Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сенатор болуға кім лайықты?

01.12.2022, 12:00 618

Қытымыр қаңтарда ҚР Парламен­ті Сенаты сайлауының «қазаны» қайнағалы тұр. Кеше ғана жеті жылға сайланған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми қызметке кіріскен күні өз жарлығымен Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын 2023 жылдың 14 қаңтарына белгілеген еді. Сөйтіп, қараша айының 29-ынан бастап саяси өмірдің көрігі қызып, саясилан­ған тұлғалардың дегбірін қашыр­ған Сенат сайлауы да – анау-мынау емес,  өзіндік орны бар саяси науқан. Бір айыр­машылығы,  енді  әділетті  Қазақ­станның жаңа сенаторлары «төрге» шығады. Әрине, сенаторлықтан дәмелілер жыртылып-айырылғаны­мен, «құтты орынға» қонатындардың қауқарлы һәм қалталы болып келетіні бесенеден белгілі. Оған қосарымыз, билікке  жақын  жүретіндердің  аяғына жөргем ілінетіні тағы бар.

Сонымен, атқа мінгені бар, таққа мінгені бар, талайлар тақымын қысып отыр. Айтпақшы, соңғы жылдары Сенат «төріне» таласушылар ауыл-аймақты, көше-көшені аралап, дастарқаннан дәм татырып, «аспан­дағы айды алып беруге» бейіл­ді құрғақ уәдемен халықты алдай алмайтын болған. Есесіне кезінде жұртты жылтыр сөзбен жарылқағаны бар, жергілікті биліктің отырғызғаны бар, бір сөзбен айтқанда, халық алдында «ақ жарылқап күн туғызып», артынан биліктің ығына жығылып, бүгінде облыстық, қалалық, аудандық мәсли­хат мінберінен сөз сөйлеп жүрген депутаттардың «көңілін аулайды». Яғни, Сенат депутаттарын сол жергілікті мәслихат депутаттары дауыс беру арқылы таңдайды. Ал, биылғы сәл өзгеріс сол, Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну екі жолмен жүзеге асырылады. Біріншісі, облыс­тық, рес­публикалық маңызы бар қалалардың және астананың, аудандық мәслихаттардың сессияларында саяси партиялар және өзге де қоғамдық бірлестіктер мәслихаттардың өкілдері арқылы Парламент Сенатының депутаттығына кандидатуралар ұсынады. Бұл ретте бірнеше мәслихаттан бір кандидат ұсынылуы мүмкін. Екінші жолы кандидат өзін-өзі ұсынады. Таңдаушылардың қолдауы қол жинаумен куәландырылады, сондай-ақ әрбір таңдаушы Сенат депутаттығына бір ғана кандидатты қолдап өз қолын қоюға құқылы. Бұл туралы апта басында Орталық сайлау комиссиясының  мүшесі Константин Петров айтты.

Ал, кандидат тiркелгеннен кейiн қойылған қол сот шешiмi негiзiнде ғана қайтарып алынады. Таңдаушылардың тізімдеріне облыстың, рес­публикалық маңызы бар қаланың аумағын­да орналасқан мәслихаттардың  барлық  депутаттары  енгізіледі.

Сенат депутаттығына кандидаттарды  тіркеу мынадай құжаттарды қажет  етеді:

Егер кандидатты мәслихат ұсынса, депутаттыққа кандидатты ұсыну туралы  мәслихаттың  шешімі;

Кандидатты мәслихат ұсынса, депутат­тыққа  кандидат  ретінде  қатысуға  келісімі  туралы  өтініш;

Азаматтың өзін-өзі ұсынған жағ­дайда депутаттыққа кандидат ретінде қатысу  ниеті  туралы өтініші;

Кандидаттың өмірбаяндық деректері;

Сайлаушылардың кандидатты қолдаған қолдарын тексеру қорытындылары туралы аумақтық сайлау комис­сияларының  хаттамалары;

Кандидаттың және оның жұбайының немесе жұбайының табысы мен мүлкі туралы декларацияны ұсын­ғаны туралы мемлекеттік кіріс органының  анықтамалары;

Кандидаттың сайлау жарнасын төлегенін куәландыратын құжаттар. Бүгінде  ол – 900 мың  теңге.

Жоғарыда айтқандай, бүрсігүні кандидаттарды ұсыну басталып кетті, ол 14 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де аяқталады. Науқан 16 күнге созылады. Ал, үміткерлерді тіркеу 26 күнге, яғни 29 қараша мен 24 желтоқсан аралығында сағат 18:00-ге дейін, сайлау  нау­қаны (үгіт-насихат. – авт.) 24 желтоқсан мен 13 қаңтар аралығында сағат 00:00-ге дейін  жалғасады. 13 қаңтар – тыныш­тық  күні  болып  белгіленді.  14 қаңтар – дауыс  беру  күні. 20 қаңтарға дейін  ОСК сайлау нәтижелерін  жариялайды.

Хош деңіз. Осы жұрт президенттік сайлаудан кейінгі сүбелі орны бар саяси науқанға Сенат сайлауын теліп жүр. Демек, сенатордың салмағы ауыр секілді көрінеді де тұрады. Содан шығар, сол орынға ұмтылушылар көп кездеседі. Кіл ығай мен сығайлар. Бұған дейін Парламенттің жоғарғы төрінде Қызылордадан да талай адам отырды. Асыра мақтағанымыз емес, солардың ішінен бүгінгі сенатор Мұрат Бақтиярұлының бәсі биік болғаны, өзіндік пікірі, бір айтары бары анық. Оны ешкім жоққа шығара алмас. Енді бұл жолы Сыр елінен Сенатқа кім барады? Қазір әлеуметтік желі біткен «желп-желп» етіп тұр. Дүйсенбі күні facebookтегі парақшасында әріптесіміз, облыс­тық мәслихат депутаты Сәрсенкүл Бихожа «Тағы бір сайлау басталғалы тұр. Орта­лық сайлау комиссиясының ресми ақпараты бойынша ертеңнен бастап сенатор болғысы келетін үміткерлерді ұсынамыз… Сонымен біздің аймақта сенатор болуға кімдер лайықты? Әрине, қазір Сенат депутаттығына ұсынудың екі жолы бар. Біріншісі, сол бұрынғыдай облыс­тық, қалалық, аудандық мәслихаттар арқылы. Екіншісі, өзін-өзі ұсыну тәртібімен. Өзін-өзі ұсынатындар өзі бар ма екен?» деп жазба қалдырды. Ал оның астындағы пікірлер әр­алуан. Әркімнің өз ойын ашық айтуға құқы бар. Марат Омаров есімді желі қолданушы «Сенаторға облысымызды жақсы білетін, мәселені шешетін, өндірісте, шаруашылықта, экономикалық, саяси жұмыстарға көзі ашық, қолы таза Мемлекетшіл адам бару керек» депті. Оның сөзінің де жаны бар. Бүкіл облыс халқының аманатын арқалап барғаннан кейін, жылы жерде тек түймені басып отыруға болмайды, елдік, халықтық, ұлттық, қала берді, Сыр еліне қатысты мәселелерде айтысатын жерде айтысып, жұлысатын жерде жұлысатын тұлға керек. Ондай лайықты азамат, азаматша бізде бар ма? Сол әлеуметтік желіде жұрт  Серік Сермағамбетов, Ерлан Раймов, Аида Әбибуллаева, Марат Сәрсен­баев, Анар Ізден, Марат Аралбаев, Ғалым Әміреев, Ғалымбек Жақсылықов­тың есімдерін атапты. Ал, Сәдуақас Аңсат ағамыз «Өзін-өзі ұсынудың қиындығы жетіп артылады. Оны тек демократия ойыны үшін жазып қойған. Айналып келгенде депутат мәслихаттардың ұсынуымен сайланады. Меніңше бұрынғы Назар­баев салып кеткен тәсіл бойынша «Аманат» партиясының басшыларының бірін ұсы­натын тәрізді. Ал олар Жаңа, Әділ Қазақстан құрамыз десек, халықтың сенімінен шықпайды деп ойлаймын. Бұл депутат кемінде орны босайтын Мұрат Бақтиярұлындай болуы керек. Ол үміткердің шынайы саясаттан, нарықтық экономикадан, кәсіпкерліктен сауаты болғаны дұрыс» депті.

Ия, сенаторлық осал жүк емес. Енді осы жүкті бұған дейін «қал-қадерінше» көтеріп жүрген жерлестері­нің жолын жалғайтын, «құтты орын­ға» «етінің тірілігімен» қол жеткізетін жанның арқалайтыны сөзсіз. Бізге керегі, Сенат креслосына кім отырса да, өз қамын емес, ел қамын күйттеп, мұң-мұқтажын жоғарғы биліктің құлағына  жеткізетін  болса  екен…

Н.НҰРМАҒАНБЕТОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: