Апта басында ҚР Әділет министрі Қанат Мусин «Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның қызы Дариға Назарбаеваға қатысты тергеу органдарында сұрақ туындаса да, оларды ұстап, қамауға болмайтынын» айтты. Бұған дейін сарапшылар екі жақтың келіспей жатқанын, «саяси сауда» болғанын жазған еді. «Қаңтар оқиғасынан» кейін елде экс-президенттің бірқатар туған-туысы өз еркімен қызметтен кеткен-ді. Арасында уақытша қамауға алынғаны да бар. Сондай-ақ, уақытында оның сенімді серігі саналған тұлғалар мен кадрлар лауазымынан босатылып, жұмыссыз қалды.
«Бұл адамдарды (Н.Назарбаев пен Дариға Назарбаева – ред.) ұстауға және қамауға алуға заңда тыйым салынған, бірақ оларға сұрақ қойып, жауап алуға болады», – дейді министр Қанат Мусин.
Бірақ таяуда қамауға алынған экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалдыға бұл заңның күші жүрмейтін көрінеді.
– Біріншіден, заң отбасы мүшелерін айқындайды. Немере туыстары кірмейді. Екіншіден, қателеспесем, тұңғыш президент туралы заңда президентті (тұңғыш – ред.), онымен бірге тұратын отбасы мүшелерін қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайтындығы айтылған. Яғни, айып тағуға болмайды, – дейді Қанат Мусин.
«Азаттық» тілшісінің «сіз айтқан заң өзгеруі мүмкін бе?» деген сұрағына Қанат Мусин «айта алмаймын, өзгеруі де, өзгермеуі де мүмкін. Әділет министрлігінде ондай жоспар жоқ» деп жауап берген.
Еске салайық, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» конституциялық заң 2000 жылы шілде айында қолданысқа енді. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған бұл заңға 2010, 2014 және 2017 жылы барлығы 11 мәрте өзгеріс енгізілген.
Жыл басында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңға өзгеріс енгізіледі» деген ақпарат шықты. Осыған сәйкес, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесіне өмір бойына төрағалық ету нормасы жойылды.
Қаңтар айында «Хабар» телеарнасына сұхбат берген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сіз бен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арасында қандай да бір келісім немесе уағдаластық болды ма?» деген сұраққа ашық жауап берген еді.
– Саудаға салу деген мәселе ешқашан болған емес. Жеке басының артықшылықтары жайлы да әңгіме қозғалған жоқ. Тек Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы мәртебесіне қатысты мәселені шұғыл шешу жөнінде әңгіме болды. Жасыратыны жоқ, жағдай ушығып кеткендіктен, мен халыққа үндеу жасап, осы сәттен бастап Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы екенімді мәлімдейтінім туралы мәселе көтердім. Бұл – сол сәтте шешілген мәселе, – деген еді президент.
Сонымен, экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды 13 наурыз күні лауазымын асыра пайдаланды және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын ірі көлемде ұрлады деген күдікпен қамауға алынған болатын. 15 наурызда ол сот санкциясымен 2 айға қамалды. Қазір Қайрат Сатыбалдыұлының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Демек, министрдің сөзіне сеніп «қамауға алынбайтын қазақстандықтардың тізіміне -1 адам» деп жаза беруге әбден болатын секілді.
Ш.ШАТҚАЛ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!