Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сайлаушылар сақадай-сай болған сайлау

19.01.2023, 11:20 520

Көптен күткен кезекті сенаторларды сайлау саяси науқаны өз мәресіне жетті. Үміт қашанда соңында өледі, сондықтан жаңадан сайланғандарға сенім мол. «Көптен күткен» дейміз-ау, шынын айту керек, ел-халықтың арасында қандай сайлау өткенін білмейтіндер де бар. Оны нық сеніммен айта аламыз. Әрине, бұл орайда ақпараттандыру жағы әлсіз болды деу де қисынсыз шығар. Бір анығы, «саясатта шаруам жоқ» деп жан-жағында не болып жатқанын білмейтіндердің көп екені рас. Сонымен, 14 қаңтарда әрбір өңірден ұсынылған жиырма сенатор сайланды. Кезекті отырыстың күн тәртібінде орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлау барысында баламалық қағидаты сақталып, кандидаттардың бәсекелестік деңгейі жоғары болғанын атап өтті. Десе де, сайлаудың қорытындысына қарап, бәсекелестік деңгейі жоғары болды деп айтуға негіз жоқ секілді. Өйткені, 60 пайыздан төмен дауыс жинаған  сенатор  жоқтың қасы. Былайынша  айтқанда, бәрі  бір  сценариймен, өз деңгейінде өткен сыңайлы.

– Орташа есеппен 1 орынға 6 адамнан аса үміткерден келді. Осылайша респуб­лика бойынша 130 кандидат ұсынылып, 55 кандидат дауысқа түсті. Сенат сайлауында кандидаттардың және депутаттық мандатқа ие болғандардың басым бөлігі – өзін-өзі ұсынушылар. Бұл азаматтық қоғамда және жеке саяси мүдденің артып келе жатқанын көрсетеді, – деді ОСК  төрағасы.

Аумақтық сайлау комиссияларының деректері  бойынша  сайлауда дауыс беру­ге 3167 таңдаушының 2904-і қатысқан. «Бәріне қарсымын» бағанын барлық өңірдің  таңдаушылары  қолдана  алды.

Орталық сайлау комиссиясы 16 қаң­тарда Парламент Сенаты депутаттарын сайлаудың нәтижесін жариялады. Олардың ішінде Астанадан Парламент Сенаты төрағасының кеңесшісі Бибігүл Жексенбай, Алматыдан «Алматы қала­сын дамыту орталығы» АҚ басқарма төр­ағасының кеңесшісі Жанна Асанова, Шымкенттен қазіргі сенатор Нұрлан Бекназаров, Семей құрылыс колледжінің директоры Қайрат Тастекеев (Абай облы­сы), Ақмола облысынан Ақмо­ла облыстық мәслихатының хатшысы Талғат Жүнісов бар. Сондай-ақ, Алматы облысынан сенатор Жанболат Жөргенбаев, Жамбыл облысы, Шу ауданының әкімі (Жамбыл облысы) Сәкен Арубаев, Атырау облысынан Атырау облыстық мәслихатының хатшысы Әлібек Нәутиев, Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов (БҚО), Жетісу өңірінен Парламент Сена­ты депу­таты Амангелді Толамисовтар Сенат сайлауында жоғары дауысқа ие болды. Қарсыластарынан үздік шыққандардың тізімінде Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек (Түркістан облысы), Қарағанды облысынан  облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Өтешов, Қостанай облысы әкімі аппараты Бас басқармасының бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхам­бетов (Қостанай облысы), Қызыл­орда  облысынан облыс­тық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемовтер бар. Сонымен қатар, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров (Маңғыстау  облысы), Павлодар  облы­сынан «Павлодар облысы мәслихатының аппараты» ММ облыс­тық мәслихатының хатшысы Ернұр Әйт­кенов, Солтүстік Қазақстан облысынан Білім министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова, Ұлытау облы­сынан Советбек Медебаев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғытов (ШҚО), Ақтөбе облысынан облыс­тық мәслихаттың  хатшысы  Амангелді  Нұғманов­тар да  сенатор  атанып  отыр.

«Власть» сайтының жазуынша, бұрын  сенат  депутаты  болған  төрт  адам қайта сайланған. Сенатқа облыс мәслихаттарының бес хатшысы, төрт әкім орынбасары, екі аудан әкімі, бір облыс­тық басқарма жетекшісі, министр­ліктің орташа  дәрежедегі  бір  жетекшісі  өткен. Сайланғандардың үшеуі – әйел. Жаңа депутаттардың орташа  жасы – 53,6: ең үлкені – 62  жаста,  ең  жасы – 42  жаста.

Жалпы, сайлаушылардың 50 пайыздан астамы дауыс берсе, сайлау өтті деп саналады және 50 пайыздан көп дауыс алған кандидат сайланады. Бұл жағынан біздің сайлаушылардың бәрі сайлауға сақадай-сай  болғанын  аңғартты.

Конституция бойынша сенатқа әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала мен астанадан екі депутаттан сайланады. Сенатта президент тағайындаған 15 депутат қалған. Биыл кезектен тыс мәжіліс сайлауынан кейін (мерзімі әзірге белгіленген жоқ) сенаттағы он депутатты президент тағайындайды. Олардың бесеуі Қазақстан халқы ассамблеясының ұсынысы  бойынша  таңдалады.

Қазақстанда сенат президенттің ұсынысымен Жоғарғы сот төрағасы мен судьяларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді сайлайды. Сенат президенттің конституциялық сот төрағасын, ұлттық банк жетекшісін, бас прокурор, ҰҚК жетекшісі, жоғарғы сот кеңесі төрағасын тағайындауға келісім береді.

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: