды 10 күннің ішінде жарияланады.

«Ә» дегенде өзін-өзі ұсыну жолымен ұсынылған депутаттар ішінен жұрт «шаппай озатын жүйрікті» бірден-ақ аңғарған-ды. Өйткені биыл мемлекеттік қызметшілер арасында әйелдердің үлесін арттыруды қолдайтын «тетік» тосыннан қосылды. Тәуелсіз ел тарихындағы «Тұңғыш әйел-министр», «Тұңғыш әйел-әкім» секілді тіркестер жиі естілді.

Айтпақшы, осыдан үш жыл бұрын республика бойынша Сенат сайлауын әзірлеу мен өткізуге ел бюджетінен 92 миллион теңге жұмсалса, бұл жолы 254,5 млн теңге қаржы қарастырылған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: