Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан тек ұлттық мүддесін жоғары қояды

05.06.2023, 10:05 345

HALYQLINE.KZ

Үш күн өтсе де, Ердоғанның инаугурациясы әлі талқы болып жатыр. Жалпы, біз өзге елдегі жағдайды жиі қарап, жиі талқылаймыз. Өзім де сол өзге елдің ішкі саясатына қатысты жазбаларды жиі жазамын. Білген дұрыс, әрине, алайда кей жағдайда ол қоғамның ішкі бірлігіне де кері әсерін тигізеді. Түркиядағы сайлауда Ердоған және Қылышдароғлы, АҚШ-тағы сайлауда республикашыл және демократ, Украина мен Ресей соғысында және т.б. жағдайда екіге жарылып, қырықпышақ болып жатамыз. Плюрализм дұрыс-ақ, бірақ қоғамда поляризация күшейеді.

Мысалы, қазір «Ердоған Қазақстан президенті Тоқаевты инаугурация барысында алыс отырғызып қойды, Қазақстанға реніші бар» дегендей екі-үш жазбаны байқап қалдым. Менің ойымша, Түркияның бізге ренжитіндей ретін көріп тұрғаным жоқ. Қазіргі түрік басшысы өзінің сыртқы саясаттағы бір басым бағыты етіп алған «түркілер интеграциясы» идеясының басым көпшілігін Қазақстан ұсынған еді заманында.

Бір ғана жайтқа ренжуі мүмкін, ол – Солтүстік Кипр Түрік республикасын біз тәуелсіз ел деп мойындамай қойдық және Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше болуына қарсы шығып, кіргізбей қойдық. Қалған Орталық Азия елдері Ердоғанға ләббай деп келісті. Бұл елді БҰҰ, Еуропа мойындамайды.

Былтыр Самарқанда болған саммитте Қазақстан бірден «Бұл БҰҰ жарғысына қарсы» деп ашық айтты. Себебі Түрік Кипр елін мойындасақ, ЛХР мен ДХР сепаратистерін, Қырымды Ресейдікі деп мойындауымызға тура келеді. Ол өзіміз үшін қауіпті. Территориялдық тұтастығымызға да қауіп төндірер жайт болар еді. Кеше ғана солтүстікте сепаратистер шыққанын көрдіңіздер.

Сондықтан бауырмалдық, түркілік идеясы бір бөлек, ал Қазақстанның ұлттық мүддесі әрдайым бөлек. Президент оны Самарқанда қорғады. Оған қоса, соңғы уақытта Әзербайжан мен Өзбекстан Ердоғанның айтқанынан шықпай қалды деген пікірлер де бар. Әлиев түсінікті, Қарабақ соғысында көп көмек алды. Өткенде Ердоғанның берген көлігіне дейін мақтанышпен видео түсірді. Ал Мирзиеев Түркиядан қолдау іздеп жүр, елінің жағдайы аса бір жақсы емес. Қанша газы болса да, елі қыста суықтан қатты қиналды.

Ал Қазақстан ешқашан Түркияға олай інілік жасаған емес. Экс-президент те, қазіргі президент те. Сондықтан Черчиль «У Великобритании нет вечных друзей и вечных врагов, у Великобритании есть вечные интересы» деп айтқандай, Қазақстан тек ұлттық мүддесін жоғары қоятыны анық… Қоюы тиіс.

Асхат  ҚАСЕНҒАЛИ,

саясаттанушы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: