Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Рузвельттің тарихтағы орны

26.11.2022, 10:00 535

HALYQLINE.KZ

Халық қызметшілері туралы айтқанда, ойға реформатор Франклин Рузвельт оралады.

ХХ ғасырдың бірінші ширегінде Бірінші Дүниежүзілік соғыстан күйзелген әлемде тығырықтан жол іздеп жатқанда, АҚШ Ұлы Депрессияны бастан кешірді.

Әрине, сарапшылар мен экономистер бұған әртүрлі себеп болғанын алға тартады.

Алтын қорына тікелей байланған ақша өндірісті әртараптандырып, өндіруге тежеу салғанын дәлел ететіндер бар.

Сондай-ақ, өнімді артық өндіру, өндіріске шамадан тыс инвестиция салу, демографиялық дүмпу, импорттық тауарларға жоғары кедендік баж салығының салынуы және т.б. гипотеза ұсынылады.

Соның салдарынан өндіріс тоқырап, жұмыссыздар саны артты, орта таптан кедейшіліктің шегіне жеткен отбасылар бірнеше есеге көбейді, бала тууы көрсеткіші төмендеп, аштық болды.

Сындарлы сәтте саясат сахнасына Рузвельт көтеріліп, экономиканы сауықтыру шараларын бастап кетеді. Ол: «Ертеңгі жоспарларымызды жүзеге асыруға кедергі болатын бірден-бір кедергі бүгінгі күдіктеріміз болуы мүмкін» дегенді ұсынып, банктер трансакцияларына төрт күндік демалыс жариялап, АҚШ-тағы барлық банктер жабылды. Алтын, күмісті сыртқа әкетуге тыйым салды.

Конгресс шақырып, өзіне төтенше өкілеттілік беруді талап етеді.

Алғашқы реформаны банк саласына бағыттап, ең ірі банктерді ғана ашуға рұқсат етті. Сол кезде 5760-тан астам банк болған екен. Федералдық Резерв жүйесіне халық абыр-сабыр болмауы үшін қажетті мөлшерде ғана ақша басуды тапсырды.

Инаугурациядан 8 күн өткенде радио арқылы америкалықтарға жолдау жасады. Онда «Ақшаны төсек астында сақтағанша, банкке сеніп тапсырған жақсы. Біз бірге болғанда ғана күйзеліске жол бермейміз!» деп ұрандап, ортақ іске бірлесе кірісуге үндеді. Арада бір-екі күн өткенде банктен ақша алушыларға қарағанда, салушылар көбейіп, банктерде ақша айналымы қайта қалпына келе бастады.

Осыдан кейін «капитализмді 8 күн ішінде аман сақтап қалды» деп Рузвельттің еңбегін бағалай бастады.

Жалпы, Рузвельт 90 күнде кедейлерге көмек беретін, жұмыссыздықпен күресетін, банктерге сенімді қалпына келтіретін 15 заңды қабылдатып үлгеріпті.

1933-1945 жылдары аралығында 4422 күн Президент болған Франклин Рузвельттан ұзақ АҚШ-ты басқарған адам жоқ. Оның басты артықшылығы, шешімталдылығы мен батылдылығы екені анық. Бастысы, Американы ұлы тоқыраудан жол тауып аман алып шықты.

АҚШ-тың 32-ші Президентінің берекелі бастамалары тарих таразысында тағылымды болатыны мемлекетті тығырықтан шығарып, әлемдік державаға айналуына алғышарт жасап кетті.

Рузвельттің тарих алдындағы ең ірі еңбегі – әлемде бейбітшілік пен берекенің орнауына мүдделік танытты. Оның Тегеранда, Квебекте, Мәскеуде, Вашингтонда Сталин мен Черчилль үшеуі кездесуі елдер арасындағы қарым-қатынаста жылымықтың хабаршысы болды.

Қазақстанның 2-ші Президентінің алдында да ауқымды іс, маңызды шаруа тұр. Ол – кедейленген, кредитке байланған халықтың әлеуметтік әлеуетін арттыру. Айтуым керек, Қ.Тоқаев та елден бағалы металл – алтынды шығаруды шектеді. Саяси реформалар ұсынып, «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен президенттікке, күшті Парламенттік билікке көшуді ұсынды.

«Мен тағы бір күрделі мәселеге тоқталғым келіп отыр. Елімізде көп адам несие алып, қарызға батып жүр. Бұл мәселе мені де қатты толғандырады. Таяу арада мен осы мәселе бойынша ұсынысымды халыққа жариялаймын», – деген Президенттің сөзі көп адамның көңіліне үміт ұялатты.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: