Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан Өзбекстанға наразылық нотасын жолдайды

05.05.2020, 9:38 356 0

HALYQLINE.KZ –| Еліміз бұзылған су қоймасына қатысты Өзбекстанға наразылық нотасын дайындап жатыр, – деп хабарлайды inbusiness.kz арнасы.

Бұл туралы Атамекен бизнес арнасына сұхбат берген Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов мәлімдеді. Вице-министрдің сөзіне сенсек, ала шапанды ағайындар алып бөгеттің құрылысын қазақстандық тараппен ақылдаспастан бастап кеткен. Ал трансшекаралық нысандардың барлығы халықаралық ережеге сай, іргелес жатқан елмен келіссөз жүргізу негізінде салынуы керек. Осылайша, Өзбекстан тарапы Біріккен ұлттар ұйымының конвенциясын өрескел бұзған. Екі елге ортақ есеппен айтсақ, 276 мың шаршы шақырым аумақты су басқан. Оның 80 мың шаршы шақырымға жуығы Қазақстанға тиесілі.

 – Өзбекстан сыртқы істер министрлігіне нота дайындап жатырмыз. Онда біздің арыз-талабымыз айтылады. Оған біздің толық құқығымыз бар. Келтірілген шығынды толық өтеп беруді және аталған су қоймасын қайтадан салмауды сұраймыз. Себебі бұл нысан барлық халықаралық ережелерге қарсы келеді, – дейді Сергей Громов

Айта кетейік, Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылу салдарын бөгет айналасындағы ауылдар су астында қалған болатын. Ресми мәліметке сүйенсек, апаттан 2 өзбекстандық бала көз жұмыған. Ал апаттан Түркістан облысының бірнеше ауылы зардап шекті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: