Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан Таяу Шығысқа әскер жібере ме? СІМ түсініктеме берді

05.03.2026, 17:05 57

Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен медиада Қазақстан Таяу Шығысқа әскери контингент жіберуі мүмкін деген ақпараттар талқыланып жатыр. Осы мәселеге байланысты Сыртқы істер министрлігі ресми түсініктеме берді.

Астанада өткен баспасөз мәслихатында ведомствоның ресми өкілі Ерлан Жетібаев Қазақстанның халықаралық бастамаларға қатысуы елдің сыртқы саясаттағы стратегиялық бағытына сәйкес келетінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қосылуы ұлттық мүдделермен толық үйлеседі және халықаралық қауіпсіздік пен көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. 

— «Мемлекет басшысы бұл бастаманы нақты әрі жедел нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған өзекті қадам ретінде бағалады. Президентіміз атап өткендей, бейбітшілік мазмұнсыз декларациялар арқылы емес, нақты іс-қимылдар арқылы орнығуы тиіс. Қаржыландыру мәселесіне келсек, Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне ешқандай қаржылық жарнасыз қосылды. Жарғыда көрсетілген 1 млрд АҚШ доллары көлеміндегі ерікті жарна – мүшелік шарты болып табылмайды, бұл әрбір қатысушының дербес құқығы», — деді Ерлан Жетібаев.

Министрлік өкілі ақпарат кеңістігінде әскери контингент жіберу мәселесі жиі айтылып жатқанын, алайда мұндай мәліметтерге қатысты тек ресми дереккөздерге сүйену қажеттігін атап өтті.

— «Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға дайын екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, далалық госпиталі бар медициналық бөлімшелерді, сондай-ақ азаматтық әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Яғни операцияның тек гуманитарлық құрамдас бөлігі туралы айтылып отыр. Жолдау туралы шешім қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң қабылданады», — деді ол.

Сонымен қатар Қазақстан гуманитарлық қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, азық-түлік көмегін жеткізу, палестиналық студенттерге Қазақстан жоғары оқу орындарында білім алу үшін бес жылға арналған 500 білім грантын бөлу, сондай-ақ электронды үкімет саласындағы тәжірибемен бөлісу мүмкіндігі қарастырылып отыр. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысқан болатын.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: