HALYQLINE.KZ Қаңтар айының алғашқы аптасында ауа-райының қолайсыздығынан жаңбыр жауып, нөсер салдарынан электр желілеріне су тиіп, қаланың және аудандардағы елді-мекендердің кейбір аумағында жарық өшті.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткізген шұғыл жиынынан кейін құрылған арнайы комиссия өз жұмысын бастаған еді. Күні кеше жұмыс комиссиясының мүшелері қала аумағындағы бірнеше нысандарға барып, қосалқы станциялардың жағдайына бақылау жасады.
Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов, қала әкімі Асылбек Шәменов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов және Қызылорда электр тарату компаниясының басшысы Батыржан Қаракөзов күні бойы 20-ға жуық қосалқы станцияны аралап, зерделеу жұмыстарын жалғастырып, әрбіріне талдау жүргізіп шықты.
Комиссияның негізгі мақсаты – аймақтағы кезек күттірмейтін учаскелерді анықтап, жөндеу жұмыстарын дер кезінде ретке келтіру.
Қызылорда облысы бойынша «КРЭК» АҚ теңгерімінде 10 мың шақырымнан астам электр желілері мен 1800-ге жуық қосалқы трансформаторлық станциялар бар. Бүгінгі таңда осы электр қондырғыларының 70 пайызының тозығы жеткен. Алдын ала есептемелер бойынша электр жүйелерінің тозу деңгейін 70 пайыздан 30 пайызға төмендету үшін 153 млрд.теңге қаржы қажет. Бұл мәселе облыс әкімі тарапынан Үкімет басшысының назарына жеткізіліп, қолдау табылды.
Бүгінгі таңда комиссия ең бірінші қажеттіліктегі қосалқы станцияларды жөндеуге қажетті қаржы бөлу үшін бюджеттік комиссияға ұсыныстар енгізу жұмыстарымен айналысуда. Сала мамандары әрбір қосалқы станциялардың жағдайын саралап, ақау актілерін әзірлеуге кірісті.
Комиссия жұмысы келер аптаға дейін жалғасады. Нәтижесімен, облыстық және республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылады.
Айта кетейік, өңірде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында құны 3,4 млрд. теңге болатын Жаңақорған кентіндегі электр желілерін жаңғырту жобасын бастауға биыл 900 млн. теңге бөлінді. Барлығы 300 км электр желілерінің 70 км-і ауысып, 23 қосалқы станциялар орнатылды
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!