HALYQLINE.KZ Елді мекендерде қордаланып қалған мәселелерді шешу, ауылдардың инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова 1,5 жыл ішінде 120-ға жуық елді мекенді аралап, әр ауылдың мәселесін жеке қарап, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Енді жыл аяғына дейін өңір басшысы шалғай орналасқан өзге де ауылдарға барып, өзекті ұсыныстарды ескеріп, мәселелерге талдау жасайды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі халық үшін аса маңызды саналатын газдандыру, жол салу, ауыз су желілерін тарту, медицина, тұрғын үй мен мектеп салу ісінде нақты орындалған жұмыстарды тізбелейді.
Өңірдегі барлық аудан орталығы газға қосылған
Бүгінгі күні аймақта тұрғындардың газ тұтыну деңгейі 67 пайызға жетті. Өткен 1 жыл ішінде Қармақшы, Жалағаш, Сырдария ауданының орталықтарында газдандыру жұмыстары толық аяқталып, 46 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Ал, Шиелі ауданы Н.Бекежанов, Қодаманов елді мекендеріне табиғи газ беріліп, 6 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынның игілігін көруге мүмкіндік алды. Бүгінде Қызылорда қаласындағы Наурыз, Махамбет елді мекендерін газдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Биыл Қазалы қаласы мен Жалаңтөс, Басықара, Пірімов, Шиелідегі Алғабас, Ақмая ауылдарында алау оты жағылады. 2025 жылға дейін өңірде тағы 38 елді мекенге көгілдір отын жетеді.
Өңірдегі жақсы жолдардың үлесі 75 пайызға жетті
Аймақ үшін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлықаралық автокөлік дәлізінің маңызы зор. Бес облыс аумағынан өтетін 2787 шақырым жолдың 812 шақырымы Қызылорда жерінде. Бұл аудан орталықтары теміржол мен автожол бойында орналасқан облыс үшін ең тиімді. Қазір өңірдегі жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 75 пайызға жетіп отыр. Ел Президентінің Ұлытау облысын құру тапсырмасы аясында Қызылорда-Жезқазған тас жолының жаңартылуы да ерекше мәнге ие. Құрылыс жұмыстары биыл басталмақ.
Облыс халқының 98 пайызы таза суды тұтынады
Өткен жылы «Нұрлы жер», «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламалары арқылы 110,7 шақырым ауыз су және 11,4 шақырым кәріз желілері тартылды. Субсидиялауға облыстық бюджеттен 3,3 млрд.теңге бөлініп, 178 елді мекен сумен қамтылды.
Нәтижесінде облыс халқының 97,8 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды.
2 жылда 12 медициналық нысан іске қосылды
Соңғы 2 жылда Сыр елінде 12 медициналық нысан ашылды. Атап айтқанда, 3 дәрігерлік амбулатория, 6 медпункт, Жалағаш аудандық, Қызылорда қаласында модульді жұқпалы аурулар ауруханалары. Сондай-ақ, Қызылорда қаласында 60 төсектік «Қамқорлық» оңалту орталығы мен Әйтеке би кентінде 250 келушіге арналған емхана құрылысы аяқталуға жақын.
Жыл аяғына дейін 7 мектеп пайдаланылуға беріледі
Білім беру саласында былтыр 750 орындық 3 мектеп пайдалануға берілді, оның ішінде 448 орындық 2-еуі жеке меншік мектеп. Биыл 8 мектептің құрылысы жүргізіліп, 7 білім ордасы жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі.
Сырбойылықтарға жылына 1500 пәтер табысталады
1 жылда 463 аз қамтылған көпбалалы отбасы, 160 әлеуметтік аз қамтылған отбасы, тұрғын үйі апатты деп танылған 50 азамат үйлі болды. Ал, республикалық бюджеттен 321 көпбалалы ана баспаналы болды. Биыл қызылордалықтарға 122 пәтер кілтін табыстау жоспарда бар.
P.S. Тұрғындардың жеке мәселелерін қарауда облыс әкімі айына екі рет кезектілік тәртіппен азаматтарды қабылдайды. Ал, жылына 2 рет Орталық коммуникациялар алаңында журналистер алдында баспасөз брифинг өткізеді. Бұдан былай аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасарлары тоқсан сайын және шұғыл мәселелерде жедел түрде брифинг береді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!