Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекет құруға немесе құрамына кіруге ниетті емес – Руслан Желдібай

26.05.2023, 12:08 254

HALYQLINE.KZ

Қазақстан қоғамында елдің ЕАЭО-мен қатынасы қызу талқыланып жатқан шақта (26 мамырда – ред.) президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай «Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекет құруға немесе құрамына кіруге ниетті емес» деп мәлімдеді.

«ЕАЭО аясындағы интеграция экономикалық сипатта ғана жүруі керек. Бұл – Президенттің негізгі ұстанымы. Оның шеңберінен шығу ұйымның жарғылық құжаттарының мақсаттарына, принциптері мен міндеттеріне қайшы келеді» деп жазды президенттің баспасөз хатшысы.

Желдібай экономикалық интеграцияның «халық үшін маңызын» атап өтіп, «ЕАЭО-ның екі мүшесі – Ресей мен Беларусь өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейіне шықты» деп президент Тоқаевтың Мәскеуде айтқан сөзін қайталаған.

«Осы ретте мүлде басқа мақсаттарды көздеген екі түрлі интеграциялық жоба шеңберіндегі бастамалардың ара-жігін ажырату аса маңызды. Біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ» деді Желдібай.

«Біз ескеруге тиіс концептуал шындық немесе ерекшелік бар. Бұл – Еуразия экономика одағы аясындағы Ресей мен Беларусь одағы. Яғни әлемдік саясат тарихында бірегей құбылыс пайда болды – саяси, заңнамалық, әскери, экономикалық, валюталық, мәдени, гуманитарлық кеңістігі бір, біртұтас одақ үкіметі мен біртұтас одақ парламенті бар «Екі ел – бір мемлекет» формуласы бойынша мемлекет құрылды. Кешіріңіз, тіпті қазір екеуінің ядролық қаруы да ортақ» деген еді Тоқаев.

Оның сөзі желіде қызу талқыланған. Кей сарапшылар Қазақстан ЕАЭО-дағы «әріптестіктен» ұтылып жатса да, одан бас тартпай отыр деп сынаған. Саясаттанушы Досым Сатпаевтың ойынша, президент Тоқаев бұл сөзімен ұлттық мүддені көрсеткісі келмеді, керісінше, екі ел одағын ескеріп, экономикада жаңа ойын ережесін құруды ұсынды.

– Тоқаевтың сөзі жартылай аяғы ауыр сияқты болды. Бір нәрсе туатындай көрінді, бірақ екі қадам жасамас бұрын, Еуразия экономикалық одағы аясында жұмыс істейміз деп айтып алды. Алайда бізге жаңа ойын ережесін анықтау керек дегендей. Яғни Ресей мен Беларусьте экономикалық кеңістік бір, кеден де, салық та ортақ. Енді бұл одақта қалай көрінуі керек? Егер ойыншы пайда болса, онда одақтағы басқа елдерге аз үлес тиеді. Мысалы, Ресей онсыз да кедендік баждың көп бөлігін алып келді. Ресей мен Беларусь біріксе, одан да көп пайда табады. Яғни мұнда мәселе тек экономикалық сипатта болды, – деді Досым Сәтпаев.

Ал саясаттанушы Асхат Қасенғали басқаша реакция білдірді.

Ол сөз арасында (президент – авт.) ЕАЭС ішінде екі интеграция болып жатқанын айтты. Бірінші, Ресей мен Беларусь арасындағы интеграция. Ол тек экономика емес, саяси, әскери, мәдени, ғылыми тұрғыдан да жүруде. Тіпті ортақ ядролық қаруы бар дейді. Бұл әлгі 1997 жылы Ресей мен Беларусь бірлесе жасаған “Одақтас мемлекет”.

Екінші интеграция Қазақстан, Қырғызстан, Армения қатысып жатқан интеграция. Міне, президент осы екі интеграцияны анықтап алу керектігін айтты. Яғни осы жиында аталмыш екі интеграцияның аражігін ажыратып, шешу керектігін меңзейді. Бұл қаншалықты маңызды және бұл мәселе ме? Әрине маңызды. Себебі, Ресей мен Беларусь арасындағы өзара интеграцияның мақсаты екі мемлекетті бір елге айналдыруға бағытталған. Ортақ парламент, ортақ қорғаныс саласы дегендей. Бірақ соңғы уақытта дәл сол интеграцияны Лукашенко ЕАЭС ішіндегі іспетті айтып жүр, сол арқылы ЕАЭС-ті экономикалық сипаттан саяси сипатқа жылжыта түспек сияқты. Бұл Лукашенко сөзімен айтылса да, негізі Мәскеудің түпкі ойы ғой. Сондықтан оған жол беруге болмайды, мәселе ретінде қарастырып, айту керек. ЕАЭС біз үшін тиімсіз ұйым. Ерте ме, кеш пе бұл ұйымнан шығу керек. Бірақ оған дейін ұйым тек қана экономикалық бағытта қалып, саясиланбауы маңызды. Президент айтқандай, 2015 жылғы келісімде көрсетілгендей, ұйымдағы интеграция тек экономикалық бағытта болғаны дұрыс. Шығып кеткенше немесе геосаяси жағдайға байланысты өздігінен тарап кеткенше.

Армения, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан Мәскеу жетекшілік ететін Еуразия экономика одағына мүше. Одаққа мүше елдер өзара тауар еркіндігіне келіскен. Ресей іс жүзінде ЕАЭО елдерін өз өнімдерін өткізетін нарыққа айналдырған. Қырғызстан ЕАЭО ішкі нарығындағы кедергілер жөнінде жиі айтып келеді.

Сарқасқа

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: