Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыда кәсіпкерлер саны артқан

06.02.2020, 17:56 527

Өткен жылы Қазалы ауданында «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін құны 684,2 млн теңгені құрайтын 22 жоба іске асырылып, екінші деңгейлі банк арқылы несиелендірілді. Оның сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы субсидиялау үшін мақұлданды.

Бұл туралы бүгін әкімдік мәжілісінде «2019 жылда кәсіпкерлік бағытында атқарылған жұмыстар және 2020 жылға міндеттер туралы» баяндама жасаған аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақов айтып берді.

Бөлім басшысының айтуынша, ауданда туризмді дамытуға байланысты да бірқатар жұмыстар атқарылады. Мәселен, биыл Әйтеке би кентінен Арал ауданы бағытында 7 шақырымда орналасқан «Қашқан су» учаскесінен «СПК Қызылорда балық» ЖШС 3 гектар жер учаскесін алып, бұл жерге «Бақыт» көпсалалы қызмет көрсету кешенін жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бүгінгі күнге тиісті мекемелерден техникалық шарттар алынуда.

Әкімдік мәжілісінде қаралған келесі мәселе жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда 2019 жылғы мемлекеттік сатып алу жоспарының орындалуы және 2020 жылғы жоспардың бекітілу барысы жайлы болды. Бұл жайында аудандық мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Нұрлан Толыбаев толыққанды айтып берді.

Басқосу мұнан әрі аппарат мәжілісіне жалғасты. Мұнда да екі мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Темірлан Қожаназаров баяндама жасап, 2019 жылдың қорытындысымен барлық деңгейдегі бюджеттер болжамының орындалуы және алдағы жоспарлары туралы таныстырды.

Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ахметулла Аманов мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы атқарылатын жұмыстарды тілге тиек етті.

Баяндамашыларды мұқият тыңдаған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Қазалы ауданында барлық салада алға жылжушылық барын жеткізді.

– Біздің өңір экономикалық дамудың 7 көрсеткіші бойынша үздік 8 облыстың қатарында тұр. Бұл көрсеткіштерде Қазалы ауданының да қомақты үлесі бар. Бұл жөнінде кешегі қорытынды есеп беру жиналысында облыс әкімінің орынбасары Мұрат Самұратұлы да айтты.

Бұл біздің бірлесіп жасаған жұмысымыздың нәтижесі деп есептеймін. Дегенмен, қол жеткізген жетістіктерге және көрсеткіштерге тоқмейілсуге болмайды. Өйткені біздің алдымызды Президентпен жүктелген ауқымды міндеттер тұр. Аймақ басшысы да үлкен жауапкершілік жүктеп, хаттамалық тапсырамалар беріп отыр. Сондықтан, әлі де болса жұмыс қарқынын күшейтуіміз керек, – деген Мұрат Нәлхожаұлы мәжілісті қорытындылады.

Басқосу басталмас бұрын аудан басшысы кадрлық тағайындаулармен таныстырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: