8 МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ САЙЛАУШЫ ДАУЫС БЕРДІ
5 маусымда жалпыұлттық референдум аяқталды. Еліміздің тарихындағы маңызды белеске саналып, Жаңа Қазақстанға жол ашатын тарихи оқиғаға баланған саяси науқан қалай өтті? Ұлтымыз шынайы өзгерістерге дайын ба? Дауыс беруге азаматтарымыз қаншалықты қатысты? Ел тұрғындары саяси қадамның мән-мағынасын толық ұғынды ма? Референдум Қазақстанды жаңа кезеңге бастай ала ма? Біз осы және жалпыұлттық референдумның Қызылорда облысында ұйымдастырылуы мен өткізілуі турасындағы сұрақтарға жауап беретін боламыз.
Конституцияға өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі – жалпыұлттық референдумның басты ерекшелігі. Бұған дейін ол шешімді Парламент қабылдайтын еді. Референдум Ата заңға өзгерістер енгізудегі реформаның енді басталғанын білдірсе керек. Демек, алдағы уақытта әлі де кем тұстары толықтырылады.
Орталық референдум комиссиясы республикалық референдум қорытындысын жариялады. ОСК мәліметінше, сайлау құқығы бар 11 734 642 азаматтың 7 985 769-ы дауыс берген. Референдумға дауыс берушілердің 68,05 пайызы қатысқан.
Оның ішінде азаматтардың 77,18 пайызы (6 163 516 адам) Конституцияға енгізілетін түзетулерді қолдап дауыс берген. Түзетулерге қарсы болғандар – 18,66 пайыз (1 490 470 адам). Бюллетеньдердің 2,58 пайызы жарамсыз деп танылған. Дауыстарды санау кезінде бюллетеньдердің 1,58 пайызы есепке алынған жоқ.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз. Дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді» деп референдум қорытындысы бойынша халыққа жасаған үндеуінде айтып өтті.
– Референдум – елімізде айрықша мәні бар тарихи оқиға. Мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ата заңымызға ұсынылған өзгерістерді азаматтардың басым көпшілігі қолдады. Референдум жоғары деңгейде өтті. Мұны халықаралық және отандық байқаушылар да айтып жатыр. Конституциялық реформалар қоғамда қызу талқыланды. Дауыс беру барысы демократия талаптарына сай өтті. Ешқандай мәжбүрлік болған жоқ. Референдум нәтижесі саяси жаңғырудың анық символына айналды. Азаматтарымыз зор жауапкершілік танытты және отансүйгіштік қасиетін паш етті. Біз Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлігіміз бекем екенін көрсеттік. Конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертеді. Бүкіл қоғамның дамуына тың серпін береді, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Иә, шынында референдум қорытындысы біздің мемлекеттігіміздің тарихында мүлде жаңа дәуір басталғанын байқатады. Халқымыз өз таңдауын білдіру арқылы түбегейлі бетбұрыс жасауға ұмтылысын көрсеткендей.
– Осылайша, референдум өтті деп танылады. Республикалық референдумда Конституцияға енгізілген түзетулер мен толықтырулар, егер облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.
Референдумда қабылданған шешім міндетті саналады және актілермен қосымша растауды талап етпейді. Референдумда қабылданған Конституцияға енгізілген түзетулер мен толықтырулар референдумның қорытындылары туралы ресми есеп жарияланған күннен бастап күшіне енеді, – деді Орталық референдум комиссиясының басшысы Нұрлан Әбдіров.
Айтқандай, мемлекет басшысының өзі де 5 маусымда Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне барып, өз даусын берді.
ҚЫЗЫЛОРДАДА 375 САЙЛАУ УЧАСКЕСІ ЖҰМЫС ІСТЕДІ
Ел үшін тарихи әрі маңызды күн референдумда Сыр халқы да ауызбіршілік көрсетті. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев аймақ тұрғындарының референдумға ерекше ықылас білдіріп, өзгерістер жолына қадам жасауда белсенділік танытқанын атап өтті.
– Наурыз айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында оң өзгерістер жасауға 10 бағыт айқындап берген болатын. Сыр жұртшылығы бұл өзгерістерді әділдіктің нышаны ретінде қабылдап, бірауыздан қолдады. Бұл ретте дайындық жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырған мемлекеттік орган, сайлау комиссиясы, қоғамдық ұйым қызметкерлеріне, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдеріне, құқық қорғау органдарына, сондай-ақ, алдын-ала түсіндірме жұмыстарына белсенді атсалысқан тұлғалар мен ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз еткен БАҚ өкілдеріне ризашылығымды білдіремін, – деді ол.
Қызылорда облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жалпыұлттық референдумның қорытындысы туралы брифинг ұйымдастырылған болатын. Облыстық штабтың төрағасы Жандос Базартай саяси науқанның ұйымдастырылуы мен өткізілуі турасында сөз қозғады.
– Президентіміздің бастамасымен 5 маусым жалпыұлттық референдум науқаны өтіп, мемлекетіміз үшін жаңа бастамалар мен мүмкіндіктерге жол ашылды. Өңіріміз – дауыс беру бойынша Түркістан облысынан кейінгі екінші орында. Бұл референдумның басты мақсаты – халқымыздың алдағы уақытта саяси өзгерістерге деген сенімін арттыру. Өйткені, Конституциямыздың үштен бір бөлігіне жаңартулар енгізілмек, – деді ол.
Сонымен қатар, «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиал төрағасы Жандос Тұсмағамбетов айтуынша, өткен референдумда облыс бойынша жалпы 375 дауыс беру учаскесі, оның ішінде 345 ашық беру учаскесінде 3800-ге жуық бақылаушы мониторинг жүргізген. Бақылаушылар климаттың ыстық болуына байланысты екі ауысым бойынша қызмет етті. Бір қызығы, референдумда 20-30 жастағы жұмыскерлердің белсенділігі байқалды.
Айта кетейік, референдумда қазақстандықтар Конституциядағы түзетулердің өзгеру не өзгермеуіне дауыс берді. Яғни, бюллетеньде «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген бір ғана сұрақ болды. Сайлаушылар сұраққа «иә» не «жоқ» деп жауап берсе жеткілікті еді.
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!