HALYQLINE.KZ Бүгін өңір басшысының төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиынға қала және аудан әкімдері селекторлық режимде қатысты. Күн тәртібінде суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары мен орман және дала өрттері, орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталу мәселелері қаралды.
Бірінші мәселе бойынша облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усайн хабарлама жасады. Жыл басынан бері суға кетудің 9 дерегі тіркелген. Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін сақтамай, белгіленбеген жерлерге суға шомылуында екенін айтты.
Өңір басшысы 2020 жылдың суға шомылу маусымына дейін коммуналдық жаға-жайлар ашуды және Қызылорда қаласы мен Арал, Шиелі аудандары әкімдеріне 1 сәуірге дейін судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қамбаш, Ханқожа көлдері мен Қызылорда қаласы аумағындағы Сырдария өзені бойында орналасқан жедел суда құтқару жасағы ғимаратының жанына бақылау мұнарасын орнатуды тапсырған болатын. Алайда бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін таппаған. Осы орайда өңір басшысы әкімдерге ескерту жасады.
«Ауа райының қатты ысуымен суға түсу кезеңі басталды. Адам өмірінің қауіпсіздігіне бәріміз жауаптымыз. Осы ретте, жағажайды ашу, оны қажетті құтқару құралдарымен қамтамасыз ету мәселесі тікелей қала және аудан әкімдерінен сұралатын болады. Сіздерге осы жұмыстарды атқаруға 1 ай уақыт беремін», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов хабарлама жасады. 2020 жылдың 3 наурызында «Қызылорда облысы аумағында орман және дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітілген. Сонымен қатар, өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерде 1971 адамнан тұратын 172 ерікті құрылымдар жасақталған. Олар 7 өрт сөндіру және 373 бейімделген техникамен жабдықталған.
Облыс бойынша жалпы жер көлемі – 22,6 млн гектар. Оның 6,5 млн гектары – мемлекеттік орман қорының жері. Жыл басынан мемлекеттік орман қорында 35 өрт оқиғасы болып, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 35 есеге көбейгенін көрсетеді. Келтірілен залал көлемі 9 млн теңгені құраған. Өңір басшысы орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту жөнінде 3 жылға арналған жол картасын бір апта мерзімде бекітуді тапсырды.
«Бізге мәлім болғандай, орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасының жабдықталуы 43,9 пайызды құрап, бұл республика көрсеткішінде ең төменгі орынды көрсетіп отыр. Осыған сәйкес, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесіп тез арада үш жылдық жоспарды бектсін», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!