Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Реформа жасау үшін ерік пен жігер керек

30.01.2020, 7:34 662

Қасым-Жомарт  ТОҚАЕВ:

24  қаңтарда  Үкімет  үйінде  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Басқосуда еліміздің   2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы Үкіметтің, әкімдердің есебі, сондай-ақ Президент тапсырмаларының орындалу барысы тыңдалды. Алқалы жиында Премьер-министр Асқар Мамин, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және өзге де өңір әкімдері Президентке  атқарылған  жұмыстар жөнінде  баяндады.

Үкімет басшысы А.Мамин өткен жылдың қорытындысы бойынша халықтың нақты табысы 5,5 пайызға ұлғайып, ЖІӨ-нің өсімі 4,5 пайызға өскенін хабарлады. Есептен мәлім болғанындай, 2019 жылы 2,7 млн азаматтың жалақысы көбейіп, еңбек нарығында тұрақтылық сақталған. Жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құраса, 423  мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған, соның ішінде 279  мыңы – тұрақты.

«Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру 13 млн-нан астам шаршы метр тұрғын үй салуға, 4,4 мың шақырымнан астам республикалық жолды салуға және реконструкциялауға, 640 шақырымнан астам жолды пайдалануға беруге мүмкіндік берді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 53 ауылда 452 жоба іске асырылды. 2020 жылы 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. 150 мыңнан астам отбасы баспаналы болады» деді Асқар Ұзақбайұлы.

Бағалар тұрақтылығын қамтамасыз ету, қаржы жүйесін дамыту жөнінде баяндаған Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаевтың айтуынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша инфляция   5,4 пайызды құрады, бұл 4-6 пайыз нысаналы дәлізіне сәйкес келеді. Көбінесе нан-тоқаш өнімдері мен жарма бағасының 16,1 пайызға, ет және ет өнімдерінің 13,2 пайызға өсуі есебінен 9,6 пайызға қымбаттаған азық-түлік тауарлары инфляцияға ең көп үлес қосыпты. Сондай-ақ, Ұлттық банк 2020 жылға қарай инфляцияны 4-6 пайыз деңгейіне дейін төмендету міндетін алға қойғаны мәлім болды.

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының әлеуметтік саладағы тапсырмаларын іске асыру барысы және 2020 жылға арналған басымдықты міндеттер туралы баяндады. «Жаңа жылдан бастап 770 мың мұғалім, дәрігер, әлеуметтік сала, мәдениет, өнер, спорт және мұрағат қызметкерлерінің жалақысы  30%-ға өседі. Зейнетақы және жәрдемақы көлемі орта есеппен  7-20%-ға көтерілді. Осы мақсатта бөлінген қаражат өткен жылмен салыстырғанда 300 млрд теңгеге арттырылып, 3,3 трлн теңгені құрады. 555 мың адамның борыш жүктемесі азайтылды, 1,2 млн адамның айыппұлы мен өсімпұлы кешірілді. Бұл мақсатқа бюджеттен 149 млрд теңге бөлінді» деді ол.

«Бізге   жаңа  экономикалық  бағыт   керек!»

«Бізге негізгі проблемаларды нақты­ пайымдайтын және оның шешу жолдарын қарастыратын жаңа экономикалық бағыт қажет. Реформа­ жасау үшін ерік пен жігер керек екені белгілі. Мен Үкіметті осыған шақырамын. Әзірге мемлекеттік аппара­т көптеген нормативтік актілерге алаңдап, ведомствоаралық келісім керек деген сылтаумен маңызды шешімдерді жай қабылдап жатыр. Халық­аралық бәсекелестік артып, халық әділетті талап қойып отырған қазіргі­дей кезеңде бұлай жұмыс істеуге болмайды. Реформаларды тізеге басып отырып жасау керек» деп мәлімдеді баяндамаларды тыңдаған Президент.

Атап айтарлығы, Қасым-Жомарт Кемелұлы жиында еліміздегі әлеуметтік, экономикалық мәселелерге қатысты өзінің нақты ұстанымын айтып­, халықты толғандырған түйт­кілді мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Президенттің тапсырмасы бойынша имидждік шараларға бөлі­нетін қаржы қысқартылды. Осының арқасында 30 миллиард теңге оңтайландырылды. Дәл осындай тиімсіз шығындарды анықтау шаралары квазимем­лекеттік секторында да жүргізіледі.

«Үкіметке осы жылдың 1 мамырына дейін жұмыс нәтижелерін баян­дауды тапсырамын. Маңыздылығына­ сәйкес кейінге қалдыруға болатын шығындарды анықтауы қажет. Соның бастамасы ретінде қымбат көліктер мен жиһаздарды сатып алуға, түрлі форумдар, семинарлар мен конференциялар өткізуге ұзақ мерзімді мораторий жариялауды ұсынам­ын. Елімізде өтетін шаралар практикалық және идеологиялық тұрғыдан нақты пайдалы болуы керек­»  деді  Мемлекет  басшысы.

Шетелдік  көліктерді әкелуге  шектеу  қойылады

Президент мемлекеттік органдардың шешімдері азаматтар тарапынан жиі сыналатыны, кей жағдайларда, тіпті, халықтың ашу-ызасын тудыратынын айтты. Мәселен, Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелінген автомобильдерге қатысты мәселені алайық.

«Елімізге әкелінген мұндай автомобильдердің көпшілігі тіркеуге қойылма­йды. Ондай көліктер саны – ондаған мың. Бас прокуратураға қалыптасқан жағдайға байланысты құқықтық баға беруді тапсырамын. Аталған мәселені шешу үшін Үкімет Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген автом­обильдерді бір айдың ішінде бір реттік тәртіппен уақытша тіркеуді қамтамасыз етуі қажет. Бұл автокөліктерді тіркеу 2021 жылдың 1 нау­рызына дейін жалғасады. Бұл ретте азаматтар тіркеу алымдары мен мем­леке­ттік баж салығын төлеуі тиіс. Уақытша тіркеу автомобильдердің меншік құқығынан шығарылмай, басқа­ тұлғаның пайдалануына немесе­ басқаруына берілмей жүзеге асырылуы тиіс. Автокөлік иелері 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығын және автомобильді тұрақты тіркеуге қою немесе елімізден шы­ғару, сондай-ақ, заңнама жүзінде тыйым­ салынбаған басқа да іс-қи­мылдарды жүзеге асыру кезінде салынатын утилизация алымын төлеуі тиіс» деді Қ.Тоқаев. Үкіметке бұдан былай ел заңнамасын бұза отырып шетелден автокөлік­тердің әкелінуіне, пайдаланылуына  шектеу  қоюды  тапсыр­ды.

Қартайған  адамдар  зейнетақысыз  қалмауы  тиіс

Президент зейнетақы салымдарының бір бөлігін баспана алуға пайдалануға қатысты өз ойын білдірді. Бұл мәселені шешуде алғашқы қадам жасал­ғанмен, ойланатын нәрсе бар. Мемлекет басшысы жұрттың зейнет­ақыға жинаған бар қаражатын қазір бөліп,  адамдарды қартайғанда ла­йық­ты­ зейнетақысыз қалдырмауды қаперге алды. Бұл жерде Президент­тің ұстанымы мынадай: еңбеккерлердің жұмыс берушілерден зейнет­ақы жарналарын төлеуін талап етуі үшін ынталандыру тетіктерін ойластырып, еңбекақы төлеуде ашықтық қалыптастыру  қажет.

МӘМС:  жұртқа  түсіндіру  мен  енгізу  сапасыз  болды

Президент жиында Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтан МӘМС-ті енгізуде неліктен олқылықтарға жол берілгенін сұрады. «Біз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр­мыз. 1 сәуірге дейін барлық азаматтарға жаңа медициналық қызмет түрлерін ұсынамыз. Жалпы, қаржыландыру 50 пайызға өсті, медициналық қызметті жеткізушілер өте сенімді. Бұл жүйенің тиімділігін халық толық сезінеді» деген министр­дің жауабына Президент: «Бұл жүйені енгізуде сендердің кемшіліктеріңнен бірде-бір адам медкөмекті алу мүм­кіндігінен  айрылмау керек» деп қадап тапсырды. Президент барлық дау-дамай­ науқастардың мүддесіне сәй­кес шешілуі керектігін жеткізді.

Бағаны  ұстап  тұра  алмады

Жиында Президент 2019 жылы әлеуметтік қолдау шараларына 3,5 трлн теңге бөлінгенін, бюджет салас­ы  қызметкерлерінің  жала­қысы өскенін тілге тиек етті. Алайда инфляци­я деңгейінің күрт өскенін, соған сәйкес базар бағасын тұрақты ұстай алмаған жауапты министрле­р мен әкімдерді сынға алды. «Экономикаға қатысты объективті қиындықтар болғанын түсінемін. Бірақ, менің тапсырмам орындалмады. Қарапайым азаматтар күнделікті тұтынатын азық-түліктер бағасы 10 пайызға  өсті. Меніңше, пайдасы аз тұрақтандыру  қорларынан бала­малы құралдарға  көшуді ойлауымыз керек. Азаматтардың  табысын  өсіре­тін  нақты­  іс-шараларды қолға алған жөн»  деді ол.

Несиені   қайтара алатындарға   ғана   берейік

Мемлекет басшысы қаржы саласының науқасқа шалдыққанын мәлімдеді. «Банктердің экономиканы несиелеуде рөлі төмендеуде. Бұл жағдай халықтың тұтыну сұранысы артқан кезде байқалып отыр. Несиелер­дің үштен екісі кепілдіксіз берілуде. Қаржы саласы науқасқа шалдыққанын осыдан көреміз» деді Қ.Тоқаев. Президент несиені тек қайтара алатын адамдарға ғана беру қажеттігін қадап айтты. Өйткені азаматты­қ ­ тұлғаларға  берілген  несие көлемі 1,4 млрд теңгеге ұлғай­ған. Олардың  қайтарылатыны  күмәнді.

Жобалар  еселеп  қымбаттауда

Президент ішкі нарықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Үкіметке 2025 жылға дейінгі Сауда саясатыны­ң бағдарламасын әзір­леуді, Сертификаттаудың ұлттық жүйесін дамытуды, Ұлттық стан­дарттарға  сенімді  арттыруды, сондай-ақ  «Техникалық  реттеу  туралы» Заң  қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысының пікірінше, жобаларды еселеп қымбаттату үрдісі жалғасу­да, құрылыс құнының сметасын жасауда  проблема  бар.

«Мемлекеттік органдардағы сатып алулардың 49 пайызына дейін және квазимемлекеттік сектордағы сатып алулардың 70-тен 90 пайызына дейін бір көзден жүзеге асырылады. Сатып алу барысында ерекше жағдай деп белгілеп, оны ең төменгі шекке дейін жеткізіп, бәсекенің болмауына негіздел­ген тәсілдерді қысқарту керек»­ деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Реформаларды  талдау орталығы  құрылады

Президент әкімшілігінің база­сында еліміздегі реформаларды талдай­тын және мониторингі жүр­гізетін орталық құрылады. Президент реформаларға жасалатын бақылауды осылай күшейтпек. Кейінірек бұл орталық­ Президент жанындағы реформ­алар жөніндегі агенттік болып өзгеруі  мүмкін.

Үкімет   мүшелеріне мүмкіндік   берілді

«Бүгін, өздеріңіз көріп отыр­сыздар, мен берілген тапсырма­лардың тиісті деңгейде орындал­мағаны үшін сөгіс жариялаған жоқпын.­ Бірақ, кемшіліктер жет­кілікті. Жалпы алғанда­, сөгіс беру жақсы нәтижеге жетудің аса тиімді жолы емес. Бұл – менің нақты ұстаным­ым. Сондықтан, Үкімет мүшелеріне және әкім­дерге кемшіліктерді түзетуге мүм­кіндік беріп отырмын. Бүгінгі жиын барысында берілген тапсырмаларды зор жауапкершілікпен орындау қажет. Көктемде бұл мәселеге қайта ораламыз. Сол кезде түрлі себептерге байланыст­ы өздеріне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмаған­дарды қызметінен босату жөнінде  нақты  шешім қабылдаймыз»  деп  сөзін  түйіндеді.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист,

Нұр-Сұлтан  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: