Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Қызыл крест комитетінің президенті Мирьяна Споляричпен кездесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Кездесу барысында Президент ұйымның бейтарап мандат негізінде әрекет ететін ерекше мәртебесіне тоқталып, гуманитарлық көмекті саясиландыруға жол бермеу керектігін атап өтті.
– Халықаралық Қызыл крест комитеті дүние жүзіндегі гуманитарлық ынтымақтастық жүйесінде аса маңызды рөл атқарады. Халықаралық құқық нормаларын нығайтуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Сіз басқаратын Ұйым мен басқа да халықаралық беделді құрылымдар баршаға ортақ адамзат құндылықтарын насихаттауға елеулі үлес қосып келеді. Әсіресе, бұл іс адамдар көмекке мұқтаж аймақтарда өте маңызды, – деді Президент.
Кездесуде Қазақстанның халықаралық гуманитарлық құқықты қолдау бағытындағы бастамаларына да назар аударылды. Атап айтқанда, еліміз гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі жаһандық бастама көтерген алты мемлекеттің бірі екені айтылды.
Сондай-ақ тараптар жыл соңына қарай Иорданияда өтетін соғыс кезіндегі адамгершілік мәселелеріне арналған жоғары деңгейдегі конференцияға дайындық барысын талқылады.
Өз кезегінде Мирьяна Сполярич Қазақстанның Халықаралық Қызыл крест комитетінің қызметіне қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтіп, елімізге алғысын білдірді.
– Мемлекеттердің қолдауы өте маңызды. Сіз мұны орынды атап өттіңіз. Женева конвенциясына барша ел қатысады. Алайда бұл құжаттың ықпалы аталған нормаларды мемлекеттердің қаншалықты қорғап, қолдауға әзірлігіне байланысты, – деді ХҚКК басшысы.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мирьяна Сполярич халықаралық гуманитарлық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, Қазақстан мен Халықаралық Қызыл крест комитеті арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.
Фото: Ақорда
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!